Естеліктер айтылды сен туралы

Толтырып өткен күннің кем-кетігін,

Болмайды енді досым менде тыным.

Мүмкін ол жайсаң жырдың жарасымы,

Жанымды әлдилейді тербетіп үн.

Жылдар өтер жылыстап білінбестен,

Сан жаңғырар қырқада гүлің өскен.

Көктем көңіл сонда да қартаймайды,

Жыр толғайды кірпігі ілінбестен.

Өлең өлкесіне осылайша отты өлеңдерімен батыл қадам басқан ақтаңгер ақын Аман Жәңкеев есімі қалың оқырманға жақсы мәлім. Құлсарыдағы аудандық балалар кітапханасында ақынның туғанына 70 жыл толуына орай өткен «Жасындай жарқ еткен ғұмыр» атты әдеби-сазды еске алу кеші тума таланттың дауысын сан жүректерге тағы бір мәрте жеткізгендей болды.

Кітапханашы-әдіскер Б.Садықова басқосудың беташарында ақын өмірі мен шығармашылығын кең тұрғыда айта келе мектеп оқушыларына кезек берді. Р.Ақылбекқызы, Е.Нұрасыл, Ә.Көшім, Н.Асқар, Р.Бейбітбай, Г.Мұхаметқали, Ә.Дәулетбаева, Д.Орынбасар, А.Сәрсенғали, А.Ғалымжан сынды шәкірттер ақын өлеңдерін айшықты етіп жатқа айтты.

Алғашқы сөз кезегін алған ҚР Журналистер Одағының мүшесі Е.Жанаев Аманмен мектепте, жоғары оқу орнында қанаттас жүргенін айтып, әсерлі әңгіме өрбітті. Терең тебіреніс үстінде ақынға арналған жыр шумақтарын төгілтті. Ұстаз, сазгер Т.Қартпаев, ҚР Журналистер Одағының мүшесі М.Әминұлы ақын өлеңдеріне жазылған әндерін орындаса, кітапхананың тұрақты оқырманы Я. Лауадина Аман туындысын тебірене оқыды.

Кешке қатысқан ақынның іні – келіні, Қазақстанның Құрметті журналисі Ә.Сисенбердиев және Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Қ.Оңайбайқызы игі іске ұйтқы болған жанашыр жандарға, №5,7,8,15,20 мектеп басшыларына ризашылығын білдірді.

Соңынан Б.Садықова алда да мәдени-бұқаралық бағыттағы шаралар жалғаса беретінін, өмірден өткендер рухына тағзым ету парызы ұмытылмайтынын мәлім етті, қол ұшын беріп, тілеулес болған жандарға алғысын арнады.

Қалайша жарқылдамай басыла алам,

Демесе туған жерім-асыл анам.

Адамдар сезсе болды жылуымды,

Мен де бір күн сәулесі шашыраған,-деп шамырқанып шарықтаған тарлан таланттың мол мұрасы осылай уақыт өткен сайын жарқырап, көкейге нұрын төге бермек.

Б.Лауадинқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

Газет Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлiгiнде 2018 жылы 16 мамыр күні тiркеліп, тіркеу туралы №17099-Г куәлiгi берiлген

Редакция мекенжайы: Құлсары қаласы, Исатай Тайманов көшесі, 4 үй.

Тел: 5-16-83, 5-07-66, 30-51-06, 30-51-05.

Әлеуметтік желілеріміз