ЕГЕМЕН ЕЛІМІЗДІҢ ТӘУЕЛСІЗДІК АЛҒАНЫНА 30 ЖЫЛ БОЛСА. ӨҢІРІМІЗДЕГІ МӘДЕНИЕТ САЛАСЫНЫҢ ДАҢҚЫН АСҚАҚТАТЫП, АЛЫС-ЖАҚЫН ШЕТЕЛДЕРГЕ ЕЛІМІЗДІ ТАНЫТЫП ЖҮРГЕН «ЖЕМ АРУЫ» ХАЛЫҚТЫҚ БИ АНСАМБЛІНІҢ ҚҰРЫЛҒАНЫНА БИЫЛ - 35 ЖЫЛ. АЙТУЛЫ МЕРЕКЕЛЕРДІҢ ҚҰРМЕТІНЕ ОРАЙ ХОРЕОГРАФИЯЛЫҚ ӨНЕР ҰЖЫМЫ ЕЛГЕ ЕСЕП БЕРДІ. АТЫРАУ ҚАЛАСЫНДАҒЫ МАХАМБЕТ ӨТЕМІСҰЛЫ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ДРАМА ТЕАТРЫНДА “БИ ӨРНЕК” АТТЫ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ КЕШТІ ТАМАШАЛАУҒА КЕЛГЕН АТЫРАУЛЫҚ ӨНЕРСҮЙЕР КӨРЕРМЕН КӨП БОЛДЫ.
«Жем аруы» – халықтық би ансамблі бүгінде бір отбасына айналған ұжым. Өнерпаздардың әр қимылынан ұлттық өнеріміздің өрнегі мен асқан сұлулығы, биші қыздардың таланты мен ынтымағы байқалады. Бұл – би қойылымдағы үйлесімділік пен шеберліктің, қайталанбас құнды қойылымдардың құпиясы болса керек-ті. Құрылғанына 35 жыл толып, киелі сахнаның сәнін келтіріп жүрген би ансамблінің жеткен жетістіктері, бағындырған белестері экрандағы арнайы дайындалған бейнеролик арқылы баяндалды. Концертте көбіне, мың бұралған бишілер қазақтың ұлттық-танымдық билерін тілмен айтып жеткізе алмайтын өзіндік қыры мен сыры, бояуы мен нақышы арқылы паш етті. Концерттік бағдарламада биылғы ел тәуелсіздігінің мерекесіне орай қазақтың ұлттық билері көп болды. Алғашқы орындалған “Көктем аруы” биінде бишілер елдiң сән - салтанатын, жастардың махаббатын дәлме-дәл сан мыңдаған қимылмен, қозғалыспен баяндап жеткiзуге тырысты. Сонымен қатар, “Қазақ сувенирі», «Көңілді қыздар», «Моншақтар», «Жем аруы», «Бұрымды қыздар», «Еркелер», «Нұршашу» қойылымдары қазақы тұрмысқа берік енген әдеп-ғұрыптар мен алуан түрлі тәрбиелік бағыттағы іс-әрекеттерді бейнелеп қана қоймай, сондай ұлағатты һәм сындарлы өнерді көрермендердің бойына сіңіргендей болды. Бұл би-қойылымдарды қойған балетмейстерлер Алмат Шамшиев, Гүлбану Мырзабаева, Зәуре Әжібекова, Қарлығаш Қадырбековалар екенін айта кеткен жөн. Концертте “Жем аруы” халықтық би ансамблімен қатар, республикалық телевизиялық «Айгөлек» байқауының, Италия, Түркия, Ресейде өткен байқаулардың жүлдегерлері - талайларды өнерімен тәнті еткен “Би-Би» үлгілі би ансамблі де өнер көрсетті.
Бишілер қазақ биімен қатар өзге де ұлттар мен ұлыстардың да билерін нақышына келтіре биледі. Заманауи бағыттың биігі де шет қалмады. «Жем аруы» халықтық би ансамблінің негізін қалаушы, көркемдік жетекшісі, ҚР Мәдениет саласының үздігі, хореограф Мағрипа Шегенбаеваға облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтың Алғыс хаты тапсырылды. Жылыой ауданы әкімі Халел Жамалов сахнада құттықтау сөз сөйлеп, Алғысхат пен гүл шоғын, сыйлық тарту етті. Атырау облысы әкімдігінің әдеп жөніндегі өкілі Фарида Ахметова би ұжымын құттықтады. Жылыой аудандық мәслихатының депутаттары Сайлауғали Кенжеғалиев пен Перизат Қизатовалар мәслихат хатшысы Сайлаубай Таласовтың Алғысхаты мен халық қалаулыларының атынан ескерткіш сыйлығын ұсынды. Мақат ауданы әкімі Шәкір Кейкіннің, облыстық мәдениет басқармасы басшысының, “Нұр Отан” партиясы Жылыой аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Шынаргүл Жанайқызының Алғысхаттары тапсырылды. Сондай-ақ , “Жем аруы” халықтық би ансамблінің құрамында өнер көрсеткен Ербол Шымырбай барлық түлектердің атынан ұстаздарына тілегін арнады.
Талай шәкіртке би өнерінің қыр-сырын үйреткен Мағрипа Шегенбаева кеш соңында сөз сөйлеп, өнеріне қолдау көрсеткен барша жанға үлкен алғысын білдірді. Қарағанды қаласындағы училищені бітіріп келіп, Жылыойда алғаш рет кәсіби би ансамблін құрған талантты қыздың арманы – кенжелеп қалған қазақ биін көкке көтеру болды. Бүгінгі кеште қазақ халқының болмыс-бітімін паш еткен ұлттық хореографиялық қойылымдар мен мың бұралған бишілердің кәсіби деңгейі жұртшылыққа асқақ рух, эстетикалық ләззат сыйлады. «Жем аруының» ерке Жемнің елбіреген толқындарындай мың бұралған биші қыздарының өнеріне облыс көрермендері қол соқты.
П.ТҮРКЕНБАЙҚЫЗЫ