Дарындарды даярлаған дарабоз

КҮЙ – ҚАЗАҚТЫҢ МУЗЫКА ӨНЕРІНІҢ АСЫЛ МҰРАСЫ. ХАЛҚЫМЫЗДЫҢ ШЫТЫРМАН ТАЙҒАҚ КЕШУШІ ТАРИХИ ТАҒДЫРЫНЫҢ ЕҢ БАСТЫ КУӘГЕРІ ҰЛТТЫҢ АРЫ МЕН НАМЫСЫН БОЙЫНА СІҢІРІП, ҰРПАҚТАН ҰРПАҚҚА ЖЕТКІЗГЕН ОСЫ ҚАСИЕТТІ ҚАЗАҚТЫҢ ҚАРА ДОМБЫРАСЫ! ҰЛЫ ҚҰРМАНҒАЗЫ МЕН ДИНА, ДӘУЛЕТКЕРЕЙ МЕН ҚАЗАНҒАП, МӘМЕН МЕН СЕЙТЕК СИЯҚТЫ ДАРАБОЗ, ДҮЛДҮЛ ДОМБЫРАШЫЛАР ӨЗ ШӘКІРТТЕРІНЕ ӨЗДЕРІНІҢ КҮЙЛЕРІН АРНАЙЫ МЕКТЕП АШУ АРҚЫЛЫ ҮЙРЕТПЕГЕН. ОЛАР ТАЛАНТТЫ ЖАС КӨРСЕ, ЖАНДАРЫНА ЕРТІП ЖҮРІП, ЕСТІГЕНІ БОЛСА ІЗДЕП ТАУЫП, «ҚҰЙМА-ҚҰЛАҚ» ДӘСТҮР БОЙЫНША ҰСТАЗДЫҚ МАҒЛҰМАТ БЕРГЕН. АЛ, ҚАЗІРГІ ШӘКІРТТЕРІМІЗДІҢ БАҒЫТЫ-АНАНЫҢ АҚ СҮТІМЕН БОЙЛАРЫНА ДАРЫҒАН ӨЗ ӨНЕРЛЕРІН, МУЗЫКАЛЫҚ КӘСІБИ БІЛІМ БЕРЕТІН ӨНЕР ОРДАЛАРЫНДА ШЫҢДАП, ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗДАРДАН ТӘЛІМ-ТӘРБИЕ АЛЫП ЖАЛҒАСТЫРУДА. МІНЕ, СОЛАРДЫҢ БІРІ - РЕСПУБЛИКАМЫЗҒА ТАНЫМАЛ ҮЛКЕН ӨНЕР ИЕСІ, ДОМБЫРАШЫ-ҰСТАЗ «ҚР БІЛІМ БЕРУ ІСІНІҢ ҚҰРМЕТТІ ҚЫЗМЕТКЕРІ», «АЛАШ ҰСТАЗЫ» ТӨСБЕЛГІСІНІҢ ИЕГЕРІ, «ҚР КҮЙШІЛЕР ОДАҒЫНЫҢ» МҮШЕСІ, «Д.НҰРПЕЙІСОВА АТЫНДАҒЫ ХАЛЫҚТЫҚ МУЗЫКА АКАДЕМИЯСЫ» АТЫРАУ МУЗЫКА КОЛЛЕДЖІНІҢ «ПЕДАГОГ САРАПШЫ» ОҚЫТУШЫСЫ ЖОЛДАСОВА КЛАРА ЗИНОЛЛАҚЫЗЫ.

ҰШҚАН ҰЯ.

ОРЫНДАЛҒАН АРМАН

«Ат аунаған жерінде түк қалады» деген. Клара Зиноллақызының бойындағы домбырашылық, күйшілік өнер – әкенің қаны, ананың ақ сүтімен дарыған қасиет оның өмір жолына айналды. Қасиетті домбырамызды жеті жасынан ұстаған Клараның марқұм әкесі Жолдасов Зинолла – өте қарапайым шаруа, балаларын да адал еңбек етуге тәрбиелеп, 1 ұл, 4 қызын білімге, өнерге үйретуден жалықпады. Әкесі домбырамен күй тартса, анасы Нұрғанымның бойында да жақсы әншілік өнері бар болатын. Анасы Айтболатқызы Нұрғаным ауылдағы жиын тойлардың сәні болатын, дастархан басында ән-күйімен той қуаныштарының ажарын келтіріп отыратын. Домбырамен ән шырқап, 1 домбырасын ұлы Төлендіге, 1 домбырасын Клара қызына беріп, үйдің ішіне шағын концерт қоюшы еді. Ал ағасы Төленді де өнерлі, мәдениет училищесінде оқыған, домбыра құлағында еркін ойнаған, төкпе күйдің шебер орындаушысы болды. Жақсы дауысымен де әндерді сазына келтіріп орындайтын. Артынан ерген бауырлары Света мен Тамара да басқа мамандықтың иесі болса да, ана сүтімен дарыған бойындағы өнерлерімен жақсы ән салатын. Кенже сіңлісі Татьяна – Алматы мемлекеттік қыздар институтының түлегі. «Музыка» мамандығын жақсы меңгерген, қобыз аспабының маманы. Міне, «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің!» - дегендей, Клараның ата-анасынан, бауырынан көрген осы қасиеттері оны – өнер әлеміне талпындырды, қияға қанаттандырды. Клара Зиноллақызы – сол «Ұшқан ұяда» болған шағын ансамбльдің жалғасы, ата-ана бауырларының мақтанышы.

Ұлағатты ұстаз домбырашы Клара Зиноллақызы 1960 жылы қазақтың төкпе күй дәстүрінің негізін қалаған ұлы тұлға күй атасы Құрманғазы туған киелі топырақта дүниеге келді. 1967 жылы Құрманғазы ауданы Орлы орта мектебінде оқып жүріп, аудандық, облыстық өнер сайыстарында өзінің домбырашылық өнерімен танылған Клараны арман асулары алға жетелеп, 1977 жылы Гурьев (Атырау) музыка училищесіне «домбыра-тенор» мамандығына оқуға түсуге алып келеді.Жолы болып Атырау топырағындағы қазақтың аспаптық музыкасы, оның ішінде күй өнері мен халық оркестрінің дамуына айрықша еңбек сіңірген, республикаға танымал, төкпе күйдің айтулы шеберлерінің бірі – ҚР Білім беру ісінің үздігі, атақты домбырашы-дирижер – Боздақ Рзахановтың (1935-1995) класына оқуға қабылданады. «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» демекші, Клара Зиноллақызы училищеде жүрген кезінен-ақ – Б.Рзахановтың жетекшілігімен бірнеше облыстық, республикалық сайыстарға қатысып, дараланып көзге түсті. 1981 жылы Алматы қаласында өткен ІІІ республикалық «Жас орындаушылар» сайысында лауреат атанады. Сол жылы Құрманғазы атындағы Алматы Мемлекеттік консерваториясына елімізге танымал тұлға, атақты педаог, талай дарабоз домбырашыларды тәрбиелеп, өнер әлеміне қанаттандырып ұшырған профессор Қ.Мұхитовтың класына оқуға қабылданады. Қ.Мұхитовтай айтулы өнердегі биік тұлғаның класына қабылданып, шәкірт болу әрбір кәсіби өнердің биік баспалдағына қадам басқан студенттің арманы-бақыты болатын. Арман орындалды. Клара Зиноллақызы оқуын тәжірибемен ұштастыра жүріп, 1985-1988 жылдар аралығында атақты Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптар оркестрінде әртіс болып еңбек етті. Айтулы өнер ұжымы құрамында бірнеше одақтас ТМД елдерінде гастрольдік сапарларда болып, өз өнерін көрсетті. 1986 жылы Баку қаласында өткен «У.Гаджибеков» атындағы бүкілодақтық ұлт аспаптарында орындаушылар сайысында екінші орын иеленіп, лауреат атанады.

ӨНЕРІМ

ӨМІРІМ – МЕНІҢ

ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, ұлағатты ұстаз-домбырашы К.Зиноллақызы 1988 жылдан бері «Д.Нұрпейісова атындағы Халықтық музыка академиясы» Атырау музыка колледжінде абыройлы еңбек етіп келеді.Өмір атты үлкен кітаптың беттерін парақтап қарасақ, К.Зиноллақызының тек ұстаздық жолдағы еңбегінің өзі 40 жылдан асады. Бұл жылдардың әр сағаты оның сындарлы өсу, кемелдену кезеңдері еді. К.Зиноллақызы ең алғаш еңбек жолын бастаған уақытта кәсіби орындаушы болып Д.Нұрпейісова атындағы академиялық халық аспаптар оркестрінде әртіс, жеке орындаушы болып кәсіби шеберлігін шыңдау мақсатында бірнеше республикалық конкурстарға қатынасып, лауреат атанып, жоғары жетістектерге қол жеткізді. Тамаша орындаушылық шеберлігімен көзге түскен ол 1990 жылы 2 республикалық «Құрманғазы» атындағы 1992 жылы Ақтау қаласында өткен 1 республикалық «Қашаған Күржұманұлы» атындағы домбырашылар конкурсында лауреат атанды.

«Қыран-түлегіне қайыспас қанат сыйлайды, ұстаз-шәкіртіне таусылмас талап сыйлайды» - демекші, күні бүгінге дейін К.Зиноллақызының алдынан 55 түлек өнер әлеміне қанаттанып, соның 25-тей студент Консерваторияны және еліміздің мәдениет, өнер жоғары оқу орындарын бітіріп Республикамыздың түкпір-түкпірінде – Консерваторияда, ҚР Мәдениет министрлігінде, Академиялық оркестрлерде, облыстық филармонияларда, ББМ-терінде таңдаулы өнер ұжымдарында фольклорлы өнер ұжымдарында абыройлы еңбек етіп жүр. «Ұстаз бақыты – озып тұрған шәкірті» деген осы емес пе! Ендеше, ұлағатты ұстаздың өзіне мақтаныш етер шәкірттері көп-ақ. Олар «Д.Нұрпейісова атындағы академиялық» халық аспаптар оркестрінің бас дирижері – Мемлекеттік «Дарын» Жастар сыйлығының иегері, Халықаралық, Республикалық конкурстардың лауреты – Долдашев Болат, Н.Жантөрин атындағы «Нарын» фольклорлық халық аспаптар оркестрінің дирижері, ҚР мәдениет саласының үздігі, Республикалық бірнеше конкурстардың лауреаты Жұмашева Сая, ҚР Мәдениет қайраткері «Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясының» оқытушысы Камалиденов Талғат, Республикалық бірнеше конкурстардың Гран-при иегері –Бибатырова Сабира, республикалық конкурстардың лауреты – Сәрсенов Рахат, Д.Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясы Атырау музыка колледжінің оқытушысы, Республикалық конкурстардың лауреаты-Әбілов Сардарбек, Бердібекова Назерке, республикалық конкурстардың лауреаты- Тәжікенов Нұржан т.б К.Зиноллақызының шәкірттері республикалық «Шабыт, Құрманғазы, Дина, Дәулеткерей, Бұлбұл-домбыра, Қазанғап, Махамбет, Мәмен, Сейтек, Ә.Есқалиев, Б.Харабалина аймақтық, облыстық жас орындаушылар «Б.Рзаханов, А.Жайымов» т.б конкурстардың лауреаттары атанды. Дәулетиярова Э, Қанжанова Г, Ермекова А, Базаров А, Айтпаев Т, Төлегенова Ә, Искалиева Г, Қатапов С, Бердібекова Н, Зинеденов Ә, Зиноллаев А, Оңайбаев Ә,Қадыр Е,Кзылгулов Қ, Қощанов Н, Қуаныш Ж т.б шәкірттерін осындай дүбірлі додаларға дайындауда жоғары жетістікке жетіп жүрген К.Зиноллақызы-кәсіби орындаушылық шеберлігі жоғары, өресі биік үлкен өнер иесі. Кәсіби біліктілігімен, ұстаздық шеберлігімен колледждегі әріптестері арасында үлкен беделге, айрықша құрметке ие болған К.Зиноллақызының классы-(лауреаттар) деп аталады. К.Зиноллақызы бұндай атауға әбден лайық. Өйткені, шынында да оның алдынан тәлім-тәрбие алған шәкірттері Республикалық өнер додаларында өздерінің орындаушылық кәсіби шеберліктерімен облысымыздың, колледжіміздің атақ-абыройын асқақтатып, биік жетістіктерге жетіп, мәртебемізді көтеріп жүр. К.Зиноллақызы бірнеше жыл колледжімізде «Жыл оқытушысы» атағын иеленді. Облыстық «қабілетті оқушылармен жұмыс» әдістемелік фестиваліне қатысып 2 орын иеленді. Ұзақ жылғы еңбек тәжірибесі облыстық ББМ-не, облыс көлеміне таратылды. Есімі «Атырау облысы мұғалімдер энциклопедиясының» 1 томына енгізілді. Республикалық ғылыми көпшілік мәдени-танымдық, іскерлік зияткерлік қоғам журналына, «Дина күйлерінің орындалу ерекшеліктері» тақырыбына көлемді мақаласы жарық көрді.

Кәсіби ұстаздық қызметінде К.Зиноллақызы облыс, республика көлеміндегі түрлі қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, ұйымдастырушылық қабілетімен танылды. Ол колледжімізде домбырашылар тобына класс жетекшілік жұмысын абыроймен атқарып, шәкірттерге кәсіби білім берумен қатар, тәрбие жұмыстарын да шебер ұйымдастыра білді. Бірнеше жыл колледждегі «домбыра пән бірлестігінің» төрайымы міндетін абыроймен атқарды. Ол ҚР Білім беру және Ғылым министрінің бұйрығымен Қызылорда музыка колледжін Мемлекеттік аттестаттау құрамы мүшесі болып, үлкен мәртебеге ие болды, өзін білікті маман екенін көрсете білді. К.Зиноллақызы сондай-ақ бірнеше республикалық деңгейдегі ғылыми-практикалық конферецияларға қатысып, облыстық қалалық саз мектептері мұғалімдерінің қатысуымен ашық сабақтар өткізіп, «озық тәжірибелі ұстаз» атанды. Ол колледж студенттеріне – «Арнайы аспап», «БММРТ» пәндері бойынша жасалған оқу бағдарламасының авторы. К.Зиноллақызы бірнеше рет «Жас орындаушылардың Республикалық сайыстарында, консерваторияда өткен «Кіші олимпиада» сайыстарында, Д.Нұрпейісова атындағы «Бұлбұл-домбыра» Республикалық сайыстарында, аймақтық, облыстық «Б.Қарабалина», «С.Құсайынов», «Б.Рзаханов» т.б. сайыстарымен мемлекеттік емтихан комиссиясында қазылар алқасының мүшесі болды. К.Зиноллақызы колледж ұжымында әріптестері мен шәкірттеріне үлгілі де өнегелі құрмет иесі. Ол үлкен қарапайымдылық қасиеті мен ақыл парасаттылығының молдығы, кішіпейілділігімен адамға деген жылы кеңпейілділігімен, үлкенге деген құрметімен кішіге деген ізет қамқорлығымен ерекшеленетін ұстаз.

ӘРІПТЕСТЕР ТІЛЕГІ

Орақ Жауыров – белгілі домбырашы дирижер, колледж түлегі, ҚР Білім беру ісінің үздігі «Құрмет орденінің иегері», «Атырау облысының Құрметті азаматы». «Бұлақ көрсең – көзін аш» деген Клараны «Теңіз» ауданынан колледжге оқуға түсуге алып келгенім есімде. Клара – шебер домбырашы. Күйді де, шығарманы да мәніне келтіріп шебер орындаушы. Керемет – оркестрант, ұлағатты ұстаз, Республикаға белгілі домбырашыларды, лауреаттарды дайындап жүрген үлкен өнер иесі, атақты домбырашы Бақыт Қарабалина апамыздың өнердегі жолын жалғастырып келе жатқан сенімді ізбасар сіңлілерінің бірі.

Ерлан Сақтанов – ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, «Д.Нұрпейісова атындағы халықтық музыка Академиясы» Атырау музыка колледжінің домбыра пән бірлестігінің төрағасы. – ҚР Білім беру ісінің «Құрметті қызметкері» К.Зиноллақызының есімі колледжде құрметпен аталады. Ол «лауреаттар класы» атанған, өз класынан бірнеше түлекті қанаттандырып ұшырған, Республикамызға танымал белгілі ұстаз-домбырашы. К.Зиноллақызы – колледжіміздің тарихына өзіндік қолтаңбасын қалдырып келе жатқан тұлға. К.Зиноллақызы өз бойындағы, асыл қасиетін, кәсіби білімін өз шәкірттеріне үйретуде үлкен жетістіктерге жетіп келеді. Әлі есімде, 1988 жылы, сол кездегі жас домбырашы маман Клара Зиноллақызы ең алғаш осы колледжде еңбек жолын бастаған кезде, оқып жүрген студенттер ол кісінің аспапта ойнау шеберлігіне, сахнадағы мәдениеттілігіне сүйсіне қарайтынбыз.

Клара Зиноллақызы осы жылдар ішінде колледждегі кәсіби домбырашы мамандар дайындаған өзіндік қолтаңбасы бар республикалық, халықаралық сайыстарда топ жарған белгілі күйшілер Т.Камалиденов, С.Бибатырова, Р.Сарсенов, Н.Тәжікенов, Б.Долдашев, С.Әбілов, Ә.Оңайбаев, Е.Қадыр т.б. шәкірттер тәрбиелеген тәжірибелі әдіскер-ұстаз. Биылғы оқу жылында шәкірті Қуаныш Жаннұр 45 – Республикалық колледжаралық орындаушылар, Мағзом Ерасыл – Аймақтық XV Ұлттық дельфий ойындары конкурстарынан лауреат атанып, үлкен жетістіктерге жетті. Республикалық кіші олимпиада, республикалық колледж аралық конкурстарда өзінің әрбір шәкіртіне кәсіби талап қойып, үлкен аналық жүрекпен болашағына бағыт-бағдар беруде өзіндік үлесі бар білікті маман.

Клара Зиноллақызы жас ұрпаққа кәсіби музыкалық білім берудегі айрықша еңбектері үшін 2005 жылы ҚР білім беру ісінің Құрметті қызметкері, 2017 жылы «Алаш ұстазы» төсбелгісімен, 2018 жылы «Қазақстан педагогтер қауымдастығы» төралқасының шешімімен «Қазақстанның үздік ұстазымен» марапатталды. 2021 жылы ҚР Күйшілер Одағының мүшесі. Ол сондай-ақ, 2013 жылы Құрманғазының 190 жылдығына арналған 1000 адамдық оркестр құрамында өнер көрсетіп, Сертификат, бірнеше рет ҚР Білім және Ғылым министрлігінің облыстық білім және мәдениет басқармаларының, Қазақ Ұлттық Консерваториясының Құрмет грамоталары, дипломдары мен алғыс хаттарымен марапатталды! Осындай толағай табыстарға жеткен жетістіктері – «Ұстаз болу –жүректің батырлығы» (З.Қабдолов) дегендей, тек өз мамандығының құрметті, үлкен өнер иесі ұстаз-домбырашы К.Зиноллақызына әбден лайық марапаттар. Көрсетілген үлкен құрмет.

ҰСТАЗ-АНА

Клара Зиноллақызы жауапкершілігі мол ұлағатты ұстаз, үлкен өнер иесі болуымен қатар, үлкен бір әулеттің келіні, шаңырақтың жылуы – отанасы. «Әйел – үйдің шырағы, жақсы жар – үйдегі ырысың» дегендей, К.Зиноллақызы байсалды да биязы, қазақ әйеліне тән сабырлы жайлы, шуақты мінезімен үлкен жанұяның берекесі болып бойына адамгершілік, имандылық, қасиеттердің озық үлгілерін жинаған өңірімізге белгілі тұлға, колледжіміздің үрмелі-соқпалы аспаптар бөлімінің негізін қалаған өнер иесі. Құрманғазы атындағы Алматы Мемлекеттік Консерваториясының түлегі Байгужин Қайрат (марқұм) інімізбен жанұя құрған, бірнеше немере сүйіп отырған, аяулы Ана, асыл-Әже! Шаңырақты ұстап отырған ұлы Нұрлыбегі мен келіні Бақытгүл қызғалдақтай құлпырған сүйкімді қыздары Бақытгүл мен Зульфия бұл күндері өсіп-өніп, әрқайсысы жоғары білімді маман иесі атанып, бір-бір үйдің ошағын маздатқан ибалы, үлгілі келіндері атанып отыр. Ұстаз Анаға бұдан артық бақыт бар ма, сірә!

Иә, 65 жылдық тарихы бар Д.Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясы Атырау музыка колледжінің түлегі, Халық аспаптар бөлімі, домбыра пән бірлестігінің педагог сарапшысы, домбырашы ұстаз, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері, Алаш ұстазы төсбелгісінің иегері ҚР Күйшілер Одағының мүшесі Клара Зиноллақызы жоғары деңгейдегі кәсіби ұстаздық шеберлігімен, ұлағатты адами қасиеттерімен шәкірттеріне, әріптестеріне сыйлы да қадірлі тұлға. Біз сол үшін де әріптесімізді өзімізге үлгі, мақтаныш етеміз. К.Зиноллақызына мықты денсаулық, жанұясына мол бақыт, өміріне шаттық қуаныштар тілей отырып, шәкірттері өнер әлемінің биік шыңдарына өрлей берсін,- демекпіз.

Нәсіпқали ТӨЛЕГЕНОВ,

ҚР Білім беру ісінің Құрметті қызметкері,

ҚР Күйшілер Одағының мүшесі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521