Бақыт гүлі, жаһұт жыры Жайықтың…

«Бәрі де есте сүйдіргенім, сүйгенім,

Сергелдеңі ессіз сезім күйменің.

Жаным жалқы, еншімде екі жиырма,

Ең бір ғажап күйдемін!» — деп жырлаған ақын, Халықаралық “Шабыт” фестивалінің Гран-при иегері, Махамбет сыйлығының лауреаты Бақытгүл Бабаштың өмірінің айрықша бір белесі – 45 жас мерейтойына орай М.Асаубаева атындағы креатив орталығында “Бақыттың гүлі” атты поэзия кеші өтті. Кеш тізгінін ақын Нұржан Өмірбай ұстады.

Рухани басқосу барысында облыс әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов өңір жұртшылығы атынан ақынға құрмет білдірді. “Қойнауына құт қонған ақындардың, батырлардың елімен мақтанамыз. Атырау – рухы биік, жыры терең өлке. Сол рухани көштің алдыңғы сапында жүрген Бақытгүлдің шығармашылығы – өңіріміздің мерейі», – дей отырып, аймақ басшысы Серік Шәпкенов атынан Құттықтау хат табыстап, шығармашылық табыс тіледі. Сондай-ақ Президент Әкімшілігінің сәлемдемесін жеткізіп, Абзал Меңдібаев жолдаған сый-сияпатты да тарту етті.

baq

Ресми лебіздерден кейін кеш арқауы туған жер тақырыбына ойысты. Ақын Құрманғазы топырағын тебірене жырға қосты. Қошалақ – оның поэзиясында мінез бен мейірімнің, кеңдік пен киенің ұғымына айналған мекен. Балалықтың табы қалған шағылдар, көкжиекке сіңген кең аспан, самалмен тербелген дала – бәрі де оның жыр әлеміне өз өрнегін салған.

«Сағыныштың аралы мекен болған қызыңмын,

Ізгілікке жалғар ем үмітімнің үзігін,

Алданбасқа алданып, текке елітіп күліппін,

Мына әлемде бәрі де сендей кең деп жүріппін!» — деген жыр жолдарында туған жердің өлшемі жатыр. Тектілік пен тазалық – ақын үшін туған жердің боямасыз болмысы.

Ақын өзінің атасы мен әжесінің жалғыз ұлынан тараған тұңғыш немере екенін, олардың бауырында өсіп, мейірімге молынан қаныққан балалық кешкенін іштей толқып отырып айтты. «Қанша жақсы көрсем де, арамызда ата-әженің көңілі деген ұлы қақпа тұратын анаға арнауымды оқиын», – деген ақын жылдар бойы жүрек түкпірінде жатқан сағыныш пен іңкәрлік сезімін өлеңмен қозғады. Ал өмірден бар-жоғы қырық бес жасында өткен әкесіне деген сағыныш оның жанын мүлде бөлек мұңға бөлейді.

Кештің мазмұнды жалғасында ақын еңбек ететін Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің ректоры Гүлзада Шакуликова Бақытгүлдің білім ордасындағы орны айрықша екенін шынайы ілтипатпен жеткізді.

– Университетіміз негізінен техникалық мамандар дайындайтын оқу орны ретінде танылатын. Бүгінде сол бағыт сақталғанымен, оқу ордамыздың рухани тынысы кеңейді. Коммуникация мәдениеті, поэзияға жақындық, сөз өнеріне құрмет Бақытгүл келгелі қалыптасты деуге толық негіз бар. Университет тек кәсіби маман даярлайтын орын ғана емес, тұлға тәрбиелейтін ортаға айналуы тиіс десек, осы жолда ол алты жыл бойы аянбай еңбек етіп келеді. Оқу орнымыздың атын жақсы қырынан танытуға қосқан үлесі зор, – деді ректор.

Облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Әбіл Жоламанов та жүрекжарды лебізін білдірді.

– Бақытгүлдің шығармашылығын құрметтейміз. Оның жырлары – өңір руханиятының ажырамас бөлігі. Оны тек ақын ретінде емес, елдің сөзін сөйлеп жүрген азамат тұлға ретінде бағалаймыз. Өлеңдері жастарға бағыт, оқырманға ой салады. Алдағы уақытта да шығармашылық табыс тілейміз, – деді ол.

Өзге де облыстағы өнер орталықтары ақынға сый-сияпат ұсынып, құрмет көрсетті. Құрманғазы аудандық мәслихат төрағасы Гүлжанат Қалиева туған жердің ыстық сәлемін жеткізіп, ел ықыласын сездірді. Өнерпаздар әнмен әрлеп, кештің ажарын аша түсті.

whatsapp image 2026 02 18 at 09.54.361

«Қасиетті Атыраудың киелі топырағынан халқымызға мақтаныш болар талай саңлақ ұл мен қыз қанат қақты. Еділ мен Жайық арасындағы көкорай шалғынды дала, адуын толқыны жарға соққан жағалау батырына айбат берген, ақынына қайрат берген алтын ұя ғой. Исатай мен Махамбет, Құрманғазы мен Дина, Хиуаз бен Бақыт, Ғабдол мен Хамит, Жұмекен мен Меңдекеш, Ғибатолла мен Табылды, Әзидолла мен Айтқали, Нұралы мен Нариман секілді өнер әлемінің тарландары, Сақтар мен Равиль, Саламат пен Сақаш сынды ақтаңгер азамат ағалардың ізін суытпай, елге қызмет етудің үлгісін көрсетіп жүрген теңдессіз қайраткер Иманғали. Міне, осылар туған өлкенің жастары өнерлі де өрелі болмауы мүмкін емес. Оның айғағы, қазақ поэзиясының Атыраудағы қос шынары Алия мен Мәншүк апаларындай есімдері қатар айтылатын Әлия мен Бақытгүл. Бақытгүл Бабаш өзінің талантты жырларымен халықаралық Шабыт фестивалінің бас жүлдесін жеңіп алып, бәрімізді қуанышқа бөлеген. Бақытгүлдің әдебиеттегі жолы ұзақ та сәулелі болғай» деген еді кезінде марқұм Халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың иегері Фариза Оңғарсынова.

Балапандай баптап, әдебиет айдынына қосқан Фариза ақынның сенімі мен тілегі Бақытгүлдің жырдағы жолбасшысына айналды. Сол ақ батаның жылуы әлі күнге дейін оны өлең өлкесінен адастырмай, қараңғыда жол сілтеген сәулелі шамдай бағыт беріп келеді.

«Жаратқанның пенде баласына берген ең үлкен нығметі – ол жолында жақсы адамдарды жолықтырғаны» дейді Бақытгүл ақын. Осы сөздің мәнін терең сезінген ол кеш барысында өзінің ұстазы Фариза ақынға, өлеңдегі темірқазығы Жұмекен Нәжімеденовке арнау өлеңдерін тебірене оқыды. Сондай-ақ мектеп қабырғасында бағыт-бағдар берген ұстаздарын, рухани әкесі, марқұм Қойшығұл Жылқышиевті ерекше ілтипатпен еске алды.

baq 2

Егіз қозыдай қатар жүрген қаламдасы, Қазақстан Жазушылар одағының Атырау облысындағы өкілі Әлия Дәулетбаева ақ тілегін арнап, «Ақ көйлек» өлеңін оқыды. Қос ақынның рухани үндестігі, шығармашылық бауырластығы жырсүйер көрерменге жылы әсер сыйлады.

Кеш соңында сахна гүлге көмкерілді.  «Сөне көрме, сөнбе қырық шырағым…» — деп өзі жырлағандай, көңіл шырағы сөнбеген ақынның алдағы жолы да сәулелі, жырлары ғұмырлы болғай!

Еркеназ ҚАЛИЖАН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT