Елін сүйген Салауат еді

Осыдан бес жыл бұрын өмірден өткен айтыскер ақын Салауат Исахаевты жылыойлықтар ерекше құрметпен еске алды. Туған ауылы Шоқпартоғайда шәкірттері мен достарының ұйтқы болуымен «Елі сүйген Салауат» атты Батыс аймақтық ақындар айтысын ұйымдастырды. Аталған жыр додасы сол күні салтанатты жағдайда ашылған округ орталығындағы мәдениет үйінде дүркіреп өтті. Еске алуға арналған шара облыс әкімі Серік Шәпкенов пен аудан әкімі Жұмабек Қаражановтың қолдауымен іске асты. Қазылар алқасының төрағасы, белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі Бауыржан Халиолла аймақ пен өңір басшыларына деген алғыс сезімін айтыстың басы-қасында жүрген аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова арқылы жеткізді.

Осыған дейін «Теңізшевройл» ЖШС-нің 30 жылдығына орай облыстық ақындар айтысы мен «Асыл домбыра» республикалық айтысының іріктеу кезеңін Құлсары қаласында өткізген аудан үшін аймақтық жыр жарысын ұйымдастыру әсте қиынға соққан жоқ. Десек те бұл доданың өзгелерден өзіндік ерекшелігі бар еді. Айтыстың басты идеясы арқалы ақын Салауат Исахаевтың өмірі мен шығармашылық жолы болса да, оның туып-өскен ауылы, туған жері мен елі, бір сөзбен дархан даладай дарынын көкке көтерген Жылыой өңірі, әсіресе ауданның торқалы тойы тақырыптың тұздығына айналды. Сондықтан да ауданның 95 жылдығы аясында өткен айтыскер ақын Салауат Исахаевты еске алуға арналған «Елі сүйген Салауат» атты Батыс аймақтық ақындар айтысы жылыойлықтардың жүрегіне жол тартты.
Айтысты тамашалаған жылыойлықтар, соның ішінде шоқпартоғайлықтардың қуанышында шек болмады. Айтысқа атсалысқан ақындар да бөтен емес, Салауаттың көзі тірісінде бірге жүрген өнердегі үзеңгілес достары, шәкірттері. Олардың қатарында Шынарбек Қабиев, Нұрбейбіт Нұғыманов, Серікбол Панабердиевтер бар. Қазылар алқасының құрамы да, шап па шап айтысқа түскен сөз сүлейлері де жылыойлықтарға жақсы таныс. Сөз сайысына Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Маңғыстау және Атырау облыстарынан барлығы 12 айтыскер қатысып, бақ сынады. Олардың арасында тұлпардың тұяғындай, асылдың сынығындай болған жалғыз ұлы Ернұр Салауатұлы да бар еді. Ал қазылар алқасында досы, інісі Бауыржан Халиолланың төрағалығымен айтыскер ақын Мүтиғолла Ғани, кәсіпкер, руханият пен өнер жанашыры Нұрлан Қайреденов, «Асыл домбыра» иегері, шәкірті Сырымбек Сәрсембаев, ақын Бүркіт Базарбаевтар айтысқа төрелік етті.

Ақындар жұбы көпшілік көрерменің алдында жеребе суыру арқылы белгіленіп, аяқ алысын аңдау үшін алғашқыда әрқайсысына 15-20 минуттан уақыт берілді. Алғашқы айналымнан кейін қазылар алқасының ұйғаруымен төрт ақын додадан шығып қалды. Үздік деп танылған сегіз ақын қайтара сөз сайысына түсіп, шап па шап, жекпе жек айтыста «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарлар» шашасына шаң жұқтырмай алға суырылып шыға бастады.

Бес сағатқа тарта уақытқа созылған жыр додасының нәтижесін жариялайтын кез де келіп жетті. Жұрт іштен тына қалып қазылар алқасы төрағасының қорытынды сөзіне құлақ түрді. Бауыржан Халиолла сахнада өнер көрсеткен әрбір жұпқа жеке-жеке тоқталып, сөз сайысын саралап өтті. Жүлдегерлерді жариялайтын сәт те келіп жетті. Алғашқы айналымнан шығып қалған айтыскерлерге Алғысхаттар мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді. Өнерімен көзге түскен атыраулық Амангелді Панабердиев пен Жәнібек Садыров, ақтөбелік Айболат Көшкінбай ақын ағаларының тағайындаған арнайы жүлдесіне ие болды.

Қазылар алқасының төрелігімен Атырау облысының жас ақыны Бимырза Әбілқайыр және маңғыстаулық Ердаулет Сардар үшінші орынды жеңіп алды. Екінші орын талантымен талайды тамсандырған даладай дауылпаз жас ақын, ақтөбелік Нұрбол Жауынбаевқа бұйырды. Ал жүлделі бірінші орын тұлпардың тұяғына жолы мен ағалық ақ батасын берген оралдық Бауыржан Ширмеденұлына табысталды.

Бас жүлдені және оған тағайындалған 500 мың теңге байрақты өрен өнерімен көзге түскен жас ақын, асылдың сынығы Ернұр Исахаев қанжығасына байлады. Өзге жүлдегерлер де ақшалай марапатқа ие болды.

Көзі тірісінде елін-жерін құлай сүйген арқалы ақын Салауат Исахаевты еске алуға арналған «Елі сүйген Салауат» атты аймақтық ақындар айтысы осылайша өз мәресіне жетті.

Ербол Бисекенұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521