«Атырау - әнім»

Өткен аптада Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, өнер иесі, белгілі композитор, дирижер, профессор, Жылыой топырағында дүниеге келген танымал тұлға Айтқали Жайымовтың 75 жасқа толуына арналған «Атырау-әнім» атты шығармашылық кеші өтті.

Айтқали Жайымов – Астана қаласы Мемлекеттік академиялық филармониясы қазақ оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижеры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, профессор, Қазақстан композиторлар Одағының мүшесі, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің «Құрметті қызметкері», Махамбет атындағы сыйлықтың иегері, Атырау облысының және Жылыой ауданының «Құрметті азаматы».
«Атырау – әнім» атты шығармашылық кеш «Кең Жылой» мәдениет үйінде жоғары деңгейде өтті. Айтқали Жайымовтың күйлері көңіліңді көншітіп, қиялыңды қалғытып баурап әкетеді. Жүрекке ыстық тиетін сазды әндері мен әр түрлі аспаптарға жазылған пьесалары тағы бар. Шығармашылық шара басталмай тұрып, сөз кезегі кеш иесі - Айтқали Жайымовқа берілді.

-Құрметті халайық, жерлестер, өздеріңізбен қауышып, сәлемдесіп кетудің сәті түсіп отыр. 75 жас мерейтойыма арналған шығармашылық кешімді туған жерімнен бастауды жөн көрдік. Осы кештің алдында Атырау қаласында өткіздік. Онда да көрермендер көптеп жиналды. Елге деген ыстық ықыласымыз ерекше, елге деген сағынышты ән-күй арқылы жеткізіп жатамыз. Сондықтан сіздермен кездескеніме қуаныштымын!-деді шығармашылық кештің иесі Айтқали Тілепқалиұлы.

Шығармашылық концерттің шымылдығы Айтқали Жайымовтың «Шаттық елі» күйін Д.Нұрпейісова атындағы қазақ халық-аспаптар оркестрінің орындауымен басталды. Исатай мен Махамбет бастаған көтерілісті бәріміз білсек те, олардың сарбаздары туралы хабарымыз аз. Солардың бірі – Иманбай, Смағұл, Қабыланбай, Жапалақ, Қали атты ұлдарымен бірге осы көтеріліске қатысқан Қалдыбай Қосаяқұлы. Осыған орай, А.Жайымов «Қалдыбай батыр толғауы» атты күй жазған екен. Концерт барысында орындалған шығармалардың тұсаукесері десек те болады. «Қалдыбай батыр толғауы» деп аталатын күй Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Р.Ерғалиеваның дирижерлығымен орындалды. Шығармашыл тұлғаның «Думанды тобыл» шығармасы, автор Қ.Жылқышиевтің «Доссор мен Мақат» әнін Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Х.Сақыпова мен Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі Н.Шаймардановалар орындады. Дирижерлық еткен Д.Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық-аспаптар оркестрінің бас дирижері және көркем жетекшісі, - Б.Долдашев.
Кеш барысында «Әз Тәуке», «Мен қазақпын» халықаралық мега-жобасының гран-при иегері әрі оркестрдің жеке домбырашысы, «Талант» төсбелгісінің иегері Ж.Жәмиевтің орындауында «Күй-ана» туындылары орындалды. Сонымен қатар, шығармашылық кеште әке жолын жалғастырып, жас та болса мәдениет пен өнердің дамуына зор үлес қосып келе жатқан, Қазақстан Республикасының «Құрмет» орденінің иегері, композиторлар одағының мүшесі А.Айтқалиұлы да саф туындыларын көрермендерге ұсынды. Сондай-ақ, кеште Қазақ-ұлттық университеті мектебінің 2-сынып оқушысы Айдана Жайым «Бесік жырын» орындады. Республикалық конкурстардың лауреаты Ж.Тұяқова А.Жайымның «Сағыныш» шығармасын орындап шықты. Кеште 2021 жылы, Қыркүйек айында Орал қаласында А.Жайымов төрелік еткен Т.Шәмеловтің 1-ші Республикалық күйшілер байқауында ауданымыздың намысын асқақтатып, бас жүлде алған Қ.Жұмағалиев те өнер көрсетті. Авторы А.Бақтыгерееваның «Аққулар» өлеңін Республикалық конкурстардың лауреаты Г.Төлебергенова да жоғары деңгейде орындады. Концерттік кешті тамашалап отырған көрермендер де композитор әрі күйші А.Жайымов бастаған өнер иелеріне риза болып, қошеметтерін аямады.
Кеш соңында аудан әкімі Жұмабек Қаражановқа сөз кезегі берілді. Аудан басшысы өз кезегінде:

-Ардақты ағайын, құрметті өнер сүйер қауым! Құрметті Айтқали Тілепқалиұлы! Көгінде күйі күмбірлеп, әні қалықтаған кең Жылыой өңірі талай өнер саңлақтарымен жүрегі жырға толы өнерпаздарды тал бесігінде тәрбиелеп, қалыптастырып келеді. Алғашқы еңбек жолыңызды ауданымыздан бастадыңыз. Кейін үлкен оркестрді басқарып Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің «Құрметті қызметкері», Қазақстан Республикасы композиторлар одағының мүшесі, профессор, Жылыой ауданының құрметті азаматы, Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясы оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері дәрежесіне жеткеніңіз үшін Жылыой жұртшылығы сізге құрметін білдіре отырып, 75 жас мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтайды! Еліміздің күй өнерінің дамуы мен қалыптасуына қосып жүрген еңбегіңіздің мемлекеттік деңгейде жоғары бағалануы ұзақ жылдар бойғы еңбегіңіздің жемісі деп білеміз. Сізге мерейлі сәтіңізде жылыойлықтардың ыстық сәлемін жеткізе отырып деніңізге саулық, отбасыңызға амандық, шығармашылығыңызға сәттілік тілейміз!-деді аудан әкімі Жұмабек Байрақбайұлы.

Осылайша аудан басшысы Ж.Байрақбайұлы ауданымыздың тумасы, композитор А.Жайымовқа алғыс хат табыстап, өнер иесіне жылы ілтипатын білдірді.
Сонымен қатар аудан әкімі Айтқали ағамыздың ақ батасын алуға келгендігін жеткізді. Композитор А.Жайымов жаңа аудан басшысы Ж.Байрақбайұлына ақ батасын беріп, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
Кеш барысында мәдениет үйіне жиналған көрермендер әкелі-балалы композиторлар Айтқали Жайымов пен Арман Жайымның шығармаларын тыңдап, керемет әсем әуен мен тәтті күйдің ырғағына куә болып қайтты. Күйдің құдіреті шексіз! Әсем әуен мен тәтті күй кім-кімді де өзіне баурамай қоймас!

А.ЖҰМАБАЙҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521