Бір ғасырда бір туатын тұлға

Аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен тағылымы терең, ұлттық рухқа толы ерекше кеш өтті. «Бір ғасырда бір туатын тұлға» атты сазды шара қазақтың әйгілі күйші композиторы, домбырашы, дирижер Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойына арналды.

Ұлттық домбыра күніне орай өткен мәдени шараға «Қазақ соқырлар қоғамы» аудандық филиалының мүшелері, Жастар ресурстық орталығы және кітапхананың белсенді оқырмандары қатысты. Шараны кітапханашы Алма Садықова:

– Домбыра – қазақтың рухы, жаны, тағдыры. Ол – қайғыны шертіп, қуанышты күмбірлетіп жеткізетін шежірелі аспап. Нұрғиса Тілендиев осы қасиетті домбыраны шырқау биікке көтеріп, жаңа белестерге шығара білді,- деп сазды кештің шымылдығын ашты.

Шараға жиналған жастар шын мәнінде күй мен ұлт тарихының астасқан кеңістігіне енгендей әсерде қалды.Өйткені онда Нұрғиса Тілендиевтің өмір жолы мен шығармашылығымен, оның халқына қалдырған баға жетпес рухани мұрасымен тереңірек танысты. Жас өнерпаздар сазгердің жүрекпен жазылған күйлерін кезек-кезек орындап, тыңдаушыны сырлы әлемге жетеледі. Алғаш болып №1 жалпы орта білім беретін мектептің оқушысы Санжар Бекесов «Әлқисса» күйін орындады. Күй терең толғаныс пен шексіз сағынышқа толы сезіммен жүрекке жетіп, көрерменнің көңілін бір сәт руханиятқа бұрды. Әрине, Нұрғиса Тілендиев тек домбыра шебері ғана емес, қазақтың барлық күй мектебінің сырына үңілген зерттеуші, орындаушы, жаңғыртушы тұлға еді. Арқа, Сыр, Жетісу, Батыс – әр мектептің үнін айнытпай жеткізген, әр күйдің әуезін жоғалтпай сақтай білген. Әрмен қарай №6 мектеп оқушысы Еркебұлан Бейбітқалидың орындауында «Ерке сылқым» күйі күмбірлеп, ерке әуен мен сырлы саз тыңдаушыны өзіне баурап, күйдің тілімен сөйлегендей әсер қалдырды.

Кеш барысында Н.Тілендиевтің өнер әлеміндегі биік шыңы – «Отырар сазы» оркестрі жайлы да кеңінен айтылды. Қазақтың барлық фольклорлық аспаптарын бір сахнаға жинаған бұл оркестр – тек өнер ұжымы емес, бір дәуірдің үнін жеткізуші ансамбль. Домбыра, қобыз, шаңқобыз, жетіген, сазсырнай, асатаяқ – бәрі бір үйлесіммен қазақтың жанын шертіп тұрғандай еді. Жастар ресурстық орталығының өнерпазы Іңкәр Серік «Балбырауын» күйін орындағанда әуезді сазбен ұштасқан әрбір қимыл, әрбір дыбыс Нұрғисаның рухымен үндескендей әсер берді.

А.МОЛДАШЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT