Көктемгі найзағайлар

Бар саналы ғибратты ғұмырын «Кең Жылой» («Ембі») газетіне арнаған ақын-журналист Тементай Әділханов тірі болса, биылғы наурыз айының 15-і күні 70 жастың жотасына шығар еді. Біз әріптес ағамызды сағынышпен еске алып, төменде «Көктемгі найзағайдай» жарқылдаған жырларын оқырмандар назарына ұсынуды жөн көрдік.

Редакция

Мен досыма наз айтам

Көптен бері мазалаған жанымды,

Сағынышым жыр боп саған ағылды.

Таба алдық па армандаған, досым-ау,

Өмірдегі орнымызды кәдімгі.

 

Армандаушы ек сапарлардың алысын,

Мен өзіңе ақтарайын тағы шын.

Қуандырды аналарды қаншама,

Еңбектегі ең алғашқы табысың.

 

Олар қалай бір аунамай жатады,

Мұнайшы еді әкеміздің атағы.

Содан ба екен қалды бізге арман боп,

Мұнараға түскен күннің шапағы.

 

Күндіз-түні алмаса да дамыл көп,

Жасынан қайратты да сабырлы ед.

Содан ба екен жүргеніміз, досым-ау,

Мұнайшылық әке жолын қадірлеп.

 

Албырт шақтар өтіп жатыр жыл басып,

Уақыт та жоқ кезігуге сырласып.

Ойын емес бұл күндері ойымды,

Ертеңгі күн салмақтары жүр басып.

 

Қымбатым

Жүрем дедің оқуға поезбенен сен ертең,

Шығаруға вокзалға бардым сонда мен, еркем.

Неге мұнша алысқа сен ертерек асықтың,

Қоштасуы қиын ғой қос жүректі ғашықтың.

 

Ғашық әні - ұзақ ән, оны ешкім тыймасын,

Қиын екен бірақ та қош деп тұрса қимасың.

Ал уақыт елемей асығады не біліп,

Күн қарайды төбеден, алтын сәуле төгіліп.

 

Алқынады жүректер тар кеудеге сыя алмай,

Тұрмын сені перронда алыс жолға қия алмай.

Кетеріңе жүрегім сенбейтұғын секілді,

«Қош» десем бұл Қымбатым келмейтұғын секілді.

 

Вагон әні, қозғалып жайлап жылжып барады,

Көз алдымда Қымбаттың жалт-жұлт еткен жанары.

Өкінемін мен өзім жібердім деп неге онда,

Жалғыз тұрмын ал, міне, ессіз қалған перронда.

 

Менің ойым сан бөлек, оның сырын ұға алман,

Қиын екен өмірде ғашығыңды шығарған.

Жүрегімнен өшпестей әлі күнге тұр әлі,

Осы екен ғой өмірде махаббаттың сынағы.

 

Ойнақтаған елік ең

Табиғат жаратқан соң қыз аты ғып,

Барады жат жұрттыққа ұзатылып.

Әкенің ойнақтаған елігі еді,

Ананың ақ жүрегін сыза тіліп,

Барады жат жұрттыққа ұзатылып.

 

Қазанның таласатын қаспағына-ау,

Шынымен балалықты тастадың-ау.

Бойжетіп өскеніңді білмеді ешкім,

Келіпсің ұзатылар жасқа мынау.

 

Көктемгі найзағайлар

Найзағай ойнап аспан-әлем,

Нөсерін қанша төгеді келіп.

Бүршік атқан жас талымен,

Тереземе көктем төнеді келіп.

 

Тағы да көктем, сағына күткен,

Аулама бүгін жайнайды келіп.

Келді құстар бағына біткен,

Әндерін тағы сайрайды келіп.

 

Тағы да көктем, тағы да гүлдер,

Даламда дархан жайқалады.

Сондайда, шіркін, жарына кімдер,

Өлең қылып сырын айта алады.

 

Тағы да көктем, тағы да құстар,

Аққулар өтер төбемде менің.

Ой-хой, көктем, жаныма құштар,

Жазылмай жүрген өлең бе едің?

 

Тағы да көктем, тағы да жырлар,

Соңына түсіп келемін сенің.

Жылдар бойы сағына жырлар,

Ақының болсам деп едім сенің.

Х Х Х

Биік едім бір кісідей еңселі,

Неге, сірә, тәтті ойларға жүзбеймін?!

Алыс кетсем сағынумен мен сені,

Қызғалдақты қырқалардан іздеймін.

 

Биыл көктем ерте келді ерекше,

Бақшаларда бәйшешектер гүл атып.

Лала гүлдер қаптап кетті керексе,

Қараймын ғой сұлулыққа құмартып.

 

Сені ойлап ойға кеттім әлгі де,

Махаббатқа мың өртеніп, жаныппын.

Біле білсең мен өзіңнің мәңгіге,

Жүрегіңе тұтқын болып қалыппын.

 

Қыз күлкісі

Ей, жігіттер қызықпыз-ау, сірә, біз,

Бұл қыздарға жаздық қанша жыр-аңыз.

Қатал болып көрінейік десек те,

Қыз күлгенде біз де күліп тұрамыз.

 

Қыз күлгенде мәз боламыз қаншама,

Қосыламыз олар айтса ән сала.

Бірақ, бірақ ақтармаймыз жасқанып,

Жүрек мынау мың өртеніп жанса да.

 

Көңіл деген сондайда тасып тұрып,

Айта алмайсың сырыңды ашып тұрып.

Қыздар күле өткенге мәз боласың,

Сырттай оған өзіңді ғашық қылып.

 

Айта алмайсың, әйтеуір, сыр ұқтырып,

Қыздар, қыздар сөйлесе күліп тұрып.

Сол күлкілер жаныңды жадыратып,

Жібереді бәрін де ұмыттырып.

 

Сыныптас қыздарға

Лала гүлдей құлпырған,

Сұлу еңдер үмітті.

Сендерге қарай ұмтылған,

Жақтырмаушы едік жігітті.

 

Жүрдік сырттай күй арнап,

Жүректе жетпей батылдық.

Сендерді түнде қиялдап,

Ұйқысыз таңдар атырдық.

 

Он үш гүлді өзінше,

Он үш жігіт «мендік» деп.

Жат адамдар көзінше,

Қорғай білу «ерлік» деп.

 

Он үш гүл бір бақтағы,

Оған, сірә, жетер ме ой.

Сол балалық шақтағы,

Бәрі қызық екен ғой.

 

Сырттай қарап сендерді,

Жүргенменен бағып біз.

Бір бақтағы гүлдерді,

Біз жоғалтып алыппыз.

COVID 19

covid

Тәуелсіздікке 30 жыл

tuelszdkke-30-zhyl