Көңіл құлазытатын көше жарнамалары

Бүгінгі таңда көшедегі көрнекі құралдардағы тіл заңдылығының сақталуы ең өзекті мәселеге айналды.

«Мемлекеттік тіл – қазақ тілі»  деп еліміздің Ата Заңымызда айқындалып, мемлекеттік тіл Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» заңымен қорғалса да, ана тіліміздің көшеде де көсегесі көгермей-ақ қойды. Аудан орталығында орналасқан кәсіпкерлік нысандарының маңдайша жазулары мен көрнекі ақпарат құралдарында әлі де болса кездесіп жататын қателіктер – соның айғағы.

Әсіресе жекеменшік нысандардың атауы мен сыртқы жарнамалары орысшадан қазақ тіліне сөзбе-сөз, ерсі, шала-шарпы аударылады. Соның кесірінен қазақшасының мағынасы өзгеріп, сөздер қалай болса, солай тіркесіп, грамматикалық қателер өріп жүреді. Кейбірі қазақ әріптерін мүлдем қолданбайды. Яғни, заң талабына сай жазылмайды.

Құрылыс, көше, ғимарат, тауар, сауда-саттық орындары, ойын-сауық орталықтары, дүкендер мен супермаркеттер және басқа да көптеген нысан атаулары, жарнама мәтінінің сауатты жазылуы мен эстетикалық безендірілуі, көрнекі ақпараттар – қала көркінің басты көрсеткіші. Қала көшелеріндегі жарнама­лар мен маңдайша жазуларын, ақпараттық хабарламаларды заң талабына сәйкес қалпына келтіру мәселесі бұрын да талай рет көтеріліп, газет бетінде жарияланды. Айталық Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» заңының 21-бабында: «Бланкілер, маңдайшалар, хабарландырулар, прейскуранттар, баға көрсеткіштері, басқа да көрнекі ақпарат мемлекеттік тілде және орыс тілінде жазылады, ал қажет болған жағдайда басқа тілдерде жазылады» - деп атап көрсетілген. Десек те, бірқатар коммерциялық құрылымның қожайындары маңдайша мен жарнама жазуларын, ең алдымен, шет тілінде, содан кейін ғана мемлекеттік тілде жазатынын қайтерсің?! Керек десеңіз, кейбір кәсіпкерлер маңдайшаны қазақ тілінде жазуды мүлдем ұмыт қалдырады. «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады» дегендей, өкінішке орай өз ана тілімізге өз қандастарымыздың бұлайша жанының ашымайтыны ашындыратын ақиқатқа айналды. Мысалы, қаладағы базарлар мен сауда-саттық орындарындағы «FOR MEN», «Black men's», «ZHEKAS DONER», «BURGER», «ISE CREM»,«COSMETIC», «DOSTYK», «DEVICE» сияқты ағылшын тілінде жазылған маңдайшалар – соның нақты дәлелі.

Көрнекі ақпараттар мен сыртқы жарнамалардың «Тіл туралы» және «Жарнама туралы» заң талаптарына сай ресімделуі мен орналасуын түсіндіру-насихаттау мақсатында ай сайын зерделеу жұмыстары жүргізіледі. Бірақ, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің мамандарының «Маңдайша жазуы қате, алдымен, қазақ тілінде сол жағында, орыс тіліндегі жазу оң жағында болуы керек» деген талабымызға жеке кәсіпкерлердің арасында «Бұл маңдайшадағы жазу - БРЕНД» деп жауап беретіндер кездеседі. Бұл ретте «Бренд» сөзінің мағынасына тоқталсақ, ол ағылшын тілінен енген сөз. Бренд (ағылш. brand, [brænd]) — әлемге әйгілі шығарған жоғары сапалы және танымал сауда өндіріп шығарушының өнімдерінің белгісі, фабрикалық таңба.   Ал, жеке кәсіпкер болса, өздері сататын тауарын «БРЕНД» ретінде санап, сонысын дәлелдеуге тырысады.

Айта берсек, аудан аумағында жарнама және көрнекі ақпарат саласында орын алған келеңсіздіктер аз емес. Бір сөзбен, қазақ тілінің қаладағы өз көшелерімізде көзі шығып, басы жарылып жатса да қиналып жүрген ешкім жоқ. Жарнама беруші сататын затына мән береді де, сол жарнаманың тіліне бас қатырмайды. Содан келіп тіліміз шұбарланып, аудармасын өзіміз де түсінбей, күлкіге қалып жатқан жайымыз бар. Сондықтан көпшілік бас сұғатын, жұрт назар баса аударатын қала көшелері мен базар, сауда орталығындағы жарнамалық жазудың өз жеріміздің «Тіл туралы» заңының да, орфографиялық заңдылығына да сай болғаны жөн. Оның үстіне ол қоғамдық қызмет көрсету орнына қойылар атау болса, онда жауапкершілік жүгі арта түсетінін естен шығармағанымыз абзал.

Үміт Кенжина,

аудандық мәдениет, тілдерді дамыту,

дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT