Мемлекеттік тілдің мәртебесі ел азаматтарының сол тілде сөйлеуіне ғана емес, көшедегі жарнамалар мен көрнекі құралдардағы, түрлі мекемелердегі маңдайша жазуындағы ана тіліміздің қолданысына да байланысты. Өкінішке орай, арнайы заңмен бекітілген талаптарды көптеген кәсіпкерлік нысандары сақтай бермейтіні жасырын емес. Сондықтан бұл мәселенің түйінін тарқатып, тікелей қадағалау жүргізіп отырған мемлекеттік орган – аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі бар. Біз осыған орай бөлімнің бас маманы Үміт Кенжинаға жолығып, бірнеше сауал қойған едік.
- Үміт Жұмалықызы, қазір Құлсары қаласының көшелеріне көз салсақ, базарларға бара қалсақ, орысша, кейде ағылшынша жарнамалардан көз сүрінеді. Ондай нысан иелерін тәртіпке шақыруға болмай ма? Негізінен, заң бойынша көрнекі ақпарат құралдарына, жарнамаға қандай талаптар қойылады?
-Жалпы, аудандағы көрнекі ақпарат пен сыртқы жарнама мәтініндегі ана тіліміздің ахуалы мен ондағы кемшіліктер туралы бұған дейін де газет беттерінде әлденеше мәрте көтерілген. Көшелердегі көрнекі ақпараттар, баннерлер, маңдайшалар, хабарландыру, жарнама, баға көрсеткіштері, тағы басқа да көрнекі ақпарат құралдары – қоғамдық идеологияға әсер ететін фактордың бірі. Қазіргі таңда өз кәсібін дөңгенлетіп отырған жеке кәсіпкерлердің сол көрнекі ақпарат құралдарына, оның сауаттылығына, заңдылығына көңіл бөліп жатқаны өте аз. Ал шын мәнінде Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» заңының «Деректемелер мен көрнекі ақпарат тілі» атты 21-бабында: «Көрнекi ақпараттың барлық мәтiнi мынадай ретпен: мемлекеттiк тiлде – сол жағына немесе жоғарғы жағына, орыс тiлiнде – оң жағына немесе төменгi жағына орналасады, бiрдей өлшемдегi әрiптермен жазылады. Қажеттiгiне қарай көрнекi ақпараттың мәтiндерi қосымша басқа да тiлдерге аударылуы мүмкiн. Бұл жағдайда қарiп өлшемi нормативтiк-құқықтық актiлерде белгiленген талаптардан аспауға тиiс. Ауызша ақпарат, хабарландыру, жарнама мемлекеттiк тiлде, орыс және қажет болған жағдайда, басқа да тiлдерде берiледi» делінген. Жарнамаға келсек, қазіргі таңда, ол ең алдымен, орыс тілінде дайындалады да, кейін қазақ тіліне аударылады. Дұрысында, бұл жағдай керісінше болуы тиіс. Бәріміз Қазақ елінде тұрып жатқан соң, ең бірінші, қазақ тілінде әзірленуі керек. ҚР «Жарнама туралы» заңының 6-бабында «Жарнама мазмұнының аудармасы оның негiзгi мағынасын бұрмаламауға тиiс. Жарнама мәтіні "Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы" Қазақстан Республикасы заңының талаптарына сәйкес келуі тиіс» деп жазылған. Бұл жерде көптеген кәсіпкерлеріміз осы заңдылық талаптарын бұзып отырғанын білмейді. Бірақ заңды білмеу ешкімді де жауапкершіліктен құтқармайды. Сондықтан ондай нысан иелеріне заңға сәйкес тиісті шара қолдану қажет.
-Бүгінде көшелердегі көптеген нысандардың маңдайшасына қарап «Chanel», «Apple», «Gucci», «Modellini», «Beeline», «Adidas», «Puma», «Coca Cola», «Canon» деген секілді басқа да «бренд» жазулардан көз сүрінеді. Бұл қаншалықты заңға сәйкес келеді?
-Иә, жасыратыны жоқ, қаладағы жеке кәсіпкерлер көрнекі ақпарат құралдарын орналастырған кезде еліміздегі «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы" заңның талаптарына мән бермей, тұтынушыларына сатып тұрған тауарына баса көңіл бөліп, «FOR MEN», «BURGER», «ISE CREM», «COSMETIC» секілді басқа да көптеген көрнекі ақпарат құралдарының атауын жазып, жарнамалап қояды. Және онысын «Бұл бренд», деп дәлелдеуге тырысады. Бұл – қате түсінік. Өздері өндіріп, әлемге танымал болған тауарлардың фабрикалық таңбаларын, тауар белгілерін «бренд» деп атайды. Қазақстан Республикасында қорғалатын мемлекеттік емес ұйымдардың маңдайшасында қолданылатын тауар белгілері (логотиптер) өзгеріссіз жазылады. Мәселен, «Chanel», «Apple», «Gucci», «Modellini», «Beeline», «Adidas», «Puma», «Coca Cola», «Canon» және басқа да жазулар бар.
-Жалпы, жарнама тіліне нақты кім жауап береді, жарнама беруші ме, әлде жарнаманы жасаушы маман ба?
-Негізінен, жарнама шығарушыларға жарнама табыс көзі саналады. Жарнама шығарушы агенттік мамандары өз тарапынан сөз бен мәтіннен қателік кетпейтінін айтып жатады. Себебі, олар әрбір тапсырыстағы сөйлемнің, сөздің әр әрпіне, тіпті тыныс белгісіне дейін жауапты екендігін айтады. Бұл ретте тапсырыс беруші қандай мәтін берсе, жарнама шығарушы агенттік те дәл солай басып шығарады екен. Дұрысында, жарнама шығарушы көрнекі ақпарат құралдарды, жарнамаларды шығару кезінде, ең бірінші, тіл заңдылықтарын басшылыққа алып, тіл нормаларын сақтауы қажет. Ал, заңға сәйкес жарнаманың мазмұнына жарнама беруші де, жарнаманы дайындау- шы мекеме де жауапты. Олар сол дайындаған жарнама мәтіндерінің сапасы мен тіл нормасына да жауап беруі тиіс.
-Көрнекі құралдар ақпаратына қатысты заңда өзгерістер болғанын білеміз. Оның орындалысы қалай жүзеге асып жатыр?
-Көрнекі ақпаратқа қатысты заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Мемлекет басшысы 2021 жылғы 29 желтоқсанда қол қойып, ол заң қолданысқа енгізілді. «Осы толықтырулардан кейін не өзгерді» дейсіз ғой? Ең басты өзгеріс – осыған дейін заңда міндетті түрде қазақ тілімен қатар орыс тілі қатар қоданылатыны міндеттелген еді. Заңға енген өзгеріске сәйкес, ендігі жерде мемлекеттік емес ұйымдарға, атап айтсақ, кәсіпкерлік субъектілеріне бланкілерін, маңдайша жазуларын тек мемлекеттік тілде жазу міндеттелді. Тек қажет болған жағдайда ғана орыс немесе басқа тілде орналастыруға құқық берілді. Сонымен қатар, «Әкімшілік-аумақтық бірліктердің, елді мекендердің құрамдас бөліктерінің, сондай-ақ басқа да физика- географиялық объектiлердiң дәстүрлi, тарихи қалыптасқан қазақша атаулары мемлекеттік тілде жазылады» делінген аталған өзгеріске сәйкес.
-Латын графикасына көшуге бет алғалы, көшедегі маңдайша жазулар да сол әріптерге ауыса бастады. Жасыратыны жоқ, оны қарапайым көпшілік шет тілімен шатас- тырып алып жатады. Бұл туралы не айтар едіңіз?
-Иә, ауданда латын әрпінде жазылған маңдайшалар жиі кездесетіні рас. 2017 жылы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарлама жарияланды. Соған сәйкес әліпбиімізді латын графикасына көшіру жайында тапсырма берілді. Осы бағдарлама бойынша 2025 жылға дейін жалпы іс қағаздарды, оқулықтарды, мерзімді баспасөзді де латын әліпбиіне көшіріп, басып шығару міндеттелді. Алайда, барлығыңызға белгілі бағдарлама қабылданған 2017 жылдан бері елімізде қазақ тілінің латын графикасы негізіндегі үш әліп-би нұсқасы ауысты. Латын әліпбиіндегі емле ережесіне өзгерістер енгізіліп, 2019 жылдан бері латын әрпіндегі көрнекі ақпарат құралдарының жазуларына уақытша тыйым салынды. Бірақ оған қарамастан, жеке кәсіпкерлер әлі де болса көрнекі ақпарат құралдарын латын әрпінде орналастыруын тоқтататын емес.
-Кейбір кәсіпкерлер «Мен тіл білмеймін», «Қай тілде орналастырсам да өзім білемін» деп көрнекі ақпарат құралдарын өзге тілде жазып жатады. Бұл әрекеті қаншалықты заңды саналады?
-Бұл сөз жоқ, қате пікір, оның үстіне заңсыз әрекет. Қазақстан Республикасы Конституциясының 7-бабында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп тайға таңба басылғандай көрсетілген. Сонымен қатар "Қазақстан Республикасындағы тіл туралы" заңының 21-бабында: «Хабарландырулар, жарнама, прейскуранттар, баға көрсеткiштерi, ас мәзірлері, нұсқағыштар және басқа да көрнекi ақпарат мемлекеттік тілде, қажет болған кезде орыс тілінде және (немесе) басқа тiлдерде де орналастырылады. Қазақстанда өндiрiлетiн тауарлардың арнайы мәлiметтер көрсетiлген тауарлық жапсырмаларында (этикеткаларында), таңбаламаларында, нұсқаулықтарында мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде қажеттi ақпарат болуға тиiс. Шетелде өндiрiлген тауарлардың арнайы мәлiметтер көрсетiлген тауарлық жапсырмалары (этикеткалары), таңбаламалары, нұсқаулықтары импорттаушы ұйымдардың қаражаты есебiнен мемлекеттiк тiлдегi және орыс тiлiндегi аудармасымен қамтамасыз етiледi» деп жазылған. Сондықтан еліміздің кез келген азаматы осы мемлекетте тұрған соң өз Отанының заңына бағынып, соның шеңберінде жұмыс жаса- уы керек.
- Енді осы «Қазақстан Республикасының Тiл туралы» заңын бұзғаны үшiн қандай жауапкершілік қаралған, сол жөнінде нақтырақ айтып өтсеңіз.
-Иә, заң талаптарын бұзғаны үшін ондай азаматтар жауапкершілікке тартылады. «Деректемелер мен көрнекi ақпаратты орналастыру жөнiндегi талаптарды бұзғаны» үшін бастапқы әзірде ескерту жасалады. Бұл жерде, ең алдымен, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 75-бабының 3 бөлігі жүреді. Егер әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бір жыл ішінде қайталап жасалса, онда алынатын шара да қатаяды. Яғни лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – бес, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – он, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне жиырма бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынады. Яғни Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 75-бабының 4-бөлігі бойынша жауапкершілік қаралған.
-Соңғы сұрақ, көрнекі ақпаратты, жарнаманы орналастыру кезінде рұқсат алу қажет пе, әлде жеке кәсіпкер ешкімнің алдынан өтпестен өзі орналастыра бере ме?
-Қазақстан Республикасының «Жарнама туралы» заңының 11- бабында «Сыртқы (көрнекі) жарнама объектілерін орналастыру Қазақстан Республикасының Жер кодексіне, Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі, автомобиль жолдары және жол жүрісі туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады» деп жазылған. Сондай-ақ, 17-бабында «Автомобиль жолдары жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган өз құзыреті шегінде:
1) сыртқы (көрнекі) жарнама объектілерін халықаралық, республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының бөлінген белдеуінде орналастыру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
2) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республи- касы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
4. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган өз құзыреті шегінде:
1) сыртқы (көрнекі) жарнама объектілерін елді-мекендердегі үй-жайлардың шегінен тыс ашық кеңістікте орналастыру тәртібін әзірлейді және бекітеді;
2) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады» деп жазылған.
Көріп отырғанымыздай, тіл мәселесі – қашан да өзекті. Сондықтан аудандағы көрнекі ақпарат құралдарын дайындау барысында тіл заңдылығы қашанда қатаң сақталып, сауатты түрде жазылуы керек деп есептеймін.
-Әңгімеңізге рақмет. Еңбектеріңізге жеміс тілеймін!
Сұхбаттасқан: Ербол ҚОШАҚАНОВ