Графика өнерінің хас шебері еді

Газетіміздің өткен санында суретші А. Бақтығалиевтің «Байқоңыр», «Батыр» атты туындылары жарық көрген еді. Осыған орай кейбір оқырмандарымыз хабарласып, қылқалам иесі туралы кеңірек білгісі келетінін жеткізді.

Иә, есімі осы салада жүрген өнер иелеріне белгілі болғанымен, қалың бұқара арасында жерлесіміз Аманғали Бақтығалиевті біреуінің біліп, біреуінің танымай қалуы заңды құбылыс. Өйткені ол Құлсары қаласының «Қамыскөл деп аталатын байырғы қалашығында туып-өскенімен, Тәңір тарту еткен талантының арқасында «алысқа домалап кеткен алма ағашының жемісі» секілді арман қуып, туған жерден жыраққа кеткен дара дарын иесі еді.

Ол 1945 жылы Жылойда туды. 1972 жылы сол кездегі Н.Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін, кейін 1979 жылы Ленинградтағы Репин атындағы кескіндеме, мүсін және сәулет өнері институтын бітірді. 1981 жылдан КСРО және Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі. Алматы қаласындағы көркемсурет училищесінде мұғалім, директор, Қазақстан Суретшілер одағының басқарма хатшысы ретінде абыройлы қызмет атқарды. 1989 жылы Мексикада өткен Қазақстан мәдениеті мен өнері күндері Аманғали Бақтығалиевтің жеке көрмесі ұйымдастырылды. Осыдан-ақ жерлесіміздің қандай қылқалам шебері болғанын аңғару қиын емес.

- Аман ағамен көркемсурет училищесіне түскеннен кейін таныстым. Оқу орнының белді мұғалімдерінің бірі болды, үнемі емтихан қабылдайтын комиссияны бастап жүретін. Мені сырттай бақылап, ақылын айтып отыратын. Кездескен жерде елдің амандығын сұрап, біраз әңгімелесіп, мауқын басып алатын. Кейін училищенің директоры болды. Мен Алматы мемлекеттік театр және көркемсурет институтында оқып жүргенде ағамыз Қазақстан Суретшілер одағының басқарма хатшылығына көтерілді. 1988 жылы жас суретшілердің "Жігер" фестивалі болды. Үш жұмысыммен мен де қатыстым. Бір күні көшеде Аман ағамен кездесіп қалдым.

- Шығармашылықпен айналысып жүрсің бе?- деді бірден.

- Иә, иә, "Жігер" фестиваліне қатыстым,- дедім.

- Енді фестивальға қатыстым деп маған келіп айтпайсың ба, біздің жақтан адам жоқ, дипломның бәрін анау шымкенттіктер алып кетті,-деп ренішін білдірді.

Хатшы ретінде өз қолымен жазған дипломдардың жерлестеріне бұйырмай кеткеніне өкінгені болар. Ол ылғи елді сағынатын, кездескен жерде әңгіме Жылой жайлы, Құлсары төңірегінде өрбитін. Аман ағамыз кеңестік графика өнерінде ойып тұрып орын алған суретші ретінде танылды. Есімі Қазақстан суретшілері тарихында мәңгі сақталады,-дейді мүсінші Серік Мәтениязов.

Белгілі суретші-график, Қами Айтқалиев жерлесіміз жайлы сағынышпен еске алады:

- Мен Аманмен туысқан болып келемін. 7 сыныпқа дейін орысша оқыды. Сондықтан болар, орталықтан шығатын орыс тіліндегі газеттерден хабардар болып, Москвада сырттай сурет салуды үйрететін Народный университетінде оқыды. Ол кезде мен мектепте 11 класта сурет салып жүретінмін. Бір күні «Қами, сен де сурет саласың ғой, суреттің оқуына барайық!»-деді. Сөйтіп менің суретші болуыма себепші болды. Содан 1965 жылы Алматының Н.В.Гоголь атындағы суретшілер училищесіне оқуға түстік. Кейін үш жыл әскер қатарына кетіп, оқуды 1972 жылы бітірдік. Ол білімін жалғастырып, Ленинградтың Репин атындағы академиясына түсті. Оны бітіргесін суретшілер училищесінде мұғалім, кейін директоры болып көп жыл еңбек етті. Оқу орнының атына Орал Таңсықбаев есімін бергізіп, өзгерткен де осы Аманғали болатын. Республикалық, халықаралық көрмелерге қатысты, Қастеев мұражайында, басқа да республикалық музейлерде еңбектері бар, - деді.

Иә, Жылыойда туып, жер жаһанға аты шыққан жерлесіміз Аманғали Бақтығалиев тірі болса, биыл 80 жасқа толар еді. 75 жасында өмірден өткен өнер иесінің бақилық болғанына да бес жыл болып қалыпты. Ендеше, туған жер топырағынан түлеп ұшып, тума талантымен талайды таң қалдырған тарихи тұлғаның есімін мәңгілік ел есінде қалдыру үшін аудан көлемінде ізгі істерді қолға алсақ, нұр үстіне нұр болар еді.

 

Е.ҚОШАҚАНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT