Қазақтың асылы барда шетелдің жасығы не керек?

Ырза Тұрсынзада есімін білмейтіндер кемде-кем.

Белгілі этнодизайнер, ұлттық қолөнер шебері, «Алтын сапа» сыйлығының иегері, 5 дүркін «Мінсіз сапа иегері», 3 дүркін «Халықтың сүйіктісі» номинациясының жеңімпазы, «Құрмет» орденінің кавалері. Міне, осы қазақтың ұлттық өнерін ұлықтап жүрген, ұлтын сүйген Ырза ханым өткен аптаның соңында ауданымызға келді.

Жай келген жоқ, қазақтың құрақ құрау сияқты ілуде бір кездесер өнерін насихаттап, семинар-тренигтер өткізуге келіпті. Белгілі шеберді аудан әкімі орынбасары Фарида Ақметова мен басқа да лауазым иелері қарсы алды. Ырза Тұрсынзаданың шәкірттері Қазақстанның әр түкпірінде өте көп, этнодизайнер олармен үзбей хабарласып тұрады. Біздің ауданымызда да оның шәкірттерінен құралған топ бар. Оның жетекшісі – жылыойлық Бақтыгүл Бітімәлиева. Ауданымызға келген алғашқы күні Ырза ханым қыз-келіншектерге құрақ құраудың сырын үйрету үшін шеберлік сыныбын өткізді. Шеберлік сыныбына ауданымыздағы елуге жуық қыз-келіншек қатысты. Сол жерде олар әйгілі шебердің үйретуімен өз қолдарымен мақпал, барқыт , жібек маталардан қиыннан қиыстырып, құрақ көрпешелер тікті.

Келесі күні аудандық мәдениет үйінде Ырза Тұрсынзаданың қатысуымен үлкен шара өтті. Мәдениет үйінің фойесінде ауданымыздағы қыз-келіншектердің өз қолдарымен тіккен ұлттық нақыштағы бұйымдар мен киімдердің көрмесі ашылды. Маңғыстау, Ақтөбе облыстарынан келген, сонымен қоса жылыойлық ісмер әйелдердің алтын қолынан шыққан бұйымдар алыстан менмұндалайды. Көрмені аралағандар қызыл-жасылды алуан түске бай көрпе, жастықтарды, қоржын, қос етек көйлектер мен қамзолдарды, тағы да басқа экспонаттарды қызыға тамашалады. Тағы бір назар аудартқан жайт: кездесуге келген әйелдердің бәрі ұлттық үлгідегі киімдерді - ұзын етек көйлек пен қамзол, кәжекей киіп, бастарына шарқат тартып келген.

Ырза Тұрсынзада – қазақтың белгілі ақыны Тұрсынзада Есімжановтың қызы. Бала кезінен қазақтың бай тілінің уызына қанып өскен ол тек бал бармақты шебер ғана емес, тілге шешен, ділмәр да. Кішкентай кезінде қонақжай үйлеріне атақты ақын-жазушылар көп келетін. Солардың қолынан тұлымшақты қыз сыбаға ет асап, батасын алған. Содан болар, өз ұлтының ең асыл қасиеттерін, өнегелі тәлім- тәрбиесін де бойына молынан сіңіріп өскен. Оның қазақтың ұлттық өнерін дамытып, шетелге таныстырып қана қоймай, Қазақстанның түкпір-түкпіріне қанатын кең жаюына тер төгуі осындай тектілектен басталса керек.

Сахнаға көтерілген аудан әкімінің орынбасары Фарида Төлегенқызы Ахметова Ырза ханымға Жылыойға арнайы келгені үшін алғыс айтып, аудан әкімі Азамат Бекеттің атынан алғысхат табыс етті. Бұдан соң үлкен экраннан «Аманат» атты фильм көрсетілді. Онда Ырза ханым директор болып отырған «Алтын орда» дизайнерлік үйінің ғибратты істері бейнеленген. Бірде Ырза ханым Маңғыстаудағы Бекет ата кесенесіне барады. Сол жолы мешіттің ішіне дизайнердің қырағы көзімен қараса керек, жерге жайылған көрпелердің қарадүрсіндігі назарынан қағыс қалмайды. Содан соң алғыр жан лезде еліміздегі барша шәкірттерін жинап , ою-өрнекті небір әсем құрақ көрпелерді тіктіріп, сыйға тартады. Сол көрпелерді қаз-қатар жайғанда кесене іші жайнап сала береді. «Бекет ата кесенесіне шетелден, жан-жақтан қонақтар келеді, ендеше, ішіне кірген адам қазақ халқының шебер екенін сезініп, біліп шығуы керек»,-дейді Ырза ханым. Бұл - оның қазағым деп соққан жүрегінің лүпілі.

Мәдениет үйінде қолөнер шеберінің баспадан шыққан жаңа каталог-кітабының тұсауы кесілді. Экрандағы кітаптың әр бетін Ырзаның өзі түсіндіріп отырды. Суреттердің көпшілігі ғаламтор арқылы да халыққа таныс. Белгілі өнер адамдарымен, ресейлік шоу бизнес өкілдерімен бірге түскен суреттер де жетерлік.

-Мен алғаш осы істі қолға алғанымда таныстарым «Бұл көне өнер бұйымдарын кім сатып алады?» деп күмән келтірген еді. Ұлттық өнерді біздің қыз-келіншектер үйреніп, кеңінен таратса, оған қоса өзіне бір кіріс табарлық іспен айналысса, ғанибет емес пе?! Мұның пайдасын әлі келешек ұрпақ көретін болады. Шетелдіктер келіп семинарлар өткізеді, оның орнына әжелеріміздің семинарлары өткізілсе ғой. Біреулер фэн-шуй деп үйлерін безендіреді, ау, қазақтың фэн-шуйына жететін не бар? Мына құрақ көрпенің сакральдық құпиясы мол. Егер осы құрақ көрпеге отырса, адамның бойындағы бүкіл жағымсыз энергия кетеді екен. Міне, біздің қолөнеріміздің құдіреті!- деген Ырза ханымның әңгімесін көрермендер қызыға тыңдады. Сол күні әйгілі шебер сахнада тәй-тәй басқан сәбидің тұсауын кесті. Сол кішкентай қыз баланың ертең Ырза апайы тәрізді ұлтжанды, батыл, іскер ару болмасына кім кепіл ?! Осылайша әжелемізден мұра боп қалған қошқар мүйіз оюы көзге оттай басылатын сұлу өнерді дамытуға атсалысып жүрген этнодизайнер ауданымызға келген сапарында талайға тағылым беріп кетті.

С.Тәжіқызы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521