Халқымызда «Әйел бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген тағылымды сөз бар. Рас, әйел тек отбасының ұйытқысы ғана емес, сондай-ақ барлық салада ерлермен бірдей жауапкершілік арқалап, жұмыс жасай алатын қоғамның қозғаушы әрі белсенді күші екенін мойындауымыз керек. Солардың бірі – елдіктің жүгін ер-азаматтармен бірдей көтеріп жүрген Раушан Мақтаубаева. Ол бәрінен бұрын көпбалалы ана, «Күміс алқа» иегері.
Кейіпкеріміз қазіргі таңда Майкөмген ауылдық округі әкімінің аппаратында бас маман-есепші болып қызмет атқарады. Мемлекеттік қызмет өтілі он сегіз жылдан асқан, жоғары білімді маман. Осы уақыт аралығында ел алдындағы еңбегі еленіп, аудан әкімінің, ауылдық округ әкімінің алғысхаттарымен марапатталған.
Раушан Үгінісқызы 1972 жылы 7 ақпанда Шоқпартоғай ауылында дүниеге келді. 1979-1989 жылдар аралығында округ орталығындағы №3 мектепті тәмәмдаған. Алтын ұядан қанаттанған қаршадай қыз бірден қызметке араласып, еңбек жолын Ембі аудандық тұрмыстық қызмет көрсету комбинатында тігін шебері болып бастады. Одан кейінгі жылдары жол жөндеу құрылыс басқармасында нормалаушы ретінде жұмыс жасады. Бертін келе Ембі аудандық «ДОСААФ» комитетінен есепшілік оқып, осы мамандықты меңгерді. Сөйтіп сол мекемеде кассир болып жұмыс жасады.
Есеп-қисаптың қыр-сырын меңгерген Раушан осы саладағы білімін толықтыруды көздеді. Осы мақсатпен еңбектен қол үзбей жүріп 1999 жылы Батыс Қазақстан экономика және қаржы институты жанындағы колледжге түсіп, «Қаржы» мамандығы бойынша оқып, «Қаржыгер» деген біліктілік алып шықты.
1992-2005 жылдары аралығында аудандық еңбек және халықты әлеуметтік қорғау басқармасында әлеуметтік қызметкер, кеңесші және бас маман-есепші ретінде абыроймен қызмет атқарды. 2005 жылдарын бері шалғайдағы Майкөмген ауылдық округі әкімінің аппаратында бас маман-есепші болып қызмет атқарып келеді.
Раушан Үгінісқызының өз жұмысын жақсы білетін, міндетін тиянақты атқаратын, білікті маман екенін әріптестері мақтанышпен айтады. Ал отбасында ұл-қызына, немере-жиендеріне санлы тәлім-тәрбие беріп отқан аяулы ана, ардақты әже!
П.ТӘЖІ