Бабалар мұрасы – ізгі жол

Музей – ұлтымыздың жауһар жәдігерлері мен мәдени мұраларын сақтайтын орын ғана емес, қоғам­ның бар саласына қажетті мәдени-ағарту, әдістемелік, танымдық шараларды ұйым­дастыру жұмыстарының қайнаған орда­сына айналады.

Өткен аптада аудандық музейде Сот қызметкерлері күніне орай «Бабалар мұрасы - ізгі жол» атты тақырыптық шара ұйым­дастырылды. Шараға сот саласының ардагерлері, байырғы сот қызметкерлері, ауданның өлкетанушы ардагерлері шақырылды.
Шараны музей басшысы Мұрат Ерісұлы ашып, қонақтарды кәсіби мерекелерімен құттықтап, қош келдің лебізін білдірді. Сот төрағаларының тұтынған бұйымдары, киімдері және құжаттары, жазу машинкасы, сот төрағаларының фотосуреттері музейге табысталып, аудандық соттың «Ізгіні ісінен, жақсыны түсінен таны» тақырыбындағы көрме-экспозициясы жасақталды.
Сот саласының ардагері, «Жылыой ауданының Құрметті азаматы» Кенжебаева Жаңыл Жұмақызы және «Жазушылар және Журналистер Одақтарының мүшесі», «Жылыой ауданының Құрметті азаматы», ардагерлер қоғамының төрағасы Қонаш Қалдыоразұлы көрменің лентасын қиды.
Аталған көрменің мақсаты - ұлы дала өркениетінің өнегесін, тарихтағы орны мен маңызын дәріптеп, әділ билік арқылы әділетті қоғам құра білген қазақ билерінің тағылымды ұстанымы мен қазіргі сот жүйесінің игі істерін насихаттау болып табылады. Қатысушы қонақтарға көрмені музей қызметкері Еркінғалиева Аида таныстырды.
Аумалы-төкпелі, алмағайып замандарды бастан кешкен халқымыздың өзіндік басқару жүйесі де болған: ел қамын жеген ерлері, сөзін сөйлеп, жағдайын ойлаған шешендері, әділдіктің ақ туын түсірмеген білімпаз билері өткен. Халықтың көкейіндегісін айтқан, көмейіндегісін жарыққа шығарған әділет жоқшысы болған билер тарихын бейнелейтін - «Тарихы бар ел - өркениетті ел» тақырыптық бейнефильмі көрсетілді.
Өз ісінің нағыз маманы атанып, мамандық таңдаудан жаңылмай, өз өмірінің кірпішін дұрыс қалап, бүгінгі күні еңбек зейнеткерлігіне шыққан сот саласының ардагерлері Ж.Кенжебаева, С.Төрениязова, өлкетанушы ардагерлер Қ.Қалдыоразұлы, Н.Ақназаров, ақын Б.Базарбаевтар өмір тарихынан сыр шертіп, естелік әңгіме өрбітті. Өз кезегінде сөз алған 2017 жылдан осы уақытқа дейін аудандық соттың төрағасы қызметін атқарып келе жатқан, жаңа сот ғимаратының ашылуына атсалысқан Жұмабаев Болатбек Бақтығалиұлы аға буыннан алған өнегесі мен сот саласының қоғамда атқарар қызметін айрықша түсіндіре келе, шараның өтуіне мұрындық болған сот саласының қызметкері Жақсығұлова Айгүл Жақсылыққызына және музей қызметкерлеріне өз алғысын білдірді.
Шараны музей ардагері Қ.Қосбаева қорытындылап, қонақтарға музей тарихынан сыр шертетін «Өлке тарихының ордасы» атты кітабымызды естелік сый ретінде табыстады.

Г.САБИРОВА,
музей қызметкері

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521