Он жылдан астам уақыт өткізіліп келе жатқан «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы киелі мекен – Кең Жылыойдың жерінен де небір мерейі үстем отбасыларды бүкіл Атырау аймағына, қала берді Қазақ еліне танытты. Солардың бірі республикалық кезеңнен алғашқы болып жүлделі орынды иеленген Бешімовтер жанұясы еді.
Бүгінде сол үрдіс өз жалғасын тауып келеді.Құлсары қаласындағы «Нұрасыл» мейрамханасында «Мерейлі отбасы-2025» ұлттық конкурсының аудандық кезеңінің өтуі – дәл соның айғағы. Онда өңірімізде тұратын барлығы төрт отбасы қатысып, бақ сынады. Олардың қатарында құлсарылық Арыстановтар, жаңақаратондық Әжібаевтар, шоқпартоғайлық Қожиевтер және майкөмгендік Аңдамасовтар отбасылары бар.
Салтанатты марапаттау қарсаңында сөз алған аудан әкімінің орынбасары, комиссия төрағасы Гүлнафис Айшуақова барша қатысушы отбасыларды аудан әкімі Жұмабек Қаражановтың атынан құттықтап, жүрекжарды жылы лебізін білдірді. Содан кейін әр әулет туралы мәліметтер алдын ала түсірілген бейнеролик арқылы таныстырылып, әр отағасы өз отбасы жайлы ауызша да деректер берді. Арыстановтар, Аңдамасовтар отбасынан шыққан өнерпаздар өз өнерлерін ортаға салып, «әсем ән мен тәтті күйге» де кезек берілді.
Ақыры жеңімпаздарды да анықтайтын сәт келді. Арнайы комиссия мүшелерінің төрелік етуімен Арыстановтар мен Аңдамасовтар отбасы «Мерейлі отбасы – 2025» конкурсының жеңімпазы деп танылып, облыстық кезеңге жолдама алды. Арнайы дипломмен марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды.Ал Қожиевтер мен Әжібаевтар отбасы конкурсқа белсене қатысқаны үшін ұлығыланып, сый-сияпаттан да құр қалмады.
Е.ҚОШАҚАНОВ