«Ембімұнайгаздықтар» ақын Ф.Оңғарсынованы еске алды

 «Ембімұнайгаз» АҚ қызметкерлері арасында Фариза Оңғарсынованың 80 жылдығына арналған «Поэзия кештері» атты сайыс өтті.

19 қыркүйекте «Кең Жылыой» мәдениет үйінде «Ембімұнайгаз» АҚ қызметкерлері арасында ақын Фариза Оңғарсынованың 80 жылдығына арналған «Поэзия кештері» атты сайыс өтті.

farizaemby1

Шараның мақсаты – «Парасат» орденінің иегері, ақын, Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты, «Поэзия падишасы» Фариза Оңғарсынованың өнерімен таныстырып, шығармаларын насихаттау. Өндіріс қызметкерлерінің арасында өткен байқауға Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, ақын Г.Ниетқалиева, аудандық «Кең Жылыой» газетінің редакторы, ҚР мәдениет қайраткері, ақын С.Шәтенова төрешілік етті.

farizaemby2

Басқарма басшысы Ғ.Шанаев ақын жырларының Қазақ поэзиясында алатын орнының ерекше екенін баяндап, қайсар қыздың адамгершілік қасиеттерін тілге тиек етіп, шараның мақсатымен таныстыра өтіп, шара шымылдығын ашты. Концерттік бағдарлама Ф.Оңғарсынованың өмір жолынан сыр шертетін бейнероликті көрермен назарына ұсынумен басталды.

Ф.Оңғарсынова Атырау облысы, Нарын құмында, Манаш елді мекенінде дүниеге келген. Жастайынан батырлар жырын жаттап, қазақ әдебиетіне ынтызарлығы ерекше болған ақынның, бала кезгі арманы алдамады. Қазақ қыздарының ер жігітке айта алмайтын сырларын өлеңмен ашық түрде жеткізіп, жыр әлеміне өзіндік қолтаңбасын ала келген Атыраудың нәзік аруы, қазақ жазушыларының арасында беделі артып, сүттің бетіне шыққан қаймағы болды. Қазақ қыздар поэзиясында алғаш болып, өзінің сара жолын салып берді.

farizaemby3

Өзінің берген бір сұхбатында «Шығыстың қыздары ер жігітке сырын бұлай жайып салмас болар» деп қарсы шығып, өлеңдерін жариялауға кедергі жасаған өзге ақындарға қасқайып қарсы тұрғанын да айтқан болатын. Бұдан біз ақынның өршіл, тік мінезін байқай аламыз. «Хантәңірдің мұзбалағы» атанған ақиық ақын М.Мақатаевтың да Фаризамен дос, сырлас болуыда осы ақын жүрегінің сезімталдығының, адам жанын түсінетін ерекше қасиетінің болғандығының көрінісі болса керек.

Мерекелік кеште «Ембімұнайгаз» АҚ қызметкерлері Фариза ақынның өлеңдерін оқып, ақын сөзіне жазылған әндерді жанды дауыста орындап өзара сайысқа түсті. Кәсіби өнерпаздар болмаса да, сөз құдіретін, жыр құдіретін түсінетін ерекше ашылмаған талант екендерін байқатты. Көрсеткен өнеріне қарай әр қатысушы тиісті орындарына ие болды. Жүлделі орындарды табыстамас бұрын төрешілер Фариза ақынның жақсы қасиеттерін айтып, өнегелі өмірінен сыр шертті.

farizaemby4

Өзінің соңынан ерген ақын қыздарға көрсеткен қамқорлығын, парламент депутаты болып қызмет атқарған жылдарында талай көмекке мұқтаж адамдарға қол ұшын созғандығын, жаны жомарт, адал өмір сүрген жан екенін айтып «Жыр падишасын» ерекше сағынышпен еске алды.

«Ақынның көзі тірісінде жасаған жақсылығы мен үлгі алар қасиеттері көп болды. Мені өзінің туған бауырындай көретін. Үнемі мені қолдап, қорғап жүретін. Өзегімді өртейтін бір өкінішім, апамның көзінің тірісінде «Мен сізді жақсы көрем» деген бір ауыз сөзімді айта алмағаным ғана» - дейді «Кең Жылой» газетінің редакторы С.Шәтенова.

farizaemby

Ал, ақын, журналист Г.Ниетқалиева Фариза Оңғарсыноваға арнап жазған өлеңдерін оқып залдағы көрермендерді бір қуантып, бір жылатты. Ең әуелі ынталандыру жүлдесі табысталды. Жүлделі III орынды Т.Қабдолов, М.Исмағанбетова иеленсе, II орынды Қ.Смайлов, З.Мейірманова иеленді. Ал, I орынға Н.Дюсов пен Ж.Генадиев ие болды.

Фариза! Фаризажан, Фариза-қыз, Өмірде ақындардың бәрі жалғыз... деп Мұқағали ақын жырға қосқан, Фариза Оңғарсынованы еске алу кеші жоғары деңгейде өтті. Өнері мен өмірін насихаттап отыратын ұрпағы барда «Фариза» аты ешқашан өшпек емес.

Ш.Мұхтарқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521