«Атырау суретшілері»

Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының 90 жылдығына орай облыстық Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінің «Атырау суретшілері» атты кітабы жарыққа шықты. Үш тілдегі жинаққа өлкеден шыққан кәсіби мамандар мен жалпы Суретшілер одағының облыстағы филиалының барлық мүшесінің жұмыстары ықшамдалып берілген. Солардың қатарында ауданымыздан шыққан дарынды мүсінші Серік Мәтениязов пен қылқалам шебері Ләззат Мамырованың да жұмыстары топтастырылды.

Әр жеке суреткердің жүрегінен шыққан туындылар топтамасы – каталогтың негізгі мазмұнын салмақтай түскен. Әсіресе, жылыойлық Ләззат Оңғарқызының картиналарына көзің тоймайды. Табиғат көріністерін шынайы бейнелеген суретшінің еңбектері кітаптың ажарын аша түсіпті. Суретші шығармаларының ішінде танымал фотокорреспондент Олег Свидиннің портретінен бастап, өте сәтті шыққан «Ақінген кен орны», «Қайқы ауылы», «Жағалау» атты суреттері анық көрсетілген.

Мүсінші Серік Мәтениязовтың Жылыой ауданына ғана емес, жалпы елімізге сіңірген еңбегі зор екенін баршамыз жақсы білеміз. Бұл кәсібіне ол, ең алдымен, өнер деп қарайды. Сондықтан оның шығармашылығы өзіндік тақырыбымен, бөлек болмысымен ерекшеленеді. Әр жаңа мүсіні көрген көзді қуантады. Автор айшықтаған ұлт азаттық күресінің батырлары – Исатай Тайманұлы, Махамбет Өтесімұлы, басқа да тарихи тұлғаларымыздың мүсіндері бүгінде өңіріміздің өткен тарихынан қалған бір белгідей қасқайып тұр. Бұл кітапқа да мүсіншінің көлемді туындыларының суреттері енген.

Жақында «Атырау суретшілер» кітабы аудандық кітапхана қорына қосылды. Мұны кітапхана директоры Балзия Кенжебековаға Серік Мәтениязовтың өзі салтанатты жағдайда табыс етті. Енді өнерсүйер қауымға сол еңбектен есімі елге танылған тұлғалардың шығармашылығымен танысып, сол арқылы қазақ бейнелеу өнері жайлы кеңірек мағлұмат алуға мүмкіндік туды.

П.ҚИЗАТОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT