Дарындарды даралаған білім ошағы

Талантты танып, дарынды шыңдайтын алтын орда – өнер мектебінің орны қай заманда да бөлек. Өнер – тек сахнада шырқалатын ән, салтанатпен орындалатын би ғана емес, ол – адамзаттың жан – дүниесін тәрбиелейтін, өрелі ой, терең түйсік пен ізгілікке жол бастайтын киелі кеңістік. Қаламыздағы Құлсары балалар өнер мектебі де – осындай киелі орданың бірі. Бұл білім ошағы талай дарынды шәкірттердің қанатын қатайтып, арманын алға жетелеп келеді. Сондықтан біз сол өнер ордасының қазіргі басшысы, өнер жолын өмірімен ұштастырған, талантымен де, ұйымдастырушылық қабілетімен де дараланған білікті маман – Гүлбану Аязоваға жолығып, сұхбаттасқан едік.

-Гүлбану Тайберенқызы, ең алдымен, мектептің тарихына тоқталып өтсеңіз.

-Иә, тарау-тарау тарихты толғатсақ, бұл өнер мектебі 1989 жылы алғаш Балалар көркемсурет мектебі болып ашылды. Бастапқы уақытта тек бейнелеу өнеріне үйретті. 3 мұғалім, 40 оқушымен басталған қазіргі өнер мектебінің өрісі бірте-бірте кеңге жайылды. Алғашқы кездері Серік Әбенов, одан кейін Дабыл Сәбетов басшылық қызмет атқарды. 1993 жылы халық әні мен хореография бөлімдері қосылып, шәкірттердің саны ұлғая түсті. Келесі жылы күй сыныбы ашылып, қазіргі «Құлсары балалар өнер мектебі» деген атауы берілді. Содан бері жан-жақты дамып, тағы да бірнеше бөлім іске қосылды. 2000-2015 жылдары басшылық қызмет атқарған Гүлзада Айдарханованың кезінде көптеген жұмыстар жасалып, мектебіміз одан әрі ұлғая түсті. Ал, 2016-2024 жылдары тізгін ұстаған Гүлмаржан Тәуірханқызының кезінде мектебіміз биік белестерді бағындырып, жаңа деңгейге өсті десек те болады. Осы уақыт аралығында бірқатар оң бетбұрыстар орын алды. Оның бірі - 2019 жылы осы заманауи жаңа ғимаратқа көшкеніміз. Шыны керек, жаңа ғимарат жаңа серпін бергендей. Өзім өткен жылдың қыркүйегінде осы өнер мектебіне келгендіктен, осыған дейінгі басшылықтың қызметін ерекше атап өткім келеді. Неге десеңіз, әр бөлімнің бір жүйеге қойылғандығы, мектеп жанынан Майкөмген, Қосшағыл ауылдарында бөлімшелердің ашылғандығы, оқушылардың аспаптармен қамтамасыз етілуі, нақты жоспармен болашаққа нық қадам басуы көңілімдегі күдікті сейілтіп, алғы күнге деген сенімімді нығайта түсті. Мен де Гүлмаржан Тәуірханқызы бастаған жүйелі жұмысты одан әрі ұжыммен бірге жалғастырып келеміз.

-Бір ауыз өзіңіз туралы айта кетсеңіз, өнер жолына қалай келдіңіз?

-Мен Ақтөбе облысының Байғанин ауданында дүние есігін аштым. Ән мен әуенге деген махаббатым бала кезімнен ала бөтен. Арман қуып Ақтөбе гуманитарлық колледжін тәмамдап, өз білімімді жетілдіру мақсатында Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетін музыкалық бакалавр мамандығы бойынша аяқтадым. Дәл осы білім ордасында «Педагогика мен психология» мамандығының магистрі атандым. Жырға бай Жылыой өлкесіне 2000 жылы аяқ басып, аудандық мәдениет үйінде әнші әрі әдіскер болып қызмет атқардым. 2002-2014 жылдары №2 балалар саз мектебінде халық әнінен дәріс бердім. Одан кейін Тоқсанбай Құлтумиев атындағы №1 балалар саз мектебіне ауысып, 2016 жылы осы білім ошағының басшысы болып тағайындалдым. Былтыр мектеп басшыларын ротациялау нәтижесінде өнер мектебіне ауыстым.

-Қазіргі мектептің жай-күйі қандай?

-Бүгінгі күні 55 мұғалім қызмет етіп, 712 шәкіртіміз тәлім алады. Биылғы оқу жылында 35 түлегіміз мектепті бітіріп, өнер жолына қадам басты. Әр қайсысы емтиханда жақсы нәтижеге қол жеткізіп, арнайы куәліктерін алды. Мақсатым – ұжыммен тату-тәтті болып, жоспар бойынша алға жылжу. Біз тек қана өнерді ғана үйретпей, тәрбие жағына да баса мән береміз. Себебі, Әл-Фараби атамыз айтқандай «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы». Әр ата-анамен тығыз байланыс орнатып, шәкірттердің шабытын шалқытып, талантын одан әрі шыңдап, дарынды өнер иесін шығару - басты мақсатымыз. Қазіргі кезде домбыра тенор, шертер, қылқобыз және прима қобыз, баян, эстрадалық вокал, фортепиано, хореография, көркемсурет, халық әні, скрипка, жетіген, актерлік шеберлік, киім дизайны бөлімдері бойынша оқушыларға сабақ береміз. Бір ерекшелігі актерлік шеберлік, киім дизайны секілді көп кездесе бермейтін үйірмелер аудан бойынша бізде ғана бар.

-Өнер мектебі шәкірттерінің жетістіктері туралы айта кетсеңіз?

-Бізде дарынды оқушылар көп болғаннан кейін барлығының жетістігін айту үшін бір күн де аздық етеді. Дегенмен, биылғы оқу жылындағы марапаттарға тоқталып өтсем, Түркістан қаласында өткен республикалық «Alash Star» көпжанрлы өнер байқауында аспапта ойнаудан Жанаргүл Ибрашева жетекшілік ететін Нарханым Ескендір, Мұхаммедәли Гайдар, Дарын Бөрібаевтар үздіктер қатарынан көрініп, дәл осы оқушылар «Daraboz» республикалық сайысында да жеңімпаз атанып, аудан намысын абыроймен қорғап келді. Бұл байқауларда бейнелеу өнерінен Нұргүл Елтезерованың шәкірті Кәусар Саматқызы бірінші орынды иемденді. Домбырашы Боздақ Рзахановтың 90 жылдығына арналған жас домбырашылар сайысында Қайрат Жұмағалиев баптаған Нұрдаулет Жұма күміспен күптелді. Ауданымызға аты әйгілі Дәмелі Сарованың оқушысы Әдемі Құбай Елорданың төрінде өткен «Қазақтың 100 әні» республикалық байқауында Астананың аспанында әуелеген әнімен бірінші орынды жеңіп алды. Ақтөбе қаласында болған «Жаңа-Талант» халықаралық көпжанрлы шығармашылық фестивалінде Жаннұр Жәрдем, Әдемі Құбай, Аянұр Сабыр, Аяжан Елубай, Айзере Ербөлек, Әдемі Тарас, Темірхан Аманғали, Ақерке Жұмаберген жүлдегерлер қатарынан көрініп, қанжығаларын майлап қайтты. Маңғыстау облысында өткен халықаралық «Nurly fest» және еліміздің түкпір-түкпірінде болған «Super star», «Жас дарын», «Жұлдызды сәт», «Біз бақытты баламыз», «Жеті өнер» фестивалі және тағы да басқа көптеген республикалық, халықаралық өнер байқауында шәкірттеріміз топ жарып жүр. Жүлдегер атанып жүрген шәкірттердің көбісі бұрын бізден түлеп ұшып, қазір ұстаздық қызметте жүрген мамандардың оқушылары. Қазақы тілде айтсақ, немере шәкірттеріміз десек те болады. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегендей, мұғалімдеріміз де аудан намысын облыстық, республикалық байқауларда асқақтатып жүрген өнерпаздар. Олардың қатарында Әнуар Қалиев, Ардақ Дүйсенбаева, Нұрайна Тұрсыналиева, Бекет Аманқос, Әділет Оңайбаев, Талап Төлепұлы, Ризабек Серік, Ерқанат Жұмағалиев, Айымнұр Сәндібайқызы, Жания Ахметова, Гүлжан Құмарғалиева, Татухан Биғалиева, Айдана Маженова, Эльвира Ағынова, Перизат Көшербаева, Әйгерім Қонысбаева бар. Осы орайда оқу ісінің меңгерушісі Амангүл Ходжаева мен тәрбие ісі меңгерушісі Құралай Жаекешованың да еңбегін ерекше атап өткім келеді. Себебі, ұйымшыл ұжым болмаса, жүйелі жұмыстың да жасалуы қиын. Сондықтан мектептің дамып жатқандығы, шәкірттердің жетістігі де барлық маманға тікелей байланысты.

-Болашаққа қандай жоспарларыңыз бар және қалың оқырманға, ата-аналарға айтар тілегіңіз?

-Бізде көбіне ата-аналар тарапынан сұраныс көп болады. Дегенмен, кадр жетіспеушілігі қолымызды байлайды. Алдағы уақытта ақындық өнерді дамытып, сол бағытта оқушыларды дайындау жоспарда бар. Егер білікті маман болса, мүмкіндік беруге дайынбыз. Жазғы уақытта маусым және тамыз айларында 2 лектік лагерь ұйымдастырамыз. Бірінші лекте 50 балаға дейін қабылдап, оларға әртүрлі аспапта ойнауды үйрететін боламыз. Спорттық-мәдени сайыстар да жоспарда бар. Қатысу жарнасы жоқ, яғни тегін. Өнер – бұл жүректен жүрекке жететін үнсіз әуен, ол – адамның жан-дүниесін тәрбиелейтін, рухын асқақтататын киелі күш. Бала – бір бүршік, ал өнер – сол бүршікті гүлге айналдыратын сиқыр. Сондықтан әр ата-ана өз перзентінің ішкі әлемінде жарқ етіп тұтануға дайын тұрған шырағы барын ұмытпағаны абзал. Сол сәулені өшірмей, оны алауға айналдырғыңыз келсе – біз сіздерді өнер мектебінде күтеміз. Біз үшін әр бала – болашақтың жарық жұлдызы. Сол жұлдыз өнер аспанында жарқырап жанып, халқымыздың мерейін үстем етеріне сенеміз. Өнер – ұлттың жаны. Балаларыңыз сол жанды жалғайтын алтын көпір болсын!

-Әңгімеңізге көп рақмет! Ізгілікті істеріңізге сәттілік, шығармашылық шабыт, толағай табыс тілейміз!

СҰХБАТТАСҚАН

Е.АЛТАЙҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT