«Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы ерінбе»

Өмірлік ұстаз - Абайдың мұрасын кейінгі ұрпаққа дәріптеу, қаз-қалпында жеткізу - қазіргі орта буынның міндеті. Күллі қазақтың маңдайына туа біткен нар тұлға Абай Құнанбаевтің туған күнін жыл сайын айрықша атап өтіп, асқан жауапкершілікпен түрлі байқаулар өткізсек, жастарымыздың да зейінін ашып, әдебиетке деген сүйіспеншілігін арттыруға болатыны хақ. Бұл ретте аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі мен аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен өткен Абай оқулары байқауы – осы мақсатты көздесе керек.

«Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы ерінбе» тақырыбында ұйымдастырылған бұл байқау ұлт руханиятының темірқазығына айналған Абай Құнанбайұлының өскелең ұрпаққа қалдырған өнегелі туындыларын тағы бір жандандыра түсті. Үш кезеңнен тұратын байқауда 9 қатысушы бақ сынасып, ақын шығармаларын мәнерлеп оқудан сайысты. Қатысушылар алғашқы “Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы” кезеңінде Абай өлеңдерінен сынға түсіп, көрермен көңілін бір кеңейтіп тастаса, келесі кезеңде қара сөздерін мәнерлеп оқыды.

Нағыз жүйрікті анықтайтын үшінші кезеңде Абайдың шығармашылығы мен өмір жолынан әр қатысушыға үш сұрақтан қойылды. Кіл мықтылар бір табан алға шығып, жақсы дайындықпен келгенін бір дәлелдеді. Байқау барысында кітапхана қызметкері Салима Қабдоллаева Мұхтар Әуезовтің Ұлы Абай туралы жазған: «Қазақтың ұлы ақыны Абайдың қазақ әдебиетіне ХІХ және ХХ ғасырда еткен әсері аса мол. Абайдың өзін көрмей, сөзін оқу арқылы, сол Абайдың өлеңдерінің үлгісіне әлеуметтік мәселеге, адамгершілік жайға, ағартушылық турасына арнап көп-көп өлеңдер жазған талай ақындар бар. Әсіресе, бұлардың саны, Абай шығармалары қазақ сахарасына жайыла бастаған сайын молая түскен» деген пікірін келтірді.

Сол айтқандай, әлемдік әдебиеттен өз орнын тауып, адам баласын шындыққа, адалдыққа, білімге шақырған Хакім Абайдың шығармашылығына бей-жай қарай алмайтын оқырмандарды тоғыстырған бұл байқауға аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшының уақытша міндетін атқарушы Айдана Мелсқызы, Жастар ресурстық орталығының басшысы Әлібек Амандықов, «Кең Жылыой» мәдениет үйінің театр жетекшісі Назгүл Жиенбаева төрешілік етті.

Көрерменнің ортасында отырып-ақ, сөз сайысының үздіктерін анықтаған әділқазы құрамы үш кезеңнің нәтижесін сарапқа салып, үздіктерін бірден анықтады десек те болады. Себебі, нағыз мықтының ә дегеннен-ақ талантынан байқауға болады емес пе?! Әр қатысушының дайындығына, сөз саптасына, «сөздің патшасына» деген сүйіспеншілігіне, өлең оқуы мен сахнада өзін ұстау мәдениеті секілді өзге де қарым-қабілетіне назар сала отырып, қазылар алқасының шешімімен байқаудың жүлдегерлері анықталды. Қазылар алқасының ұйғаруымен Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің филиология факультетінің ІІІ курс студенті Ақтілек Оңайбаева сайыстың 3-орынына лайық деп танылды. Шалғайдағы Қарақұм қойнауындағы Майкөмген ауылында орналасқан №17 мектептің 9 сынып оқушысы Анель Жұпқали жүлделі 2-орынды жеңіп алды. Оның сөз сайысына жақсы әзірлікпен келгені бірден аңғарылды. Өйткені оны баптап, дайындаған осы оқу ордасының қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Дәулет Мадиев еді.

Ақын ұстаздың өзі болса, байқаудан «мыңнан тұлпар» шығып, басты жүлде – 1-орынды қанжығасына байлады. Абай шығармаларын зор ықыласпен мәнерлеп оқып, тыңдарманның жүрегіне жеткізе білген қатысушылар диплом және арнайы сыйлықтармен марапатталды. Мәңгілік аты өшпейтін қазақ әдебиетіндегі ойып тұрып орын алған ұлы тұлғаларды дәріптейтін осындай іс-шаралардың алға қарай да мол өтуін тілейміз. Өйткені рухани ордада өткен Абай оқулары «асыл сөзді іздеген» жас оқырманның жүрегінде ізгі әсер қалдырды.
Диана Ізбасарқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT