Жуырда қазақтың көрнекті ақыны, жазушы Қадыр Мырзалиевтың туғанына 90 жыл толуына орай Тұрғызба ауылындағы М.Әуезов атындағы №4 мектеп кітапханасында «Ұлы тұлға – Қадыр» атты поэзия кеші өтті. Балаларды қара өлеңге қызықтырып, қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын насихаттауды көздеген шараға 4-10 сынып оқушылары мен кітапханашылар қатысты.
Білім ордасының оқырмандары үшін ұйымдастырылған шарада өмірінің соңына дейін қолынан қаламы түспеген белгілі ақын, жазушы, аудармашы Қадыр Мырзалиевтың туындыларынан кітап көрмесі ұйымдастырылып, «Оқы, талқыла, суретте» атты квилт тақта қойылды. Онда ақынның өмірбаяны, өлеңдері, фотосуреттері мен бір топ естелігі ілінді. Шара барысында кітапсүйер жастар ақын өлеңдерін нақышына келтіре оқып, жыр сүйер қауымның қошеметіне бөленді. Атап айтсақ, туған жер, ауыл, Отан, табиғат туралы шығармаларын QR-код арқылы тың әдіспен оқыса, естеліктері бейнетақта арқылы жетіп жатты.
Кеш соңында кітапханашы Т.Бисенғалиева мен Ж.Хамзина жас оқырмандарға қаламгердің кейінгі жылдары жаңадан басылып шыққан «Күміс қоңырау», «Жазмыш», «Иірім» сияқты жинағы мен «Балдырған», «Бала би» журналындағы өлеңдерін оқуды ұсынды. Шара қаламгердің сөзіне жазылған «Өз елім» әнімен аяқталды. Ғаламтордың құдіреті озып тұрғанда, жасөспірімдердің кітап оқуы, оның ішінде қара өлең мен қанатты әңгімелерге қызығуы әсте қиын. Десе де, аудандағы білім ордаларында өтетін мұндай шаралар телефонға тәуелділіктің алдын алып, балалардың бір сәтке рухани дамуына жол ашады. Бұл тұста мектеп оқушыларының қызығушылығы үшін барын салып, руханият ордасына цифрлық жүйе енгізетін кітапханашылардың еңбегі зор.
Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ