Алматы қаласындағы Достық үйінде өткен салтанатты шарада елімізге белгілі қазақ жазушысы, драматург және аудармашы Қами Нұрлан Ізғалиұлына халықаралық “Шыңғыс Айтматов” клубының ең жоғары әдеби марапаттарының бірі салтанатты түрде табыс етілді. Бұл ерекше марапат қаламгердің Шыңғыс Айтматов шығармашылығын насихаттаудағы ұзақ жылдық еңбегін, қазақ пен қырғыз халықтары арасындағы әдеби және мәдени байланысты дамытуға қосқан зор үлесін үлкен деңгейде мойындаудың белгісі болды.
Қами Нұрлан Ізғалиұлы Қазақстандағы Айтматов клубының №983 мүшесі. Ол көптеген жылдар бойы әлемдік жазушы Айтматовтың гуманистік идеяларын қазақ оқырманына кеңінен таныстырып, шығармашылығы туралы мақалалар жазып, халықаралық әдеби шараларға белсенді қатысып келеді. Қырғыз-қазақ әдеби ынтымақтастығын күшейтуге бағытталған бастамаларға етене араласып, екі елдің рухани байланысын нығайтуға өлшеусіз үлес қосып жүрген әдебиет жанашыры.
Қаламгер 1959 жылы 2 қаңтарда Жылыойда дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетін тәмамдаған. 2000 жылдардан бастап “Кездесу”, “Көк қақпа”, “Қар адамы”, “Хан Мөде” сынды бірнеше кітаптың авторы атанып, шығармалары оқырманның ыстық ықыласына бөленді. Сонымен қатар әлем әдебиетін қазақ тіліне аударған тәжірибелі аудармашы ретінде де танымал.
Халықаралық деңгейде мойындалған марапат Нұрлан Ізғалиұлына Айтматов клубы ассоциациясының президенті, академик А.А.Акматалиевтің қолы қойылған арнайы ресми куәлігімен табысталды. Бұл құжат қаламгердің әдебиет пен мәдениет арасындағы көпір бола білген еңбегіне берілген жоғары баға екенін айғақтайды. Нұрлан Қамидың шығармашылық жолы қазақ әдебиетінің дамуына, ұлттық мәдениеттің өрістеуіне және түркі әлемінің рухани байланысына қызмет еткен шынайы еңбектің айқын үлгісі.
А.Талапкер



