Ерекше жандар өнерлерін паш етті

Олар  өмірге құштар жандар. Ата-анаға, Отанға, табиғатқа деген сүйіспеншіліктері соншалықты биік. Бүгінгі қоғам мүмкіндігі шектеулі азаматтарды мейлінше қолдаудың жолдарын қарастырып, олардың өзгелермен тең дәрежеде, өзін қоршаған ортада кедергісіз өмір сүруіне қажетті жағдайлар жасауға тырысуда.  өткен аптада аудандық мәдениет үйінде  жүрек жылуы мен мейірімге толы концерт болып өтті.

  «Біздің өмір ерекше» атты шығармашылық ән-кешке аудан әкімінің орынбасары, аудан тұрғындары, қайсар әрі ерекше жандар қатысты.

Аудан әкімінің қолдауымен және «Сенім шыңы» қоғамдық бірлестігінің  мүмкіндігі шектеулі жандардан құралған ансамблі «Сазды керуен» жобасының бастауымен  өткізіліп жатырған мәдени кеш мүмкіндігі шектеулі жандардың шығармашылық қабілетін іске асыру және өзін-өзі танытуға жәрдемдесу, қоғамға етене араласуға қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылды. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жандардың өзін-өзі таныту құралы ретінде жасампаздық-шығармашылық қызметіне  назарды аудару, олардың дарындылығы мен қабілетін кеңінен таныту және ерекше талантын ашу мақсатында болды.

Мәдениет үйі сахнасының төрінде   күмбірлеген күй де, қанатты ән де тыңдалды. Сахнада Д.Рысхан «Қазақстаным» , Ә.Үмбетов «Әкеме», Г.Жолаева мен Г.Тастанбекова «Аяулы ана» әндерін шырқады. Сондай-ақ  халық әні «Сәулем-ай», «Дедім-ай-ау» әндері де орындалды. Балалар көркемсөз оқыды.

Аудан әкімінің орынбасары Әнуар Играшинұлы сөз сөйлеп, сахнада өнер көрсеткен жандарды аудан әкімінің Алғыс хатымен марапаттады. Сондай-ақ, «Сенім шыңы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Марат Қуанышұлы барша шараға атсалысқан жандарға алғыс білдіріп, мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдап отырған әкімдікке Алғыс хат табыс етті. Кеште өнер көрсеткен мүмкіндігі шектеулі өнерпаздар мәдени кеште өз өнерлерін халыққа паш еткендігі үшін арнайы қаржылай сертификаттарға де ие болды. Кеш әрі қарай естелік суретке түсу кезегімен жалғасын тапты.

А.Жұмаберген

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT