Тоқсанбайлар күмбірлетіп күй төккен Жылыой жері қашан да тума талантты өнерпаздарға бай. Бірі Махамбеттің жырын жатқа айтса, бірі қос ішектің құлағында ойнайды. Әнші де, биші де жетерлік. Солардың ішінде, көптің көзіне түсіп, халықаралық дүбірлі додаларда топ жарып, ауданның емес, мұқым елдің мәртебесін көтеріп жүрген «Қасиет» өнер студиясының шәкірттері жарап-ақ тұр. Жақында ғана шейхтардың қаласы Дубайдан да қанжығасының майланып, жүлдемен оралуы – сол сөзіміздің айғағы.
Біріккен Араб Әмірліктерінде болған халықаралық өнер байқауына бірнеше мемлекеттің өнерпаздары қатысып, бақ сынап көрді. «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» дегендей, көрермен көзайымына айналып, құмды сахараның қақ ортасында күллі дүниенің өнерпаздары өнер көрсеткен байрақты бәсекеде «қасиеттіктер» бас жүлдеге ие болды. Атап айтар болсақ, үлкен топтар арасында «Талас», «Ата толғауы» күйлерін квинтетте «Қосбасар-3» шығармасын, ал кіші топтар арасында «Домбыра» әнін әуелетіп, басты жүлдені тақымға басты. «Киелі қасиет» тобы да халық әндерінен попурри шырқап, қарсыластарын шаң қаптырып кетті. Шәкірттеріне шын көңілі толған жетекшісі Салтанат Алимова:
- Тамаша байқау болды. Негізі, оқушыларыма сенгенмін. Олар да өз кезегінде сенімімді ақтай білді. Осыған дейін де талай жерде жүлде алып, шыңдалып, сахнаға төселген өнерпаздарым бұл жолы да біліктілігін дәлелдеді. Бір жағынан керемет саяхаттадық десек те болады. Осы орайда демеушілік танытқан «Мако» ЖШС мен үш жеңімпазымызға ақшалай сыйақы берген жеке кәсіпкер Жетібай мырзаға алғысымызды білдіреміз. Ақжарма ақ тілегін жаудырып жатқан жерлестерімізге де рақмет айтамын. Жеңісімізді тілеуімізді тілеп, жетістіктерімізге шын жүректен қуана алатын жанкүйерлерімізге және жылыойлықтарға арнаймыз,-деді өз сөзінде.
Дубайдағы дүбірлі додадан ақшалай 250 АҚШ доллары көлемінде сыйақы алған. Одан бөлек арнайы жүлделер табысталып, Қытай мен Катар елдеріндегі байқауға тегін жолдама да жеңіп алды. Жерлестеріміз алдағы айларда мұнымен тоқтап қалмай, әлемді өнерімен бағындыруға аттанбақ. Яғни, халықаралық байқауларда бақ сынап, көк туымызды көкте желбірету үшін бар күш-жігерін салатынын жеткізді. Біз де «Қасиеттің» өнерпаздарын жеңісімен құттықтап, әлемдік сахналарда тамаша өнерімен көзге түсіп жүре берсін дегіміз келеді.
Иә, әлемдік бәсекеде бас жүлдеге ие болған талантты жас күйшілеріміз кешегі даңқты Тоқсанбайлардың ізін жалғап, бабалар салған сара жолды жалғары хақ!
Е.АХМЕТКӘРІМОВ