Ескірмеген әуендер...

Жарғақ құлағымыз кедір-бұдырсыз есіле жөнелетін фонограммаға да әбден үйренді. Жұрт бұрынғыдай әншінің аузын бағып, өзі айтып жатыр ма, әлде фонограммамен айтып жатыр ма деп аңдуын да қойды.

Өйткені, жанды дауыспен айтуға кез келген жағдайда толық техникалық мүмкіндіктің болмауы да кедергі екенін түсінеді. Бүгінде жанды дауыс пен жанды музыка таңдайыңа сирек тататын жеңсік дәмге айналды. Ал өткен аптада мәдениет үйінде ұйымдастырылған «Ескірмеген әуендер» облыстық вокалды-аспапты ансамблі байқауындағы шырқалған әндер мен шалқыған музыка көпшілікті ностальгияға бөледі. Байқауға қатысушыларға аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің меңгерушісі Нұрбай Сүйембаев сәттілік тіледі.

Байқаудың шымылдығын Атырау қаласынан өнер көрсетуге келген «Қызғалдақ» вокалды-аспапты ансамблі ашты. Сахнадан төгілген жанды музыка мен үн естілгенде тыңдарман ішін тарта тына қалды. Атыраулық әнші Алуа Ихсанова Сейдолла Бәйтерековтың «Өмір-өмір» әнін шалқыта орындап, естіген жанды есті ойға жетеледі. Владимир Кузьминнің «Пристань» әнін әнші Аманжан Хамитов орындады. Ал ансамбль Эрик Джонсонның «Манхэттен» композициясын мың құбылта құйқылжытып, көңілдің көрігін қыздырды.

Облыстық байқауға Атырау қаласынан өзге аудандардан да өнерпаздар қатысып, бақтарын сынаған болатын. Олардың әрқайсысы сонау жерден музыкалық аспаптарын әкеліп, үш-үштен ескі жылдардағы ескірмеген әуендерді көпшілікке ұсынды.

Қызылқоғалық «Мерей» вокалды-аспапты ансамблі солисі Қажығали Мұхамбетқалиұлының «Қайдасың, махаббатым?» әнін әдемі шырқады. Махамбеттік «Сайран» ансамблі әншісі Еламан Гафур, әуелі, итальяндық «Бессаме мучо» әнімен елітіп әкетіп, сосын Александр Зацепиннің қазақ киносының алтын қорындағы «Тақиялы періште» көркем фильміндегі саундтрегі «Мама» әнін орындап, тыңдарманды шуақты естеліктерге шомдырды. «Мақат әуендері» вокалды-аспапты ансамблі «Қарақұм» әнімен жұртты бір серпілтсе, «Махаббат бекеті» композициясымен сезімдердің пернесін шертті. Ал 2002 жылы құрылған жылыойлық «Жастар» вокалды-аспапты ансамблі Сейдолла Бәйтерековтің әнін әнші Асқар Қоңыровтың орындауында «Жан досым» әнін, Айзада Нариманованың орындауында Андрей Литягиннің «Я снова вижу тебя» әнін ұсынды. Ал шетелге қазақ музыкасының құдіретін танытып жүрген «Ұлытау» тобының мүшесі, музыкант Максим Кичигиннің «Түрік композициясын» орындауда қазақтың қобызы мен домбыра үні қосылып, шығарманы рухтандыра түсті. «Жастар» ансамблінің ұсынған музыкасы осындай бай колоритімен және шебер орындалуымен ерекшеленді.

Бұл ойымызды Атыраудан келген қазылар да бекітті. Сазгер Болат Қолқаманов: «Бүгін жақсы ән кеші болды. Қазылар алқасы бір ауыздан бір шешімге келіп отырмыз. Ұйымдастырушыларға үлкен рахмет. Дегенмен, сайыскерлерде репертуар таңдауда кемшіліктер болды. Сайысқа сай әндер таңдау керек еді», - десе, танымал әнші Ақмара Машимова: «Сахнадағы техникалық ақауларды ескеріп жатырмыз. Репертуар таңдағанда әр жерде қайта-қайта айтылып жатқан әндерді емес, шықпай жатқан әуендерді таңдаған орынды болатын еді. Сайыстың талабы бөлек қой: ән таңдағанда солистің дауыс ерекшелігін ескерген жөн. Сайыскерлер үш шығарманың біреуін дұрыс тапқанына мәз болдық», – деді. Ал жылыойлық өнерпаз Марат Құлбалиев: «Біз үшін жақсы демалыс болды. Жанды дауыста ән тыңдап, инструменталды музыка тыңдау керемет қой. Мұнда бәрі шынайы: кім қалай ойнап жатыр, кім қалай ән айтып жатыр, бәрі көз алдыңда. Осындай өнер кешін ұйымдастырушыларға алғысымызды айтамыз. Ең арғы жағы 6 сағат жүріп келген, бер жағы Мақаттан келген музыканттарға рахмет. Аспаптарда ойнау оңай емес, 1-2 ай ойнамасаң, дағдыңнан жаңыласың. Қазір ансамбльдерге сұраныс аз болғандықтан, дайындық аз болғаны көрініп тұрды. Әрқайсыңыз әр жерде жұмыстасыздар, конкурстың кезінде ғана жиналасыздар да, басқа кезде ойнамайтындарыңыз белгілі ғой. Ал күнделікті тойда ойнап жүргендердің жатық дағдысы көрініп тұрды. Қынжылтатын да болды, қуантатын да болды», – деген пікірін айтты.

Сонымен, ауданның 90 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған «Ескірмеген әуендер» вокалды-аспапты байқауына қатысқаны үшін қызылқоғалық «Мерей» мен махамбеттік «Сайран» алғыс хат иеленіп, ынталандыру сыйлығын алды. 3-орынды «Мақат әуендері» иеленсе, 2-орынды атыраулық «Қызғалдақ» ансамблі иеленді. Ал 1-орынды жылыойлық «Жастар» ансамблі жеңіп алды. Жүлдегерлердің қай-қайсына да ақшалай марапаттар ұсынылды.

С.МҰРАТҚЫЗЫ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521