Елу жылда да ескірмеген ән

Киелі мекен – Кең Жылыой өңірінің әнұранына айналған «Кең Жылой» әнін білмейтін жылыойлық жоқ шығар. Осы бір керемет шығармасымен жерлестеріміздің ерекше сүйіспеншілігіне бөленген сазгер Қуаныш Бекеновты жерлестеріміз жақсы біледі. Ақын Лұқпан Сисекеновтың сөзіне жазылған осы бір әсем әуен жарты ғасыр уақыт өтсе де «жүректерге нота болып жазылып» қалды. Ал жақында Жылыой жұртшылығы осы ән авторына ерекше құрмет көрсетті.

Иә, Қосшағыл мәдениет үйінде Мәдениет саласының ардагері, «Жылыой ауданының Құрметті азаматы», Қосшағыл ауылының тумасы, әнші, сазгер Қуаныш Бекеновтың 75 жылдық мерейтойына және «Кең Жылыой» әнінің жарыққа шыққанына 50 жыл толуына орай кездесу кеші өткізілді.

Кеш шымылдығын мәдениет саласының ардагері Әлімжан Әбілханов дирижерлік ететін аудан ардагерлерінен құрылған «Ұлағат» ұлт-аспаптар ансамблі ашты. Жүргізуші Назгүл Жиенбаева ұлы өнерді ұлықтап, ұлттық құндылығын ұмытпаған, бойына жеті өнер тоғысқан кеш иесінің өмірдегі және өнердегі жолдарына тоқталды. Бір сәт сахна төріне кештің басты кейіпкері Қуаныш ағамыз бен жұбайы Балзия апайды шақырып, зор қошемет көрсетті.

Алғашқы құттықтау сөз кезегі аудандық мәслихат атынан бөлім басшысы Салтанат Байжумиева алып, Қосшағыл ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы А.Алдиярова кеш иесіне аудан әкімі Жұмабек Қаражановтың атынан арнайы алғысхатын табыстап, естелік сыйлықпен марапаттады.

Ауданға белгілі өнерпаз, мәдениет саласының үздігі А.Қалдыбаев «Сен соны білгейсің», «Қызыл көйлек» әндерін шырқап, Қосшағыл ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жексен Имашев «Сағындым Қосшағылды» әнін орындады. Кеште сазгер ағамыздың балалық шағы мен туып-өскен Қосшағылы туралы, отбасы және 50 жыл отау құрып, өмірде де, өнерде де серік болып қос аққудай бірге келе жатқан аяулы жары Балзия апай жайлы жылы-жылы лебіздер айтылды. Сондай - ақ Қуаныш ағаның бауыры, Жылыойға белгілі әнші, сазгер, ұстаз, марқұм Аманжан Бекенов туралы да естен кетпес естеліктер айтылды.

Кешті ауданымызға танымал өнерпаз Т.Көрпебаев А.Бекеновтың «Майдандастар» әнімен жалғастырды. Құттықтау легі жалғасып, сөз кезегі «Жылыоймұнайгаз» өндіру басқармасының ардагерлер кеңесінің төрайымы Мұстахима Малашқызына және ауданымызға белгілі ақын, журналист Сәулеш Шәтеноваға берілді. Сондай-ақ Қуаныш Бекеновтың С.Шатенованың сөзіне жазылған «Жайнаған Құлсары» атты әні шырқалды. Туған жердің әнұранына айналған «Кең Жылой» әнінің сөзін жазған ақын Лұқпан Сисекенов, сонымен бірге Қуаныш Майланұлының бір топ құрдастары мен курстас-достары да сазгер шын жүректен құттықтап, ақ тілектерін ақтарды.

Мәдениет үйінің әншісі Ж.Оңғарбаев «Рахмет, әке» әнін тамылжыта шырқап, кеш соңында Қуаныш Бекенов ағамыз кешке жиналған барша өнерсүйер қауымға зор ризашылығын білдірді. Кездесу кеші Т.Көрпебаевтың орындауындағы «Кең Жылой» әнімен аяқталды.

А.Адалбаева,

Қосшағыл мәдениет үйінің әдіскері

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

Газет Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлiгiнде 2018 жылы 16 мамыр күні тiркеліп, тіркеу туралы №17099-Г куәлiгi берiлген

Редакция мекенжайы: Құлсары қаласы, Исатай Тайманов көшесі, 4 үй.

Тел: 5-16-83, 5-07-66, 30-51-06, 30-51-05.

Whatsapp:  +77017650876

Әлеуметтік желілеріміз