«ЕСІҢДЕ ЖҮРСЕМ КӨБІРЕК...»

Аудандық мұражайда дәл осындай атаумен әсерлі шара өтті. «Азырақ болып ортаңда, Көңіліңде тұрсам көбірек...» деп ақын Меңдекеш Сатыбалдиев жырлағандай, елінің есінде қалған бұл жандар өмірден өткен қылқалам шеберлері еді. Шарада қамшының сабындай қысқа ғұмырында ауданның бейнелеу өнеріне өзіндік қолтаңбасын қалдырып кеткен жылыойлық суретшілердің туындылары қойылып, жерлестері рухына тағзым етіп, құрмет көрсетті.

Үлкен экраннан марқұмдардың суреттері бірінен соң бірі көрсетіліп тұрды. Олардың қатарында Жұбандық Тұрланов, Серік Әбенов, Аманғали Бақтығалиев, Ермекқали Әділов, Бағытжан Бітімалиев, Жұқа Қоспақов, Оразбек Нәзенов, Матай Әбдірахманов, Максим Жұмағалиев, Сағын Қамашев, Нұрлан Хайруллиндер бар. Шараның тізгінін алған мұражай директоры Мұрат Қақпанбаев биылғы жыл өнер адамдары үшін, соның ішінде қылқалам шеберлері үшін ерекше жыл екенін атап өтті. Қазақ бейнелеу өнерінің бәйтерегі – Ә.Қастеевтің 120 жылдығына орай ауданда түрлі шаралар ұйымдастырылғанын айтып, бүгінгі еске алу кеші сол тума талант иесінің ізін жалғаған жандардың сурет көрмесіне ұласатынын жеткізді.

Алғашқы сөз кезегін осы шараның өтуіне мұрындық болған ҚР Суретшілер одағының мүшесі, белгілі мүсінші Серік Мәтениязов алды. Ол өмірден өткен әр суретшінің ар - тында өзіндік өшпес із қалғанын тебіреніспен айтып, соның ішінде Аманғали Бақтығалиев туралы естелікпен бөлісті. Бір мезгілдері Серік Мәтениязов Н.В.Гоголь атындағы көркемсурет училищесінде студент болған кезінде Аманғали ағайы оның ұстазы болыпты. Жылыойдан шығып, Алматыдағы Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының хатшысы болған, небір картиналарды өмірге әкелген талантты суретші туған жерден келген жерлесі Серік Мәтениязов үшін, оның дарыны мен өнеріне шын жүрегінен қуанып, көп қамқорлық көрсеткен екен. Өнердегі ағасы жайында ақтарыла естелік айтқан Сәкең Аманғали Бақтығалиевтің бойындағы өнерімен қатар, көпке үлгі болар кісілік келбетінің де бір төбе екенін мақтанышпен жеткізді. Ортаға ақын, осынау нәзік өнер – сурет саласына үнемі жанашыр боп жүретін азамат Бүркіт Базарбаев шықты. Ол халқымыздың сурет өнерін әлі түсіне алмайтынын, картиналарды оқудың орнына, көзбен тек бір шолып шығатын дәрежеде екеніне налыды.

-Әйтпесе, мына өмірден өткен жандар елеусіз қалмайтын еді. Біз шет елдегідей сурет өнерін түсінетін болсақ, суретшілеріміздің жағдайы әлдеқашан керемет деңгейге көтерілетін еді. Олар өз биігіне шығуы үшін оған түрткі болатын халықтың танымы биік, талғамы жоғары болуы керек,- деп залға жиналғандарды бір қайрап алды. Артына жақсы атын қалдырған осындай марқұмдарды еске алу кештері алдағы уақытта ауқымды түрде өтіп тұруы керек екенін жеткізді. Сондай-ақ, естелік әңгімелерімен бөлісу үшін қаламгер Нұрдаулет Ақназаров, суретші Қосқұлақ Қыдыров, кеш кейіпкерлерінің ағайын-туыстары сөз сөйледі.

Бұдан соң кеш қонақтары аудандағы қолөнер шеберлері мен суретшілердің көрмесін тамашалады. Оған 30 шақты картина мен 15 қолөнер бұйымы қойылды. Акварель, кенен, майлы бояумен салынған «натюрморт», «пейзаж», «портрет», «графика», «триптих» т.б. әртүрлі жанрдағы суреттер көздің жауын алады. Әсіресе, көрмеге қойылған картиналардың арасында ауданның абыз адамы, ұстаз Жанаш Нұрмахан мен кеш кейіпкерлерінің портреттері көрермендердің көңілін тебірентті.

Өз туындыларымен көрмеге атсалысқан әуесқой суретші, график Оразғали Рзабай, аудандық өлкетану музейінің суретшісі Қосқұлақ Қыдыров, ҚР Суретшілер және ҚР Дизайнерлер одағының мүшесі Ляззат Мамырова, қазақ өнерінің қайраткері Серік Мәтениязов, халықаралық көрме байқауларының дипломанты Бағытжан Дәумегенов, «Қылқалам» студиясының жетекшісі, халықаралық көрме, байқаулардың дипломанты Нұрила Мақсотова, облыстық қолөнершілер байқауының лауреаты Қуаныш Шалабаев, №1 мектептің сурет пәні мұғалімі, аймақтық байқаулардың жеңімпазы Нұрлан Сағынғалиев, Алматы көркемсурет училищесінің түлегі, қолөнер шебері Самат Мергенов, әуесқой суретшілер Бауыржан, Аманжан Қожасейіловтер, Өнер мектебінің ұстазы Балауса Алтынбекова, №19 мектептің мұғалімі Нұршат Берікқызы, облыстық фестивальдің жеңімпазы Нұргүл Елтезерова, №20 мектептің мұғалімі Рая Амангелдина аудандық өлкетану мұражайының Алғыс хатымен марапатталды.

П.ТӘЖІ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT