Атырау қаласында салт-дәстүр мен қолөнерді жаңғыртып, оны жас ұрпақтың санасына сіңіруге бағытталған «Асыл мұра» әлеуметтік жобасының қорытынды іс-шарасы өтті.
Өткен жылдың сәуірінде басталған жоба үш ауқымды мектеп аясында жүзеге асырылды.
Соның бірі – «Ұлы дала өнері» мектебі. Бұл бағытта 7 шеберлік сабағы өткізіліп, 300-ден астам адам қатысты. Қатысушылар киіз үйдің ағаш сүйегін жасау технологиясын меңгеріп, оны өңірде өндіруге мүмкіндік алды.
Ал жобаның келесі бағыттары – «Дала мәдениеті» және «Ұрпаққа аманат» мектептері шеңберінде танымдық және мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, «Дала мәдениеті» мектебі аясында 14 тарихи-мәдени орынға 6 экскурсия өткізіліп, 120 бала қамтылды. «Ұрпаққа аманат» мектебінде 15 мәдени шара ұйымдастырылып, 450-ге жуық жасөспірім қатысты. Іс-шаралар Атырау және Құлсары қалаларында өтті.
Жоба жетекшісі Жанар Әбіштің айтуынша, бастапқы жоспарланған көрсеткіштер артығымен орындалған.
– Айта кетейік, жоба «Қазақия» қоғамдық қорының бастамасымен, «Теңізшевройл» ЖШС-нің қолдауымен жүзеге асырылды. Осы ретте демеушілерге шексіз алғыс білдіреміз, – деді ол.
Сонымен қатар жоба аясында кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы, “Шаңырақ” балалар үйі және “Қарттар” үйінде қайырымдылық шаралары ұйымдастырылды.
Қорытынды іс-шара қатысушыларды марапаттау рәсімімен аяқталды. Ұйымдастырушылар жобаны алдағы уақытта жалғастырып, ауқымын кеңейтуді жоспарлап отыр.



