«Әдепті келін – ауылдың көркі»

Қазақ қыз баланың тәрбиесіне баса мән берген халық. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деп оған бар әулеттің келешек келіні, ұрпақ болашағының ұйтқысы ретінде қараған. Көргенді ортадан шыққан қыз инабатты да ибалы мінезімен тәнті етіп қана қоймайды, келін болып түскен ауылдың береке-бірлігін арттырып, ұлттық салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыздың сақталуына мұрындық болады. «Келіні жақсының – керегесі алтын» деген даналы сөз осындайда айтылса керек. Ғасырлардан жалғасып келе жатқан бұл игі үрдіс әлі сақталып келеді.

Аудандық Аналар кеңесі мен Жастар ресурстық орталығының бірлесіп ұйымдастыруымен мәдениет үйінде өткен аудандық «Әдепті келін – ауылдың көркі» атты келіндер сайысы сол ұлттық құндылығымызды паш еткендей болды.

Шараның басты мақсаты – қазіргі жас келіндер арасында ежелден ұмыт болған ата-дәстүр салтымызды қайта жаңғыртып, қазақ келінінің бойынан табылуы тиіс игі қасиеттерді қайта жандандыру. Сайысқа Құлсары қаласы мен ауылдық округтерден 8 келін қатысып, бес кезең бойынша сынға түсті.

«Сәлем – сөздің анасы» демекші, алдымен қатысушылар өздерін таныстырды. Осы кезде үлкен экраннан үміткерлер туралы бейнеролик жүріп тұрды. Онда келіндер ата-енесіне сәлем салып, шәйін демдесе, бірі қазан басында, ал бірі мал сауып, бала тәрбиесімен айналысып жатқаны көрініс тапты.

Бұдан соң «Халқын сүйген – салтын сүйер» деген қазақтың салт-дәстүріне байланысты сұрақ-жауап кезеңі басталды. Қатысушылардың сүрінген кезі де осы сәт болды. Келіндер құрсақ шашу, тоқым қағар сынды кезінде халық арасында кеңінен тараған көне рәсімдер жайлы білмейтін болып шықты. Қарапайым шежіре мен жеті атадан, қыздан тарайтын ұрпақты тарқатып айта алмады. Ал «Саусағынан бал тамған келіндер-ай!» кезеңінде қатысушылар өз қолымен тағам әзірлеп әкелуі тиіс-ті. Онда қазақтың кез келген келіні пісіре алатын бауырсақ, ет, қуырдақ, бұжы сынды бас тағамымызбен қатар, жаңа босанған келінге пайдалы «Жілік май» да ортаға әкелінді. Құрт, ірімшік, қаймақ пен сүзбе, қымыз, шұбат сынды сүттен дайындалатын тағамдарды жасау барлық қатысушылардың қолынан келетіні белгілі болды. Келіндерге әділ бағасын берер әділқазылар алқасы расында да, келіндердің қолынан бал тамып тұрғанына куә болып жатты.

Үйдің тірлігінен бөлек, сырттағы малды сауу, шарбақ сыпырып, үйді әктеп-сылау сияқты барлық жұмысқа араласа беретін қазақтың келіндері перзентінің тазалығына да жауапты екені сөзсіз. Соның ішінде, қыз баланың бұрымына қатты мән беретін қазақ оның шашын үнемі өріп қоятын. Үшінші кезеңде жас келіндер шаш өрудегі ептілігі мен жылдамдығын көрсетуі керек болды. Бірі екі өрім, енді бірі жылан өрім, ал бірі шаңырақ тәрізді етіп өруден өнерлерін ортаға салды. Әсіресе, олардың өрілген шашқа шашбау тағуы көпшілікті сүйсінтті. Бұл кезеңде де келіндердің осалы болмады.

Соңғы кезең өз өнерлерін ортаға салу еді. Бұл сында да келіндердің өнерден кенде еместігі көрінді. Бірі өлең, монолог оқыса, енді бірі ән шырқап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Арасында қолөнермен айналысатын жандар да бар екен. Олар қолдан тігілген сөмке, қоржындарын көрсетті.

Бір-бір үйдің отанасы, келін тәрбиелеп, немере бағып қана қоймай, қоғамдық жұмыстарға белсене араласатын аналардан құралған әділқазылар алқасының шешім шығаратын сәті де келіп жетті. Сайысты төрайымы Мұстахима Малашқызы қорытындылады. Кеткен қателіктерді саралап, ескерілуі тиіс ақыл-кеңесін де айтып өтті жас келіндерге. Жалпы бүгінгі шараға қатысқан әрбір келін жеңімпаз екенін баса айтып, «бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетіп» отырған жас аналарға алғысын жеткізді. Сайыс нәтижесі бойынша Жанаргүл Әбілдиева, Гүлбану Жауынбаева, Айдана Теңізбаева, Нұргүл Нұрадинова, Аяжан Шыңбергендер Алғыс хат және сыйлықтармен марапатталды. Ал Данагүл Қыдырбаева 3-орынды иеленсе, Мөлдір Исина 2-орынды қанжығасына байлады. Жүлделі 1-орынды Назгүл Өтепбергенова жеңіп алды.

Перизат ТҮРКЕНБАЙҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT