Өткен аптада ұлттық домбыра күніне арналған «Домбыра күні – ұлттың үні» атты ашық аспан астындағы думанды кеш өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бұл – халқымыздың тамыры тереңде жатқан төл өнерін дәріптейтін мейрам. Қазақ пен домбыра – бір-бірінен -өліп-жаруға болмайтын егіз ұғым. Домбыра – көне заманның аңыздарына арқау болған киелі аспап. «Ақсақ құлан» күйінің шығу төркінін білмейтін қазақ кемде-кем. Ежелгі дәуірден жеткен қастерлі домбыра ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келеді. Қазақ сан ғасырлық шежіресінің куәсі болған қасиетті аспапты бойтұмарына балаған. Біз атадан балаға аманат болған асыл мұрамызды сақтап, қадір тұтуымыз қажет»,-деп, дәстүрлі өнерімізге жас ұрпақтың құрметін арттыруына сенім білдіріп, ұлттық құндылықтарымызды кеңірек насихаттауға шақырған болатын.
Думанды кештің мақсаты - жас ұрпақты ұлттық құндылықтарға тәрбиелеу, домбыра аспабын кәсіби деңгейде меңгерулеріне мүмкіндік жасау, өнерпаздарға кең жол ашып, қолдау көрсету болып табылады.
Ашық аспан астындағы мәдени шарада аудан өнерпаздары ән салып, күй шертіп, жиналған қауымға өз өнерлерін паш етті.
Бұл іс-шарада Айтқали Жайымовтың «Тойбастар» күйін аудандық халықтық Ұлт аспаптар оркестрі, сонымен қатар, Құрманғазының «Аман бол шешем, аман бол» атты күйін Әлімжан Әбілханов, Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» күйін Нұрғиса Жұмағалиев сынды өнерпаздар нақышына келтіре орындап, халық қошеметіне ие болды.
Сондай-ақ, шара кезінде бірқатар сала қызметкерлері арнайы алғыс хаттармен марапатталды.
Іс-шараға қатысушылар қазақтың ұлттық құндылықтарын насихаттау арқылы, әлем жұртшылығы - домбыраны тану арқылы қазақтай өнерпаз елдің мәртебесі қашан да биік екенін ұғынды. Ата-бабаларымыздан асыл мұра боп жеткен домбыраның шанағынан жыр мен күй төгетін өнерпаздарымыздың мерейі үстем болсын, ұлт құндылығынан жас ұрпақ жатсынбасын деген ниетпен, думанды кеш те өз мәресіне жетті.
Айкерім ШАҒАТАЕВА,
Сүлеймен Демирел атындағы университеттің 2-курс студенті