Испанияны мойындатқан жылыойлық мүсінші

Ол орта мектепті бітірген соң Алматы қаласына арман қуып аттанады

Жерлесіміз, талантты мүсінші Серік Мәтениязов Испанияда өткен «Усы Дали» халықаралық суретшілер конкурсында 3-дәрежелі дипломмен марапатталды. Бұл тек Серік үшін ғана емес, барша жылыойлықтар үшін мақтаныш. Ол – ауданымыздан шыққан тұңғыш кәсіби мүсінші. Оның сомдаған тамаша туындылары облысымыздың әр өңірінде тұр. 30-ға жуық монументальді-декоративті мүсіндердің авторы. Талай республикалық байқау көрмелердің жеңімпазы. «Ақ ерке - Ақ Жайық» фестивалінің Гран-при иегері. Қазақстан Республикасы Суретшілер және дизайнерлер одақтарының мүшесі.

Испанияда өткен «Усы Дали» атты халықаралық суретшілер конкурсында ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталған жылыойлық Серік Мәтениязов есімі биыл «Таңдаулы адамдар» халықаралық энциклопедиясына енгізілді. Тектілік пен таланттың тұқым қуалайтыны бар. Әкесі Қамидолла темірден түйін түйген хас шебер болған екен. Анасы да қара жаяу емес, киіз басып, өрмек тоқыған саусағы майысқан ісмер болған. Бір қызығы, анасы сақина соғудың да қыр-сырын тәуір меңгерген зергер екен.

«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дегендей, екі өнерлі ата-ананы көріп өскен Серіктің өнерді таңдауы кездейсоқ емес. Кішкентайынан саз бен бордан аңдар мен жануарлардың мүсінін қашап жасауға әуестенеді… Орта мектепті бітірген соң Алматы қаласына арман қуып аттанады. Н.В.Гоголь атындағы көркемсурет училищесінің мүсін бөліміне оқуға түсіп, дипломын алып шығады. Алайда мүсіншіліктің қыр-сырын толық меңгеріп, талантын ұштау үшін 1990 жылы Т. Жүргенов атындағы Алматы мемлекеттік театр-көркемсурет институтына түседі. Монументальді-декоративті мүсін бөлімінде мүсін өнерінің атақты шебері, ғалым ұстазы Хакімжан Наурызбаевтан дәріс алады. Талаптың тұлпарын мінген жасқа осындай хас таланттың жолығуы да бір бақыт еді. Тағы бір ұстазы мүсінші әрі суретші Төлеген Досмағамбетовтен шеберлігін шыңдай түсті. Институтта оқып жүргенде-ақ студенттер көрмесіне қатысып, «Жігер» жастардың шығармашылық XV республикалық фестиваліне қатысқан.

Ізденіс, үйрену мектебі мұнымен де шектелмейді. Белоруссияның Колядичи қаласында қоладан мүсін құю цехында тәжірибеден өтеді. Дипломдық жұмысына «Жас Құрманғазының образы» атты мүсінді таңдап, үздік қорғап шығады. Талантты жастың ірі қалаларда қалып, шығармашылық ортада жүруіне де болатын еді. Алайда ол туған жеріне оралды. Бұдан соң қиямет-қайым бола тұра иесіне зор рухани күш пен шабыт беретін өнер жолы басталды. Оның қиялынан «Абайдың бейнесі», «Қайғылы ана», «Ұйқыда», «Күрес», «Бүркітші» атты туындылары бірінен соң бірі дүниеге келді.

Жас мүсінші шеберханасында батыр Исатай Тайманов, күй атасы Құрманғазы, ұлы ақын Абай, Кеңес Одағының Батырлары Қайырғали Смағұлов пен Мұса Баймұхановтың, ақындар Хамит Ерғалиев, Жұмекен Нәжімеденов пен Меңдекеш Сатыбалдиевтың мүсінбейнелерін сомдады. Бұл дегеніңіз тұтас бір галерея. Алайда сол ұлылардың бейнесін өзгелерден өзгеше етіп беруге тырысты. Тынымсыз іздену жалғаса берді. Өзіндік стилі қалыптаса бастады. Сөйтіп қайталанбас қолтаңбасын білдіретін мүсіндер пайда болды. Олар...

ҚАЛА ҚАҚПАСЫНАН ЖОЛАУШЫЛАРДЫ КҮТІП АЛАТЫН КЕЙУАНА

Ер елі үшін есте қалар ерлік жасау үшін жаратылады емес пе?! Алайда тек найза және қалқанмен ғана емес, қылқалам және мүсіншінің қалағымен де ел үшін ерлік жасауға болады. Жылойға келген әр жолаушыны алдымен алыстан жаулығы ағараңдаған, қолына тостағанға құйған сусын ұстаған алып ана мүсіні қарсы алады. Бұл мүсін - биіктігі жағынан Қазақстандағы санаулы мүсіндердің бірі. Алыстан арып-ашып келген қонағын қазақ осылай ағарған сусын беріп, төрге шығарып қарсы алған. Аты болдырып, қаталап келген жолаушы алдымен сусынын қандырып демалсын деген. Осы қазақы менталитет, биік ұғым мүсіншінің қиялынан шығып, жансыз тасқа жан бітіріп, терең философиялық шешім боп өрілген. Биік мүсін туған жеріміздің символына айналды. Қонақжай Жылой жеріне кімдер келіп, кетпеді десеңізші! Басқаны былай қойғанда, жеріміздегі Теңіз кенішіне қарақұрым боп әлемнің төрт бұрышынан ағылған шетелдіктер де аз емес. Кеңпейіл Кең Жылой халқы солардың бәрін құшақ жая қарсы алған. Қала қақпасының кіреберісіндегі алып ана бейнесі - мүсіншінің еліміздегі бірде-бір өнер туындысына ұқсамайтын, өзгеше мәнердегі төл туындыларының бірі.

«АЛТЫН АДАМ»

Аралтөбеден табылған Алтын адам - Қазақстандағы екінші Алтын адам боп табылады. Археолог ғалымдар мен тарихшылар арасында сенсациялық жаңалық болған оқиға. Сармат көсемінің бас сүйегі антропологиялық институтта қалпына келтірілді. Міне, сол туған жерінен табылған Алтын адам Серіктің ойына бір маза бермейтін. Алтын адам археологиялық құнды жәдігер табылған туған жердің нақ төрінде тұрса деп армандағалы қашан?! Бірде эскизге толы қалың альбомын арқалап (бұған дейін де талай әкім-қаралардың табалдырығын тоздырған) бір кездегі аудан әкімі Мақсым Ізбасовтың кабинетіне келеді. Іскер әкім талантты мүсіншіні қолдайды. Сөйтіп Құлсары қаласының қақ ортасынан болашақ мүсін тұратын жер белгіленеді. Бүгінде Алтын адам бүкіл Жылойды қорғап тұрғандай айбарлы да асқақ қалыпта тағында отыр.

АЙНАЛМА ЖОЛ ОРТАСЫНДАҒЫ ҮШ БАТЫР

Өнердің тар жолында не болмайды, «болмасаң да ұқсап бақ» деп қолынан келмесе де қонышынан басып жүрген дәлдүріш мүсіншісымақтар да бар. Олар әліне қарамай, Үкіметтің қыруар қаржысын иемдену үшін шалдыр-шатпақ дүниесін жасап әлек. Сондай бір «мүсін» Құлсары қаласында да өткен-кеткеннің кекесіні мен әжуасына айналып айналма жолдың қақ ортасында тұрған. Негізі сол белгісіз мүсіншінің Өтен-Төремұрат-Нарынбай батырларды сомдамақ ниеті болған, бірақ ниет жетіскенмен, талант кемшін түсіп, батырлар бейнесі «қонжықтарға» көбірек ұқсап кеткені рас. Бұл орашолақ мүсінді белгілі кәсіпкер Мағауия Ақтөрешұлы жұлдыртып тастайды. Ел сүйіктілері - үш батыр бейнесі әркімге мазақ болмасын деген ғой. Ақыры ол жерге нағыз кәсіби талант сомдаған шынайы туынды - үш батырдың еңселі ескерткіші қайтадан қойылды. «Паһ, шіркін, нағыз ел қорғаған аруақты батырлар осындай болу керек-ті. Міне, нағыз хас мүсінші сомдаған дүние!»- десті ел де. Бұл ескерткіштің авторы Серік Мәтениязов еді.

ИСАТАЙ МЕН МАХАМБЕТ БАТЫРЛАР ЕСКЕРТКІШІ

Махамбет ауданында «Ереуіл найза қолға алып, еңку-еңку жер шалған» Махамбет Өтемісұлына, ал Исатай ауданында батыр Исатай Тайманұлына арналған ескерткіштердің авторы да - Серік Мәтениязов. Қос батырдың бірі Кесікқұлағының, ал бірі Ақтабанының үстінде аруағымен жауды қашырып асқақтап-ақ тұр. Атырау қаласындағы біртуар ақын Жұмекен Нәжімеденовке арналған кеудемүсіні де көпшілікті еріксіз тамсандырды.

«Мен осынау мехнаты мен машақаты мол кәсіпті мұрат тұтқаныма еш өкінбеймін. Балам мен бауырым да ізімді қуды. Кіші қызым Айгүл – жоғары білімді дизайнер. Інім Дулат қамшы, торсық, ожау, қасық жасаудың сырын меңгерген халық шебері»-дейді ол.

Серіктің жары Ләззат - суретші. Шымкент педагогикалық институтының көркемсурет бөлімін бітірген, облыстық, республикалық және халықаралық көрмелерге қатысып жүр. Ерлі-зайыпты суретші мен мүсіншінің шеберханасы шабыт пен көркемдік идеяларға толы. Болашақта отбасылық көрме ұйымдастыруды жоспарлайды екен екеуі. Қолы сәл босаса, мүсінші ұлттық қолөнер бұйымдарын жасап, керамикамен айналысады. Таспалап сегіз өрім қамшы өреді. Жалпы туындыларын жасауға металл, тас, керамика, былғары тәрізді алуан материалдарды пайдаланады. Оның шеберханасынан әлі талай көз тартар туындылар өмірге келетіні даусыз. Қалың альбомындағы мүсіндер сұлбасы мен эскиздер де өз кезегін күтуде.

С.ТӘЖІҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521