Асыл домбыра – Атырауда

Қазақтың қанына сіңген суырыпсалмалық айтыс өнері күні бүгінге дейін жалғасын тауып келеді. Өйткені  айтыс – қазақтың төл өнері. Бүгінде осы қазақилығымыздың бір дәлелі ретінде төл өнеріміз сахнаға қайта оралып, көрермен қауымын өзіне қайта баурауда. Тартыс пен қағытпа-қалжыңға, астарлы шындыққа толы өнерімізді насихаттап жүрген айтыскер ақындардың да қарасы көбеюде. Бұл еліміздегі  айтыс өнеріне деген құрметтің әлі де болса биік шыңда екенін аңғартады.

Таяуда «Алатау» дәстүрлі өнер театрының сахнасында  «ASSYLTAS» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен,  Дулат Бабатайұлының 220 жылдығына орай  «Асыл домбыра - 2022» ақындар айтысы өткен болатын. Еліміздің түкпір-түкпірінен барлығы 17 облыс пен 3 қаладан сөз бәйгесінде бас қосқан  азулы ақындардың арасында  Атыраулық ақындар да болды. Жақында аталған республикалық «Асыл домбыра - 2022» айтысының  финалы өтіп, Атырау облысының  арқалы айтыскер ақындары финалда топ жарып,  аламанда үздік атанды. Сайдың тасындай іріктелген аламан бәйгесінде жерлесіміз айтыскер ақын Сырымбек Сәрсембаев та болды.

Азулы алпыс ақынның арасында төрт батыс өңірінің ақындары намыс туын тік алып, өз өнерлерін ортаға салып финалдық кезеңге дейін алға шықты. Сайыс нәтижесінде жерлесіміз Сырымбек Сәрсембаев Жамбыл облысының айтыскер ақыны Дархан Әбдіманапұлымен айтысып 3:0 есебімен қарсыласын басып озды. Осылайша ақындар айтысының жүлделі бірінші орыны облысымызға бұйырды.

Суырып салып айтысу арқылы елдік пен ерлікті жырлап, шаппа-шап тартысып жауаптасу кезінде елдің мұң-мұқтажын, өзекті мәселелерді қаузап, орақ ауыз өткір тілдерімен әділқазылар мен көрермендердің жүрегінен орын тапқан атыраулық айтыскерлер облыс мерейін тағы бір мәрте үстем етті. Киелі күй өнері дарыған ақын-жыраулар мен күйшілер мекені Атырау облысы үшін бұл үлкен жетістік.

Айта кетейік, Атырау музейі тағы бір асыл тастармен көмкерілген, естілік жазуымен арнайы дайындалған «Асыл домбыра» жәдігерімен толықты. Асыл домбыраны облыс әкімі Серік Шәпкеновке табыстау қаңтар айының ортасында салтанатты түрде өтетін болады. Бұл марапат айтыс өнеріне тың серпіліс беріп, киелі күй өнерінің ізінен ергендерге үлкен жетістік болары сөзсіз.

А.Жұмабергенова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521