БАБАДАН ҚАЛҒАН ЗЕРГЕРЛІК ӨНЕР

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ТӘУЕЛСІЗДІГІНІҢ 30 ЖЫЛДЫҒЫ АЯСЫНДА АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ ТАРИХИ-ӨЛКЕТАНУ МУЗЕЙІНІҢ ҰЙЫМДАСТЫРУЫМЕН «ҰЛЫ ДАЛА МӘДЕНИЕТІНДЕГІ ЗЕРГЕРЛІК ӨНЕР» ЭКСПОЗИЦИЯСЫНЫҢ ЖЫЛЫОЙ АУДАНЫНДА САЛТАНАТТЫ АШЫЛУ РӘСІМІ ӨТТІ.


ЭКСПОЗИЦИЯЛЫҚ КӨРМЕНІ ҰЙЫМДАСТЫРУДАҒЫ БАСТЫ МАҚСАТ – ҰЛЫ ДАЛА ӨРКЕНИЕТІНІҢ ӨНЕГЕСІН ДӘРІПТЕУ, КЕШЕГІ БАБАЛАР ҚОЛЫМЕН ЖАСАЛҒАН ЗЕРГЕРЛІК ӨНЕР ТУЫНДЫЛАРЫНЫҢ СӘН-САЛТАНАТЫН ПАШ ЕТІП, АТАДАН БАЛАҒА МҰРА БОЛЫП ЖЕТКЕН ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ ХАЛЫҚҚА ЖЕТКІЗІП, НАСИХАТТАУ.ТАМЫРЫ ТЕРЕҢ ТАРИХТАН БАСТАУ АЛҒАН ҚАЗАҚТЫҢ ЗЕРГЕРЛІК ӨНЕРІ – ДӘСТҮРЛІ МӘДЕНИЕТІМІЗДІҢ КӨРІКТІ ЖӘНЕ КӨРНЕКТІ САЛАЛАРЫНЫҢ БІРІ. СОЛ ТЕҢДЕССІЗ ТАРИХТАН БАСТАУ АЛҒАН АСЫЛ БҰЙЫМДАРДЫ ҰМЫТ ҚАЛДЫРМАЙ, ХАЛҚЫМЫЗҒА НАСИХАТТАП ТАНЫСТЫРУ - ПАРЫЗ.
ӘСЕМДІЛІГІ МЕН ЖАСАЛУЫНА ТЕРЕҢ МӘН БЕРІП, ҮЛКЕН ДАРЫН МЕН ШЕБЕРЛІК ТОҒЫСАТЫН ЗЕРГЕРЛІК ӨНЕРДІҢ ҚАСИЕТІ ЕРЕКШЕ. ОСЫ МАҚСАТТА, ТАРИХИ-ӨЛКЕТАНУ МУЗЕЙІ ӨЗІНІҢ ҚОРЫНДАҒЫ ҚАЙТАЛАНБАС АСЫЛ ҚАЗЫНАЛАРЫНЫҢ БІРІ «ЗЕРГЕРЛІК БҰЙЫМДАРЫ КОЛЛЕКЦИЯСЫН» АУДАНДАРҒА, АУЫЛДЫҚ ЕЛДІМЕКЕНДЕРГЕ ТАНЫСТЫРУДА.
Мәдени шараға аудан әкімі Халел Жамалов, мәдениет саласы қызметкерлері мен өнер жанашырлары қатысты. Салтанатты шараны аудан әкімі Халел Жамалұлы ашып берді.


-«Ұлы дала тарихындағы зергерлік өнердің қыр-сырына үңіліп, олардың халық арасындағы наным-сенімдермен байланысын көрсететін, қазақ тарихы мен мәдениетінің тағы бір болмысының бөлек өнері – зергерлік өнер болып табылады. Қазақ халқының ерте заманнан бастау алған зергерлік өнері халық өмірімен, тарихымен, шаруашылығымен тығыз байланыста дамып, ата-салтымыздың көнеден келе жатырған зергерлік бұйымдары ерекше қасиеттерге ие»,-дейді аудан әкімі Халел Жамалұлы.


Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің этнография және өлке табиғатын ғылыми зерттеу бөлімінің этнограф маманы Хансұлтанова Базаргүл Мақсотқызы аудан әкіміне алғысын білдірді және зергерлік бұйымдарды таныстырды.
Мәдени экспозициялық кештің лентасын аудан әкімі Халел Жамалұлы мен Жылыой ауданының Құрметті азаматы, мәдениет саласының ардагері, өлкетанушы Нұрдаулет Ақназаров кесті.
Ұлы дала мәдениетіндегі зергерлік өнер Қазақ хандығының тұсында да ерекше орын алған. Қазірде халқымыздың арасында мәдениетіміз бен салт-дәстүріміздің қаймағы бұзылмаған тұста ерекше дизайндармен жаңаша жарық көруде. Көрмеде күмістен соғылған асыл әшекей-бұйымдар таныстырылды. Бұйымдардың барлығы таза күмістен соғылған. Бағалы металдардың ішінде халқымыз күмісті денсаулыққа пайдалы деп жиі қолданған. Сол себепті, көрмеде күмістен көмкерілген бұйымдарды көп кездестірдік. Жүзіктер коллекциясы, оның ішінде «құдағи жүзік», «құстұмсық жүзік» аталатын әшекейлердің жасалу жолдарын білдік. Құстұмсық жүзік – қыздар тағатын сақинаның бірі. Оның негізгі мәні - «құстай ерікті, өз еркі өзінде" деген. Яғни, қыздың басы бос деген ұғымды білдіреді екен. Ал құдағи жүзік екі саусаққа қатар киюге арналған қос бауырлықты білдіреді. Екі ел арасындағы татулықты, бірлікті негіздеуге болады. Бұл жүзік Қазақстанның батысында тұрмыста кең тараған. Одан бөлек, білезіктер мен белдіктер коллекциясы, шашбау, шолпы, өңіржиек әшекейлерінің де түрлері мен ерекшелігі де баяндалды.
Көрмені тамашалай жүріп, ұлттық қолөнердің асқан сұлулығын аңғардық. Ұлттық өнерімізге бас идік.

А.ТАУБАЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT