ЕСІҢДЕ МЕ, СОЛ БІР КЕЗ...

АУДАНЫМЫЗДА ЕЛІМІЗДІҢ ТӘУЕЛСІЗДІГІНЕ 30 ЖЫЛ ТОЛУЫНА ОРАЙ ӨТКІЗІЛІП ЖАТҚАН МӘДЕНИ ІС ШАРАЛАР ЖАЛҒАСЫН ТАБУДА. СОНЫҢ БІРІ - ӨТКЕН АПТАДА ӨТКІЗІЛГЕН “ЕСІҢДЕ МЕ, СОЛ БІР КЕЗ” АТТЫ РЕТРО КОНЦЕРТ. “КЕҢ ЖЫЛОЙ” МӘДЕНИЕТ ҮЙІНДЕ ӨТКЕН КОНЦЕРТТЕ КӨРЕРМЕНДЕРДІ САҒЫНДЫРҒАН САҒЫМ ЖЫЛДАР КУӘСІ- ӘСЕМ ӘНДЕР ШЫРҚАЛДЫ. БАҒДАРЛАМАНЫҢ БАСТЫ МАҚСАТЫ: ӨСКЕЛЕҢ ҰРПАҚҚА КЕШЕГІ АҒАЛАРЫМЫЗ БЕН АПАЛАРЫМЫЗ АЙТҚАН ІНЖУ -МАРЖАН ӘДЕМІ ӘНДЕРДІ ҰМЫТТЫРМАУ, СОЛ ӘНДЕРДЕН НӘР АЛЫП, ҮЛГІ ӨНЕГЕГЕ БАУЛУ, МӘДЕНИ МҰРАМЫЗДЫ ҰРПАҚҚА ЖЕТКІЗУ .


Талайды тамсандырған, ата-әжелер мен ағаларды өткен күнге бір сәтке оралтқан әндерді тыңдауға келген көрермендердің саны аз болмады. Сахнаға алғашқылардың бірі болып дәстүрлі әнші Алпамыс Қалдыбаев көтерілді. Ол сахна төрінде Ақан серінің “Маңмаңгер” әнін орындады. Ретро әндер кеші осылайша асыл қазынамыз - ұлттық өнерден бастау алды. Әрмен қарай Рита Сәмендиярова композитор Ескендір Хасанғалиевтің “Сағындым сені” әнін көрермендерге әсерлі жеткізді.
Аудан халқының көзайымына айналған “Жем аруы” халықтық би ансамблі сахнада мың бұралып, би биледі. Ретро концертте әнмен қатар күй де тартылды. Ұлы күйші Дина Нұрпейісованың “Байжұма” күйін ауданымызға танымал өнерпаз, ұлағатты ұстаз Тілес Тілеуқұлов жоғары деңгейде орындап шықты. Кешке жиналған көрермендердің көңілінен шыққан, сағындырған ретро әндер өнер сүйер қауымды ерекше күйге бөледі. Бұрыннан өнерлерімен ғана емес, жарасты отбасымен өзгелерге үлгі болып келе жатқан ерлі-зайыпты Қуаныш Бекенов пен Балзия Мусиева сахна төрінде өнер саңлағы Шәмші Қалдаяқовтың әні “Ақсудан ұшқан аққулар” әнін шырқады. Көрермендер де ретро әндерді сағынып қалғандай, өнер иелерімен бірге әндетіп отырды. Сондай-ақ, сахнаға Ж.Нұрханова “Миллион раушан гүлдері”, А.Орынбасарова Е.Хасанғалиевтің “Гүл сезім” әнін орындап, Н.Бақтығалиева, А.Құлдырахманов, А.Жұмағалиев және З.Мирманова сынды өнерпаздар де сахна төрінде ретро әндерді шырқап, ән сүйер қауымның ыстық ықыласына бөленді.

eside-me-2


Концерт соңында қатысушыларды марапаттау үшін сахнаға аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Жанар Қазиева шығып, концертке келген қонақтарға ризашылығын білдірді. Ол ретро әндер кешінде өнер көрсеткен өнерпаздарға Алғысхаттар табыстады.
Концерт соңында ауданымыздың әнұранына айналған, ақын Л.Сисекеновтың сөзіне жазылған, Қ.Бекеновтың “Кең Жылой” әнін А.Қалдыбаев орындады. Сол сәтте көрермендер де орындарынан тұрып, туған жердің әнұранындай болған әнге бірге қосылып әндетті. Ретро әндерді сағынып келген өнер сүйер қауым ерекше сезімге бөленіп, рухани кештен ризашылықпен тарқасты.

А.ЖҰМАБАЙҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521