Домбыраны жанына серік еткен Андриан

Таяуда облыстық Ішкі саясат басқармасының«Қоғамдық келісім» КММ-і мен «Дарын» таланттарды анықтау және қолдау орталығының облыстық бөлімшесі бірлесіп «Өнерлі өрге жүзер» музыкалық конкурсының облыстық кезеңін өткізді. Конкрус «Мың бала» мәдени-ағартушылық республикалық жобасыаясында өзге ұлт жастарының қазақтың ұлттық өнерінмеңгеруге қызығушылығын артыру мақсатындаұйымдастырылған болатын.

Осы байқауға ауданымыздан  он бес жасар орыс ұлтының өкілі, Құлсары балалар «Өнер» мектебінің домбыра сыныбының түлегі Романов Андриан қатысқан еді. Талай «талаптың тұлпарын мінген» жеткіншектер қатысқан өнер бәйгесінде Андриан өзгелерден оқ бойы алда көрінді. Сөйтіп сайыстағы ең жоғары жүлде- I-орынды иеленді. Құлсарылық сары баланың қос ішекті домбыраның құлағында ойнап, бал бармағынан небір күйлерді төгілткеніне көрермендер де, қазылар алқасы да таңғалысты.  Сөйтіп жылыойлық А.Романов Астана қаласында өтетін республикалық кезеңге жолдама ұтып алды.

Қаршадайынан қазақ ұлтының төл музыкалық аспабын иығына іліп алып, көптеген байқауларда бақ сынаған Андриан бұған дейін де талай жүлделі орындарға ие болып,  жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Өнерлі ұл - қазақтың қасиетті қара домбырасымен бірге небір додаларда топ жарып, аудан атын алыстарға танытуға атсалысып жүр. «Бұлақ көрсең, көзін аш» дегендей, Романның тантын танып, бағалап баптаған 5 жыл бойы домбыра сыныбынан дәріс берген мұғалімі Талап Балғынбаевтың да ерен еңбегін айтып өтпеске болмайды. Киелі өнер мен құт қонған Жылой топырағында туған өзге ұлттың сары домалақ баласына қазақтың қара домбырасын аманат еткен ұстазы, Андрианға бар ынтасымен төл аспаптың құлағында ойнауды үйретті. Демек, Андрианның бүгінгі жеткен жетістігіне ұстазының да қосар үлесі зор.

Барша аудан жұртшылығы Андрианның жүлделі орын алғанына қуанышты. Осы жердің дәмін татып, суын ішкен өзге ұлт өкілдерінің құрметі де ерекше. Олар мемлекеттік тілде емін-еркін сөйлеп қана қоймай, ұлттық салт-дәстүрлерімізді де ардақтайды. Ал кейінгі буын ұлттық өнерімізге деген сүйіспеншіліктерін де осындай додаларда байқатып жүр. Бабадан қалған көне домбыраның  қоңыр үнін енді республикалық байқауда күмбірлетіп, әуелететін талапты ұлға қалайша риза болмайсыз! «Өнерің өрге жүзсін, Андриан» дейді оған қол соққан барша көрермендер.

Ш.Хамитова

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521