Ауыл шаруашылығы - азаматтарымыздың өмір сапасына тікелей әсер ететін экономиканың басты салаларының бірі. Жылдағы дәстүр бойынша қараша айының соңғы жексенбісінде ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің күні атап өтіледі. Аудандық мәдениет үйінде ауыл еңбеккерлерінің мәртебесін көтеретін, өңіріміздің өркендеуіне лайықты үлестерін қосып жүрген шаруагерлердің абыройын асқақтатқан «Ауыл – ел бесігі» атты мерекелік шара ұйымдастырылды.
Сахна шымылдығын аудан ардагерлерінен құрылған «Ұлағат» ұлт-аспаптар ансамблі Тоқсанбай Құлтумиевтің «Комсомол» күйімен ашты. Бұдан соң Сұлубике Мейірханова халық әні «Дедімай-ау»-ды төгілтіп, шараға жиналған ардагер шаруагерлердің көңілін бір көтеріп тастады.
Алғашқы құттықтау сөзді аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова сөйледі:
-Құрметті ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлері! Қадірлі еңбек ардагерлері! Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Қажырлы еңбектерiңiзбен ауданымыздың экономикасының дамуына ғана емес, қоғамда әлеуметтiк тұрақтылықтың нығаюына да қомақты үлес қосып жүрген сіздердің кәсіптеріңізге береке мен молшылық тілеймін. Ел ырыздығын еселеген еңбектеріңіз одан әрі өркендеп, Тәуелсіз мемлекетіміздің гүлденіп көркеюіне алдағы уақытта да өз үлестеріңізді қосады деп сенемін,-дей келе қажырлықпен еңбек етіп жүрген бір топ ауыл шаруашылығы қызметкерлерін және жеке кәсіп иелерін аудан әкімінің алғысхатымен марапаттады. Атап айтсақ, олар: ауданның ветеринария саласында еңбек етіп жүрген дәрігерлер мен мамандар Есет Боранбаев, Гүлжайна Мұханбедиярова, Зейнеп Сүндетовалар мен аудандағы әр шаруа қожалықтың жетекшілері Абай Түлкібаев, Алия Мұрынова, Жомарт Нұрхатов, Фархад Байбатыров, Амантай Жолаев, Амангелді Еркімбаев, Асхат Алдабергенов, Дариға Жаңабаевалар еді. Сонымен қатар Маңғыстау облысының Ақтау қаласында өткен Жылыой ауданының мәдени күндерінің жоғары деңгейде ұйымдастырылуына атсалысып, ауданымыздың мәдени әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлестері үшін Марат Құлбалиев, Ардақ Абдуғаппарқызы, Сауле Ғалиева, Сейтжан Балжігітов, Жаннат Қабдешова, Мұрат Исағалиев, Бақтығали Жиенқұлов, Дүйсенбай Бохаев, Махмуд Балғабайұлы, Жұлдызай Жандосқызы аудан басшысының алғыс хатымен ұлғыланды.
Ауданға белгілі әншілер Жайна Нұрханова «Ауылым», Жандарбек Ералиев «Сәулем-ай» әнін шырқады. «Жем аруы» халықтық би ансамблі биден шашу шашты. «Ақ әже» әжелер ансамблі халық әндерін төгілтіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Нұргүл Бақтығалиева «Сезім сыры» әнін жүректерге жеткізсе, Арман Қоңыров «Ауылым» әнімен бүгінгі салтанатты шараның шымылдығын жапты.
П.ҚИЗАТОВА