Балалар ақынының бақыты

Ұлттың ұпайын түгендеп, халықтың көкірегіне сәуле құятын қуатты құрал – баспасөз. Әлеуметтік желі дәурені жүріп тұрғанда бұлай сөйлеу асылық көрінер. Дегенмен, мен бұрынғы дариға дәурен оралып, оқитын елге айналатынымызға сенгім келеді. Бұл, әрине, сол баспасөз өнімінің сапасын арттыратын бас редакторға байланысты мәселе.

Өткен ғасырдың соңғы он жылында аудандық қоғамдық-саяси апталықтың тізгінін бүгін желекті 70 жасқа толып отырған Болат Дәулетов ұстады. Атқарушы билік алдында абыройы, әріптестері алдында беделі бар Болат сол өліара мезгілде соныға соқпақ салғандай қиналса да ұжымын да, аудан айнасына айналған апталықты да сақтап қалды. Өзі қаржыгер, өзі жабдықтаушы, өзі менеджер міндетін атқарды. Мүмкін, белгілі қаламгерлер Қаржау Оразбаев, Тементай Әділханов, Бисенбай Бигелдиев, Сапарбек Сәрсеновтің оны тастап кетпегені де сол жомарт жүректің жоралғысы болар. Ондағы редакция қызметкерлерінің жайлы баспанаға ие болуына барынша атсалысты. Сол төгілген маңдай терінің мәуесін бүгін теріп жүр. Өткен жұмада облыстық Ардагерлер кеңесінің бастамасымен Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияда Болат Дәулетовтің 70 жылдық мерейтойы аталып өтті.

Кешті ашқан облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Өтешов облыс әкімінің құттықтауын мерейгерге табыстап, кеңес атынан «Бейбарыс» орденімен марапаттады. Ғылым докторлары Қ.Жүсіп, Б.Таубаев, облыстық мәдениет басқармасы басшысы Ә.Жоламанов, Жазушылар одағының облыстық филиалының төрайымы Ә.Дәулетбаева құттықтады. Қоғамдық кеңес төрағасы М.Ізбасов мерейгерге «Қоғам жанашыры» төсбелгісін тапсырып, Журналистер одағының облыстағы өкілі А.Қалаусариева төраға С.Матаевтың ыстық сәлемін жеткізіп, «Қазақстанның Құрметті журналисі» белгісін омырауына тақты.

Жылыой ауданы мәдениет, спорт және тілдерді дамыту бөлімі басшысы Ә.Науаров аудан әкімі Ж.Қаражановтың Алғыс хатын тапсырды. Ақындар Бүркіт Базарбаев, Сәулеш Шәтенова арнау өлеңдерін оқыды. Кеште ақын Болат Дәулетовтің жаңа кітабының тұсауы кесілді. Әсіресе, жылыойлық белгілі әнші Дәмелі Сарова шырқаған Ф.Оңғарсынова мен А.Жайымовтың «Жылыойға сәлем» әні мерейтойдың айшықты алтын сырғасы, мазмұны мен мағынасының күміс қоңырауы болды. Соңында Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағы мүшесі, Жылыой және Мақат аудандарының Құрметті азаматы Болат Дәулетов кеш қонақтарына ақ жүрек алғысын жырға орап жеткізді.

Бүркіт Базарбаев,

Қазақстан Жазушылар одағы мүшесі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT