Басымызға қонған бақ

МІНЕ, ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ 30 – ЫНШЫ ТАҢЫН ДА АМАН-ЕСЕН КӨРУГЕ 101 ЖАСТАҒЫ МАҒАН НӘСІП ЕТІПТІ. 70 ЖЫЛ БОЙЫНА БОДАНДЫҚТЫҢ БҰҒАУЫНДА ЖҮРГЕН БІЗДЕР БҰЛ БОСТАНДЫҚТЫҢ БОЗАЛА ТАҢЫН ҚАТТЫ АҢСАҒАНЫМЫЗ АНЫҚ. ӘСІРЕСЕ МЕН СЕКІЛДІ СТАЛИНДІК РЕПРЕССИЯНЫҢ ҚҰРБАНЫ БОЛҒАН МЫҢДАҒАН АЗАМАТТАР ЗАРЫҒА КҮТТІ. ОЛАРДЫҢ ІШІНДЕ БҰЛ КҮНГЕ ЖЕТЕ АЛМАЙ АРМАНДА КЕТКЕНІ ҚАНШАМА?! МЕН КӨЗІН КӨРГЕН МАҒЖАН СЕКІЛДІ АЛАШТЫҢ ЗИЯЛЫЛАРЫ ОСЫ ЕЛІМНІҢ ЕРКІНДІГІ ҮШІН ЕҢІРЕГЕНДЕ ЕТЕГІ ЖАСҚА ТОЛЫП, АҚЫРЫ СОЛ ЖОЛДА ҚЫРШЫНЫНАН ҚИЫЛДЫ ЕМЕС ПЕ?!

Сондықтан мен үшін Тәуелсіздіктің қадірі өте жоғары. Егер еліміз егемендікке қол жеткізбесе, онда кешегі келмеске кеткен Кеңес өкіметі кезіндегі ақтаңдақтар аршылып, жалған жаланың құрбаны болған жазықсыз жандар ақтала алмас еді. Олардың шейіт боп кеткен рухы бізді тыныш жатқызбас еді. Алла абырой беріп, ғасырлар тоғысында қызыл империяның шаңырағы шайқалып, еркіндік арқасында өшкеніміз жанып, өлгеніміз қайта тірілді. Әлі де болса тарих беттері қайта парақталып, ел үшін еңіреген ерлердің есімі жарыққа шығып жатыр. Осыған да тәубе!

Олай болса, бүгінгі Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесі барша алаш жұртына құтты болсын! Біздің көрген нәубетімізді, ауыртпалығымызды ұрпағымыз көрмесін, бостандықтың көк байрағын желбіретіп төрлесін!Бұл еркіндік деген – қазақтың басына қонған бақ! Сол бағымыз баянды болып, Тәуелсіздігіміздің тұғыры әрдайым биік тұра бергей! ХХІ ғасырдың 21-ші жылында елімнің қол жеткізген жеңісті жетістігі ұзағынан сүйіндірсін! Халқым аман болсын, жұртыма жайлы жарқын заман болсын! Әумин!

Абдолла АБДРАХМАНОВ,

Құлсары қаласы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521