Ананың асыл мұрасы

Тұрғызба ауылының №4 М.Әуезов атындағы жалпы орта білім беретін мектебінде Сәли Шәкірова апаның 100 жылдығына орай «Ананың асыл мұрасы» атты әдеби-сазды кеш өтті. Аты аңызға айналған батыр анаға арналған апталықтың кезекті шарасы өзі туып-өскен ауылда жалғасты.

Ол осы алақандай ауылда дүниеге келген еді. Балалары да осы ауылдың аядай мектебінде білім алып, топырағында өсті. Мектеп оқушылары және ауданның құрметті азаматтарының қатысуымен өткен кеште есте қаларлық ерекше сәттер көп болды.

Шараның шымылдығы ашылмас бұрын соғыстың қасіретті жылдарының көріністері бейнеролик арқылы көрермен назарына жетті.

Мектептің белсенді оқушылары Сәли апаға арнаған өлеңдерін оқыды.

10 «ә» сыныбының оқушысы Бейбіт Балғынбаев «Ана» әнін орындады.

saly1

Жылыойдың мақтанышы болған, көзі тірісінде талай аламан айтыстың жеңімпазы атанған ақын Салауат Исахаевтың ұлы Ернұр Салауатұлы да Сәли ананың ғұмырын бір арнауға сыйдырып, үлкендердің батасын алды.

Мектеп оқушыларынан құралған М.Әуезов мектебінің «Тарлан» драма театрының әртістері Сәли Бердіқұлқызының сұрапыл соғыс жылдарындағы өмірін көрініс арқылы көрсетті.

Мектеп директоры Сымбат Едігеқызы өзінің ана туралы естіген аңыз әңгімелерін тілге тиек етіп, ол кісінің байсалдылығы мен еңбекқорлығын өзінің өмір жолында үлгі ететінін айтып, барлық жылы лебізін ақтарды.

Батыр ананың келіні Қойған апайға М.Әуезов мектебі атынан сыйлықтар табыс етілді.

Ш.Мұхтарқызы

COVID 19

covid

Күнтізбе