ДӘСТҮРДІ ДӘРІПТЕГЕН ЖОБА

Ұлттық мәдениетті сақтау және дамыту, халықтың бай рухани, тарихи мұрасын насихаттап, салт-дәстүрі мен киелі өнерді ұрпақтан ұрпаққа жеткізу – бүгінгі аға буынның басты мұраты. Жуырда Құлсары қаласындағы №8 жалпы орта білім беретін мектептің акт залында «Dastur Fest» жобасы аясында өткен «Жігітке жеті өнер де аз», «Қыздарға әсемдік жарасады» атты аудандық өнер байқауы, міне, осы мақсатты көздеді. Байқауға қатысқан жігіттер жағы, ең алдымен, «Мен – жігіттің сұлтаны» тақырыбында өз-өзін таныстырып, «Ұшқыр қиял, жүйрік ой» атты бөлімде лед экраннан ұяшық таңдау арқылы сұрақтарға жауап берді. Ал «Жұлдызды додаға» қатысушылар өз өнерлерін заманауи түрде паш етсе, «Сайыпқыран сәтінде» ұлттық спорттың 4 түрінен, асық ату, кір тасын көтеру, қол күресі, қазақ күресі бойынша сайысқа түсті. Жігіттерден қыздар да қалысқан жоқ.

«Мен қазақтың қызымын» тақырыбында өзін-өзі таныстырып алып, «Қыз еркем – өнерімен көркем» бөлімінде өз қолдарынан шыққан бірбір ісмерлік өнерін көрсетіп бақты. Оның ішінде киіз басу, ши тоқу, панно, тұмар, ұлттық нақыштағы қолөнер түрлері де бар. «Зерделінің ойы озықта» салт-дәстүрге қатысты сұрақтарға жауап берсе, «Сыңғырлаған шашбауым, сәнім болған бұрымым» бөлімінде сайыскер қыздар шаш өру үлгісін көрсетті. Ал «Өнерліге өріс кең» бөлімінде мың бұрала қазақтың ұлттық биін билеп, халықтық аспапта ән шырқап, термежыр айтып, күмбірлетіп күй төгілтті.

Нәтижесінде қазылар алқасының шешімімен жігіттер арасынан жүлделі I орынға Дәурен Рзабеков лайықты деп танылса, II орынды Нұртілеу Мизамбайұлы жеңіп алып, III орын Бексұлтан Ерболатқа бұйырды. Қыздар арасынан да жүлдеге лайықты нәзік жандар аз болмады. Бірақ I орынды өзгелерден басым түскен Мұқтар Индира қанжығасына байлады. Ал кезекті жүлделі II орынды Гүлмира Сәліш, III орынды Аймира Орынбасарова иеленді. Иә, дәстүрлі құндылық – ұрпақ бойында ұлттық мінезді, ұлттық болмысты қалыптастырады. Ендеше осы тектес сайыстар легі көбірек өткізіліп тұрса деген тілек бар.

А.МОЛДАШЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT