Қабекеңнің қазынасы

Қаладағы «Кең Жылыой» мәдениет үйінде Қабиболла Сыдиықұлының туғанына 90 жыл толуына орай «Киесі едің даламның» атты облыстық көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы өтті. Күллі қазақ даласына аты әйгілі Қабекеңнің жырлары мен оның ел алдындағы сіңірген еңбегіне, рухына бағышталған арнаулар Жылыой сахнасының төрінде оқылды. Әуезді ән мен әсерлі жырға толы сайыстың әсері көрерменін елітіп, рухани әсерге бөледі.

1934 жылы Қарақұмда дүние есігін ашқан Қабиболла Сыдиықов алты алашқа әйгілі ақын, қарымды қаламгер, маңғаз Маңғыстаудан бастап мұқым қазақтың ауыз әдебиетін зерттеп, қағаз бетіне түсірген ғұлама ғалым. Ұлағатты ұстаз ретінде де қалдырған үлгі-өнегесі ұшан теңіз. Тек Жылыойға ғана емес, жалпы қазаққа ақтық демі қалғанша қызмет қылып өткен дара тұлға. Қабекеңнің өлеңі құлсарылықтардың, күллі еңбегі жылыойлықтардың аузынан түспеуі тиіс. Соның бір көрінісі – Қабекеңнің қазынасын паш еткен облыстық көркемсөз оқу шеберлері байқауы.

Жалпы сайыс екі кезеңнен тұрды. Алғашқыда қатысушылар Қабиболла Сыдиықұлының өлеңін оқыса, келесі кезеңде Қабекеңе арналған арнауларды көрерменге нақышына келтіре орындады. Сөз сайысына облыстан бес, ауданнан төрт үміткер қатысып бақ сынап, жүлдені сарапқа салды.

Алғашқы кезеңде Қабиболла Сыдиықовтың «Менің елім», «Қайыптың арманы», «Арам тамақ ащы терін төкпейді», «Сөнбесін армандар», «Атырау» сынды өлеңдері оқылса, келесі кезеңде Өтеген Оралбаев, Дәулет Мәдиев, Шалқарбай Ізбасаров, Аманқос Ершуов сынды ақындардың арнау жырларын тебірентті. Жылыойлық ақын Нұрлыбек Амандықов жүректен шыққан өзінің төл туындысын ұсынды. Қос кезеңнің қорытындысымен бас жүлдені Махамбет ауданынан келген Берік Әбілдай қанжығасына байлады. Бірінші, екінші орындарды жылыойлық Нұрлыбек Амандықов пен Ерназ Жаңбырбай жеңіп алды. Ал жылыойлық Гүлмира Сәліш пен құрманғазылық Гүлбақыт Ермұратова үздік үштікті түйіндеді. Көрермен көзайымына айналған қатысушылар да болды. Атырау қаласынан қатысқан Алқа Сембаева мен құлсарылық Ерназ Ахметкәрімов аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімі басшысының арнайы жүлдесіне ие болды. Қабекеңнің аты да, жыры да, ғылыми еңбектері де биылғыдай мерейлі жасында ғана емес, жыл сайын Жылыой жерінде жаңғырып тұруы керек. Сондықтан мұндай шаралар жалғасын тауып, дәстүрлі түрде республикалық деңгейде ұйымдастырылса, нұр үстіне нұр болар еді.

Өз тілшімізден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT