«Боздағын күткен Ана»

Екінші дүниежүзілік соғыста жалғызын жоғалтып, зардабын тартқан мыңдаған ананың бірі – Қызылқоға өңіріндегі Сәнді Деңгелбайқызы. Ол соғысқа аттанған баласын 30 жыл бойы күтумен болған.

Сәнді ананың Нәби атты жалғыз ұлы мұнайшы болып еңбек етіп жүргенінде, кенеттен соғыс оты бұрқ етіп, елдің барлық ер-азаматтары Отанын қорғауға аттанады. 30 жастағы Нәби Махамбетұлы қолында мұнайшы ретінде броны бола тұрса да қайта-қайта майданға сұранады. Сөйтіп өз еркімен 1942 жылдың 11 қыркүйегінде жауынгер атанып, зұлым жауға тойтарыс беру үшін қолына қару алады. Ұлы қан майданға аттанған соң көп уақыт одан хабар болмай кетеді. Тек 1943 жылдың соңына таман анасының қолына «қара қағаз» тиеді. Жарықтық, асыл ана жүрегі бұл қайғылы хабарға сенбейді. 30 жыл бойына күн құрғатпай ұлы Нәби эшелонға мініп кеткен, таяу маңдағы Мақат стансасындағы теміржол вокзалына барып тұрады. Онда «әне-міне, жалғызым келіп қалар» деп бүкіл қалған өмірін бауыр еті баласын зарыға күтумен өткізген екен. Ақыры жалғызын зарыға күткен кейуана 1973 жылы 94 жасында көз жұмады.

Мақат ауданына әкім болып тағайындалған Шәкір Кейкінұлын ана жарықтықтың аянышты оқиғасы қатты толғандырады. Көп ұзамай осы оқиға желісімен боздағын күткен қазақ аналарына арналған ескерткіш орнатуға шешім қабылдайды. 2020 жылы боздағын күткен анаға арналған мүсін де бой көтереді. Ол - Мақат стансасы вокзалының алдына таяғына сүйеніп, жасқа толы жанарын күннен көлегейлеп, ұшы-қиыры жоқ даладағы теміржолдың бойына үлкен үмітпен қарап, көкжиекке көз салып тұрған ананың бейнесі еді. «Боздағын күткен ана» деп аталатын еңселі ескерткішті жылыойлық жерлесіміз, әйгілі мүсінші Серік Мәтениязов сомдаған болатын.

Е.БИСЕКЕНҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT