«Десантник»

«Десантник»

Сәбит Ауданов – 56-шы әуе шабуыл бригадасының (ДШБ) құрамында 1986 жылдың жазы мен 1988 жылдың мамыр айы аралығында Ауғанстан жерінде интернационалдық борышын өтеген азамат. Ресейдің сол кездегі Ленинград қаласынан әскер қатарына шақырылған 18 жастағы жылыойлық бозбала өзі секілді 150-ге тарта сарбазбен бірге Өзбекстанның Ташкент қаласына ұшақпен жеткізіледі. Тіл кептірер аптапты Ферғана аңғарында үш ай бойына үздіксіз әскери дайындықтан өтіп, жауынгерлік өмірдің ыстығы мен суығына шыңдалған жас десантшылар көп ұзамай Кабул қаласынан бір-ақ шығады. Әрмен қарай, Пактия провинциясының Гардез қаласына келіп табан тірейді.

"Керуен торыған «қарақшылар»

Жылыойлық жігіттің өмір мен өлім итшығыс түсіп жатқан алыстағы Ауған жеріндегі жалынды жауынгерлік жорығы, міне, осы жерден басталады. Ол өзге сарбаздар секілді иығына жай Калашников автоматын асынып қана қойған жоқ. Жат топыраққа табан тірегеннен-ақ қолына «УТЕС» пулеметі де қоса тиеді. Бұл кеңес әскеріндегі 12,7 мм-лік ірі калибрлі ауыр қарудың бір түрі. Сәбит Баймұханұлының айтуынша, оның біреуінің өзі үш сарбазға татырлық. Ұрыстан кейін бөлшектегенде үш жаққа бұтарланып, әрқайсысы бір-бір жігітке жүк болады. Сондықтан да УТЕС-тің «аяқ-қолы мен денесін» сапта үшке бөліп, үш жауынгер алып жүреді екен.

Сөз басында кейіпкеріміздің әскерге көрші мемлекеттен шақырылғанын айттық. Расында да, 1986 жылы 18 жастағы өрімдей жас Ресей жерінде не істеп жүр? Ол – өзіміздің Тұрғызба топырағының түлегі. Ауылдағы М.Әуезов атындағы орта мектептің 8-класын бітіргеннен кейін арман қуып Ленинград қаласына аттанады. Ондағы орта кәсіптік-техникалық училищеге оқуға түсіп, дәнекерлеуші мамандығын алып шығады. 1985 жылы ойдағыдай аяқтап, мамандығымен жұмыс та жасайды. Әскерге шақырылғанға дейін сол кездегі «ДОСААФ»-тың жанынан құрылған парашют үйірмесіне қатысады. Спорттың ерекше түріне деген қызығушылық болашақ десантшыны шыңдай түседі. Сөйтіп, келер жылдың көктемінде сарбаздар сапына тұрған жылыойлық жігіттің бойы да, сойы да ДШБ-ға сұранып тұрады.

- Ол кезең - кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылуына санаулы жылдар қалған уақыт. «Учебкада» бізді от пен оқтың ортасынан шыққан ардагер-офицерлер жаттықтырып, моджахедтердің небір қитұрқы ұрыс тәсілдеріне қарсы тұруға мықтап үйретті. Біздің бригада 4 батальоннан және артиллерия құрамынан тұрды. Негізінен, барлаушылардың алдын ала берген дерегі бойынша, көрші Пәкістаннан Ауған жеріне қадам басқан әскери керуеннің жолын тосып, шабуылдап, көзін жоямыз. Онда жалдамалы пәкістандықтармен бірге соңғы үлгідегі қару-жарақ түрлері, ақша, кейде шетелдік азаматтар да ағылады. Тарихтан белгілі, КСРО-ға АҚШ-тан бастап Батыс Европаның барлық елдері қарсы тұрды. Олар Ауғанстанды қару-жарақпен, қаржымен ғана емес, әскери нұсқаушылармен де қамтыды. Соңғысы моджахедтерді түрлі жауынгерлік әдіс-тәсілдерге үйретіп, жаңа қару түрлерін меңгертті. Міне, біз сол әскери күштердің бетін тойтару үшін жорыққа шығатын едік. Бірақ осыншама уақыт жол жүріп, соншама күн күттірген «каравандар» төзіміңді тауысып, бірден келе қоймайды. Міндетті түрде олардың алдында барлаушылары жүреді. Санаулы адамнан құралған, біз оны «дозорный» дейміз. Әрине, біздің көздеген мақсатымыз олар емес. Сондықтан қанша дауыс салып, өздеріне қарай жұрттың назарын аударғысы келгенімен біз әлгілерді өткізіп жібереміз. Ал керуен келгенде қарақшыдай тиеміз,-дейді жат жердегі жауынгерлік жорықтарын еске түсірген Ауған соғысының ардагері Сәбит Ауданов.

Иә, десантшылар шабуылға шығу үшін өте алыс сапарға аттанатын еді. Керуеннің көлеміне қарай бірде взвод, ендігі кезекте рота болып жолға шықса, тіпті тұтас батальонды бастап барған кез де кездескен. Ал сырттан келетін «қонақтарды» бірнеше күн, кейде апталап күтіп, тау шатқалын паналайды. Ол үшін әскери бөлімнен шыққан-ақ қас қарайған түнгі мезгілде ғана алға жылжып, күндіз тау-тастың тасасын паналап, көзге түспей жатады. «Сіздер шабуылдаған керуеннен шетелдіктер кезікті ме?» деген сауалымызға:

-Екеуін ұстадық. Ондай шетелдік нұсқаушылар - кәнігі кәсіби әскери мамандар, өліспей-беріспейді. Сондықтан тірілей ұстау оңайға соқпайды. Көбіне көп оққа ұшып жатады. Мен кезіккен керуеннің бірінен француз азаматы шықса, екіншісінен әйел адам ұсталды. Нәзік жандылар көбіне Ауғанға моджахедтерді мергендікке баулу үшін келеді,-деп жауап берді.

Табан астындағы тажал

Десантшылар шеттен келген «қонақтарды» торуылдап қана қойған жоқ. Өздері де кеңес әскері автокеруенінің қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Кабулдан Гардезге дейін сапар шеккен сондай үлкен «караванның» бірінде Сәбит жолдастарымен бірге БТР-дің үстінде алдыңғы лекте келе жатқан еді. Кенет техниканың табанының астынан мина жарылып, сарбаздар жан-жаққа допша домалап түсті. «Мен екі-үш минуттың ішінде есімді жинап алдым. Достарымның арасында сағаттап талып жатқан жауынгерлер де болды» дейді кейіпкеріміз сол бір сын сағатты еске алып. Сондай жауынгерлік сапарлардың бірінде қоршауға қалған сәттер де кездескен. Мәселен, Олихел деген шатқалдың тұсына келіп аялдап, тыныстаған біздің әскерлерге күн батып, қас қарайған бойда моджахедтер жан-жақтан тап береді. Қарша бораған оқтан қаншама сарбаз қапыда кетіп, қаза тапты. Абырой болғанда, жақын жерде БТР болып Құдай сақтаған. Бір сарбаз сол техникаға жетіп үлгеріп, оның зеңбірегімен жауға аждаһадай тажал төндіріп, тойтарған. Әйтпесе, жай қарумен анталап келген жаудың бетін қайтару мүмкін емес еді. «Кейін бекініп, оқ атқан жерлерін барып қарағанда БТР-дың оғына төтеп бере алмаған дұшпан ауыр қару-жарақтарын тастай қашып кеткенін көрдік» дейді Сәбит Баймұханұлы.

Гардез секілді қалаларды биік-биік таулар қоршап жатады. Ондай құздың басына қыран құстай бекініп алған десантшылар кейде бейбіт тұрғындардың тыныштығы мен әрлі-берлі өткен әскери құрамалардың қауіпсіздігін де күзетті. Айталық, елге оралуға жарты жылдай уақыт қалғанда, Сәбит Ауданов өзі секілді қанды көйлек жолдастарымен бірге алты ай бойына казарма көрместен осындай биік шатқалдың басында жатты. Өйткені, тау-тастың тасасын паналаған әккі дұшпан кез келген уақытта оқ атып, қастандық қылуы мүмкін.

-Мұндай тау шатқалындағы шағын бекіністерге апаратын бірнеше жол болады. Одан өту үшін міндетті түрде саперді алға салып жүреміз. Өйткені, көпшілігіне мина қойылады. Оның біреуі ғана таза болып шығуы мүмкін, бірақ жолда міндетті түрде жау тосып тұрады. Сондай бекіністің бірінде орналасқан бір взвод жауынгерді моджахедтер «ловушкаға» алып, қырып салған сәт те болған. Қанды қырғыннан тек үш сарбаз ғана тірі қалады. Бірақ біреуінің кейін есі ауысып кеткен. Қарша бораған оқ, көз алдында қан-жоса боп өліп жатқан жолдастарын көргенде, шыдай алмаса керек,-дейді ардагер.

«Таудан құлап, тірі қалдым»

Сәбит Ауданов қызмет еткен десантшылар жаудың қару-жарақ, оқ-дәрі жасырған әскери базасын да басып алған. Барлаушылардың берген дерегімен жортуылға шыққан бригада жауынгерлері Желалабад қаласынан шалғайдағы бір қышлақтың маңынан моджахедтердің жасырған қоймасының үстінен түседі. Онда соңғы үлгідегі қарулар, басқа да әскери дүниелер табылады.

-Пәкістаннан келетін «караванның» жолын кесеміз деп жорыққа шыққан түнгі мезгілдің бірінде тау басындағы қарға табаным тайып кетіп, тау шатқалынан төмен қарай құлдилап, құлап кеттім. Көрер жарығым, татар дәмім бар екен. Құздың шетіндегі адам сиятындай тастың шетіне кептетіліп қалдым. Қарасам, кәдімгідей орындыққа жайғасқандай отырмын. Екі аяғым төмен салбырап тұр, табан тірейтін жер жоқ. Кептетіліп қалғаным сонша, қозғалуға мұрға жоқ. Арқамда салмағы сан батпан үлкен қапшығым бар. Айнала тас қараңғы, жарық жағуға болмайды. Өйткені, жау сәл жылт еткен сәулені аңдып отыр. Жоғары жақтан жолдастарым «Живой?» деп айқайлады. Мен тірі екенімді білдірдім. Командирім бір-екі сарбазбен қасыма жақындады. Қаруымды алып қалып, қалған заттарымды тастауға бұйырды. Сөйтіп, лекерлеп әрең шықтым. Сол жерде демалып, күн шыққасын қарасам, мен құлаған тау шатқалының төменгі жағы көз жетпейтін шыңырау екен. Орыстар айтқандай, «родился в рубашке» деген осы болды, - дейді Сәкең.

Иә, жат жерде қардай бораған оқ пен төбеден тажал боп төнген оттың ортасынан, қанға бөктірген қауіп-қатердің арасынан аман шыққан жылыойлық жауынгер 1988 жылдың көктемінде Ташкент топырағына табаны тиеді. Ол жылы ефрейтор Сәбит Ауданов «УТЕС» пулеметшілер бөлімшесінің көмандирі болып әскери борышын өтеп жүрген еді. Қасындағы қарулас досы, қазақ жігіті, қарақалпақстандық Асхат Арешбаевтың Өзбекстандағы туысының үйінде біраз күн аялдап, туған ауылына аман-есен жетеді. Айтпақшы, Қоңырат қаласында тұратын қанды көйлек жолдасымен әлі күнге дейін хабар-ошарын үзген жоқ.

Әрине, Ауған соғысының ардагері Сәбит Аудановтың алыста қалған жауынгерлік жорығы жөнінде бұдан да ұзақ әңгімелеуге болар еді. Жат жерде өткізген екі жылға тарта өмірінде ол небір қантөгісті бастан кешірді. Ертең елге ораламын деп отырған «дембель» жігіттердің мергеннің оғы тиіп, көз жұмғанын, қаннен-қаперсіз отырғанда қоршауда қалып, бір оқ ата алмай қапыда қыршын кеткен өзі секілді жігіттердің ажал құшқанын, минаға түсіп, БТР ішінде тірілей жанып кеткен сарбазды да көрді. Иә, сол ажал аңдып, тажал төндірген сол сын сәттерде дұшпанға қасқайып қарсы тұрудың өзі ерлік. Жерлесіміз сондай жауынгерлік жолдан өтіп, ата-бабамыздың, кешегі Ұлы Отан соғысында от кешкен боздақтардың ерлік дәстүрін жалғады. Ендеше, бүгінгі ұрпақ Сәбит Ауданов сынды бейбіт өмірдің батырларынан үлгі-өнеге алуы керек.

Ауған соғысының ардагері Сәбит Ауданов жауынгерлік ерлігі үшін «За боевые заслуги», «От благодарного афганского народа» медалімен, басқа да наградалармен марапатталды. Бірақ, ерлік орден-медаль алу үшін жасалмайды. «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа – ұран».

Е.Қошақанов

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT