Еліміздің тұтастығы мен бірлігіне, қоғамның жақсылыққа бетбұрыс жасап, гүлденуіне Ардагерлер кеңесінің тигізетін ықпалы зор. Біз қашан да ел азаматтарының арасын алшақтатпай, даудың басын ашып, жастарға үлгі-өнеге көрсетер ақылшымыз. Президентіміз қазақстандық ардагерлердің бәріне де тиісінше жағдай жасап жатыр. Зейнет жасына жетіп, құрметпен зейнеткерлік демалысқа шықсақ та бізді елдің, қоғамның жайы алаңдатпай қоймайды. Біздің арамызда да белсенді ардагерлер жетерлік. Олардың бәрінің де тілегі бір – «Ел аман, жұрт тыныш, Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын!» дейді.
Бүгінге дейін бағындырған белестерімізге баһадүр ата-бабалармыздың ұлтжандылығымен, ұлтарақтай жерін қасық қаны қалғанша қорғауының нәтижесінде келдік. Араға біраз жылды салып 25 қазанда Республика күнін тойламақшымыз. Бұл күннің біз үшін маңызы айтарлықтай зор. Дәл осы күннің астарында тәуелсіздік тарихы жатыр. «Өз алдымызға еркін ел болсақ» деген ой, біздер секілді Кеңес дәуірін көзімен көрген сол кездегі жастардың асқақ арманы еді. Егемендік те, бостандық та, жақсылық та, еркіндік те елімізге өзінің бұйырмысымен, жөн-жосығымен нәсіп болып жатыр. Сол үшін де біздер бақытымыз!
Мен мұнай саласының ардагері болсам, басқа ардагерлер өзге сала бағытында адал жұмыс істеді. Қазір үйлерінде немере бағып, тыныштық орнаған тіршілікте той-томалағынан қалмай, әулетімен бірге жарасымды ғұмыр кешіп жатқан аудан ардагерлері жетіп артылады. «Бейнеттің, зейнетін көру» деген осы болса керек. Уақытында біз қызмет еткен мекемелер бізді қай-қай игі шарадан да, жақсы жаңалықтардан да, сый-сияпаттан да кем қалдырып жатқан жоқ. Жыл сайын сыйақы береді, шипажайларға жолдама аламыз, газет-журналға жазады, жағдайы әл-ауқаты төмен деген ардагерлердің өздерін азық-түлік пен қаржылай көмекпен қамтамасыз ететін арнайы бөлім жұмыс істейді. Міне, біз көріп келе жатқан осындай қамқорлық пен сыйластық осы егемендіктің арқасында орын алып отырғанын қалай айтсақ та жоққа шығара алмаймыз.
Әлем елдерінде көптеген оқыс оқиғалар, жаға ұстатар жағымсыз жаңалықтар орын алып жатыр. Ал біздің жағдайымыз олардың қасында айтарлықтай жақсы. Бәрі де еркіндіктің арқасы.
Ұлттық мерекеге орай айтар тілегім де өте көп. Биыл қазан айы бойы Қарттар күні тойланып жатыр. Жастармен жиі кездесулер, қайырымдылық акцияларын, жағымды жүздесулерді көптеп ұйымдастырып жатырмыз. Биыл ардагерлер кеңесінің құрылғанына да 35 жыл толып, тойланып келеді. Бәрі де біз үшін жетістік, бәрі де біз үшін жақсылық! Тек елімізі тыныштық пен бірліктен, татулық пен азаттықтан айырмасын! Республика күні құтты болсын!
Гайдар Арыстанов,
аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы