«Алатеру аламаны»

Қазақтың қолөнері отбасынан бастау алады. Олай деуіміздің де жөні бар. Өйткені көшпенділер өркениетіндегі киіз үйдің ішіндегі тұрмыста тұтынатын бұйымдардың барлығы отбасы, ошақ қасында отырған он саусағынан өнер тамған ісмер аналар мен ақ жаулықты әжелердің қолымен жасалған. Ғасырлар қойнауынан сыр шерткен осы отбасындағы құндылықтың қадір-қасиеті артып, ол ұлттық құндылыққа ұласып, халқымыздың шынайы бет-бейнесін бедерлейтін озық өнер туындысына айналды. Оның отбасындағы өскелең ұрпақтың тәлім-тәрбиесіне тигізер пайдасы да орасан.

Іріктелген ісмерлер

Жақында Ақтау қаласында өткен Маңғыстау облыстық ғылыми-әдістемелік және мәдени қызмет көрсету орталығының ұйымдастыруымен алғаш рет тұсауы кесілген республикалық "Алатеру аламаны" байқауында біз осыған көз жеткіздік. 12 сәуір күні әлеуметтік желі арқылы хабарланып, бастау алған сайысқа алғашында 38 үміткер қатысып, финалға Маңғыстау, Атырау, Қызылорда облысынан 13 адам іріктелді. Солардың қатарында киелі мекен - Кең Жылыойдың сәлемін жолдап, намысын қорғап, сексеннен асса да қазақ анасының шынайы шеберлігін паш еткен Бақтылы Жаңабаеваның да есімі аталды. Қарт Каспий өңіріне қазақтың ұлттық өнерін асқақтату үшін ақ жаулықты анамыз аттанғанда, жастардың аяңдап қалуы ұят болар деген ниетпен жылыойлықтар атынан қолдау үшін біз де шашбауын көтеріп қайттық.

Иә, байқаудың түбін түсіріп, түрін көріп жүрміз ғой. Бірақ қазақтың болмысын айшықтап, отбасылық салт-дәстүрін дәріптейтін конкурстардың саны шектеулі екенін жасыра алмаймыз. Оны Отанды сүйіп, ұлтына жанашырлық танытқан мыңның біреуі ғана қолға алып ұйымдастырмаса, біз білетін екінің бірі мұндай мықты байқаудың өтуіне мұрындық та болмайтыны аян. Ал Ақтау төрінде дүркіреп өткен «Алатеру аламаны» 680 шақырым жолды артқа тастап, ат терлетіп жеткен біздерге ерекше әсер сыйлады десек артық айтқандық емес.

Жуырда ғана Түркі әлемінің мәдени астанасы атанған ару Ақтау қаласы қашанда ұлттық өнерді алдыңғы орынға қойып, өткен дәуірден қалған әдет-ғұрыпты көзінің қарашығындай сақтап келе жатқандығын тағы бір дәлелдеді. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен қолөнер шеберлерін жинап, алаша тоқудан алғаш рет өткен осы «Алатеру аламаны» айғақ.

Қатысушылар, әрине, алашаны байқау үстінде тоқи алмады. Оларға ұйымдастырушылар сәуір айынан бастап кірісуге рұқсат берген. Себебі алатеру - кемінде 20 күн, шекті мерзіммен есептесек 2 ай уақытта тоқылатын қол жұмысы. Оның үстіне байқаудың шартына сәйкес, тоқымашылардың жасына шектеу жоқ. Өнерді сүйген үлкендер үшін мейлінше мол уақыт беру қарастырылған. Десек те, доданың өзіндік талаптары болды. Мысалы, тоқылатын алашаның көлемі 2х3 көлемде болуы қажет болса, екінші бір шарты ол табиғи қой жүнінен құралуы керек.

Іс-шара сайысқа қатысушылар мен Маңғыстау өңіріне танымал қолөнер шеберлерінің көрмесімен басталды. Іріктеуден өтіп, үздікке іліккен тоқымашыларды таныстыру үшін аяқтарының астына қызыл кілем төселіп, олар құдды бір әлем жұлдызына ұқсап, өздеріне арнайы жайылған жолақ үстімен сән-салтанатпен жүріп өтті. Ауыл үлкендері бата беріп, өнер қуған жандардың республикалық аламаны басталды. Еліміздің әр аймағынан тамашалаушылар үшін сайыс тікелей эфир арқылы жүргізілді. Одан бөлек адам лық толы зал. Толассыз қошемет. Ұлттық киімді ұлықтаған аналар. Бәрі-бәрі қазақы болмысымызды биікке көтеріп, арқамызды қоздырып, жігерімізді жанып, рухымызды оятты. Байырғы өнердің ұмыт қалмауы үшін тік тұрып қызмет қылып, дүбірлі доданың дәстүрлі түрде өтуіне бар күші мен уақытын сарп етіп жүрген жоба ұйымдастырушысы Бердіхан Әлмен байқау жөнінде өз ойын білдірді.

-Бұл шараның мақсаты – біріншіден, ұмытылып бара жатқан қолөнерді кейінгі ұрпаққа жалғастыру. Екі орта үзілмеу керек. Екіншіден, қазақтың әлемде дара, талантты, аса шебер ұлт екенін дәлелдеу. Байқауға алғашында 38 адам қатысты. Оның өзі бізге көп болып кетті. 38 адам Қазақстанның 8 облысынан және Өзбекстан Республикасының Тамды деген жерінен хабарласты. Алайда олардың 13-і ғана финалға өтті. Өтініш білдіргендерді біз қысқартпадық, біздің талапқа сай келмегендер автоматты түрде өздері шеттетіліп қалды. Алатеруге, жалпы қолөнер жұмысына сұраныс өте жоғары. Біздер ютуб-канал арқылы жұмыс жасаймыз ғой. Байқауға қатысатын әр тоқымашыны іздеп барып, жұмыс барысын түсірдік. Сонда қараңыз, 23 мамыр күні эфирге шыққан түсірілім 25 мамыр күні, яғни екі күннің ішінде 683 000 қаралым жинаған. Және сол түсірілімнен кейін 51 адам хабарласып, тоқымашының байланыс нөмірін сұрап, оның жұмысын сатып алуға өтініш білдірген. Бұл дегеніміз алатеруге, киізге елімізде сұраныс жоғары екендігін білдіреді. Бірақ оны жасайтын адам аз. Өздеріңіз білесіздер, Ақтау жуырда ғана Түркі халықтарының мәдени астанасы атанды. Соған байланысты мұнда түрлі конкурстар мен байқаулар үздіксіз өтіп жатыр. Біздің байқау да соған қосымша, алайда жеке адамдар мен кәсіпкерлердің, жанашыр жастардың атынан ұйымдастырылған шара. Алдағы уақытта шашақ жасаудан сайыс өтеді. Оған бүгінгі есеппен 52 адам қатысуға өтініш білдіріп отыр. Маған «Ер адамсың ғой, осының бәрі не үшін керек?» дейтіндер жоқ емес. Оларға жауабым да дайын. Бұл - менің хоббиім. Мен ұлттық мәдениеттен ажырап кетемін бе, онда мен адам сияқты болмай қаламын. Мен шебердің ұрпағы емеспін, шебер де емеспін, бизнесмен емеспін. Мен тек іште жатқан патриоттық сезімімді осылай шығарып, әйелдер қауымына байқау өткізушімін, болды. Есенғали Раушанов ағамыздың өлеңі бар: «Ай, аңғалдық, аңғалдық, Аңғалдық саған арбалдық. Үстінде отырып алтынның, Біреудің күмісіне таң қалдық». Расында да, біз өзіміздің алтындарымызды жарқыратып көрсете алмай жүрміз, ал бұл соған қосып жатқан иненің жасуындай үлес. Басқа ешқандай мақсат жоқ,-деді тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін өлеңмен аяқтап. Және қазақ елінің ұлттық брендін де қалыптастырушы қаласы Ақтау болуы керек екендігін, осы тұста мұндай шаралардың жиі өтіп, көне дәстүрді жиі жаңғыртып отыру керектігін жасырмады.

Енесіне келіні сай

Ал сексеннің үшеуіне келсе де, Жылыой өңірінің жалауын көтеріп жеткен тұрғызбалық ақ жаулықты әже Бақтылы Жаңабаеваның сөзінше, бұл оның алғашқы байқауы емес. Бұған дейін де талайларды шаң қаптырып, талай жүлдені қанжығасына байлап жүрген ол қазақ аналарының мықтылығын дәлелдеу мақсатында конкурсқа арнайы барған екен. Жастайынан киіз басып, алаша тоқып, шашбау жасап келген жанның қолөнер шебері атануына әкесі себепші болған. Ауыл әжелеріне кішкентай қызын ертіп барып, қаймағы бұзылмаған қазақы өнерден кенде болмауын қалаған ол Бақтылы Жаңабаеваның бүгінгідей шебер атануына алғашқы баспалдақ қалағанын айта кеткеніміз жөн. «Әлім кеткенше әлі талай қолөнермен айналысамын» деген ол бүгінде ізбасарын дайындап, бар білгенін отбасындағы келініне үйретіп келеді. Асылдың сынығындай болған Бақтылы әжеймен сұхбат барысында, ол әңгімесін ашыла айтып, өз өмірінің өткені мен бүгінін сайрата жөнелді.

- Қайын атам соғысқа кеткен жылы енем 17 жасында 6 айлық баламен қалған екен. Кейін мен сол баламен көңіл жарастырдым. Бір отау болдық. Қазір енем де, шалым да о дүниелік болды. Қайын інім де қайтты, бір үйдің екі келіні болып әуелден бірге тұрып келеміз. Көрінген ұл-қыздан немере-жиен сүйіп, үлкен шаңыраққа айналдық. Өзімде 1 ұл, 2 қыз. Ұлдан 4 немерем бар. Келін болып түскен жылдары үй-іші өнерімді қолдап, қызықтайтын. Ол кезде ауылдың бір қызы ұзатылады десе ел болып жиналып, барлығын қолдан тоқып, жинала жасау жасайтын едік қой. Сол кездер ең қызық кездер еді. Қолда икем болып тұрғасын сүйікті істен ажырай алмадым. Кезінде малда болдық, көшіп-қонып жүрдік. Алайда көрші үйдің қыздары мен келіндерін осы өнерге талай үйреттім. Десек те, қазір жұрт қазақы нышаннан қашады, менің жолымды қумайды. Сол үшін де шығар, осы күні шеберлер аз. Еңбегімді бағалап, мектептер шақырып тұрады. Одан бөлек жыл сайын «Теңізшевройл» компаниясының наурыздығына қатысып тұрамын. Бір жылдары үлкен ағаш үйім болды. Ішінде жоқ емес нәрсе жоқ еді. Баламның ер-тоқымына дейін, түлкі, қасқыр, түскиіз, көрпе-төсегімен жабдықталды. Оны біз Атырауда үлкен іс-шара өтетін болып, жан-жақтан кәсіпкерлер, басшылар келеді деп арнайылап апарып құрдық. Сонда бір ірі компания басшылығы ұнатып, сол жерден ағаш үйімді сатып алды. Ал одан басқа өз туындыларымды сатпаушы едім. Осы күні жұрт «сатады» дегенді естіп, жұмысыма өз бағамды қойып, сатып жүрмін. Қазір мендегі бір алашаның құны – 500 000 теңге. Киіз үйге сән қосып, әдемілікке, көз тимеу үшін пайдаланатын шашақтар – 5000 теңге. Ауылдан талай адам алып жүр. Көптен бұл істі қойып кетіп едім. Қайта бастағаныма 3 жылдай болып қалды. Оған өзімнің келінім себеп. «Мама, әл-қуатыңыз барда, бізге, естелікке алаша тоқысаңызшы» деп өтініш айтқан соң қарсы шыға алмадым. Сөйтіп қолөнерді қайта бастап кеттім,-дейді ол жіп иіре отырып айтқан әңгімесінде.

Қазір әжеміз алаша тоқып, ақбау мен уықбау жасаумен айналысады. Бұған дейін түскиіз, керменің түр-түрін жасап, құрақ құрап, көрпе тіккен. Ол кермеге 2 қойдың жүні, түскиізге бірнеше қойдың жүні керек екендігін айта өтті. Бұл ретте шебер әженің қолөнер жұмысына көмектесетін келіні Нұржамал Киюашева:

-Біздің маманың алаша мен текеметтен, киізден жасалған дүниелерін Ресейден де келіп алғандар болды. Одан бөлек табиғи жүннен жасалған қолғап, шұлықтарын да талай кісі келіп иеленді. Бірде шетел азаматтарынан бұл қазақы заттарды не үшін алатынын сұрағанда олар бұл дүниелердің адамның бойындағы өліп қалған нейрондық клеткаларды тірілтетінін жеткізді. Және алаша үстіне жатқан адамға ем қонады дегендер де табылды. Әрине, енемнің жолын қуғым келеді. Өзім де қазақы өнерден кенде емеспін. Мектеп жасынан іс тігіп, құрақ құраумен айналысамын. 4 жылдай жеке тігін цехым болды. Кейінгі жылдары денсаулығыма байланысты ол жердегі жұмысты тоқтатып, аз-мұз үйден тапсырыс қабылдаймын,-дейді өз ойын білдіріп.

Иә, байқау жоғары деңгейде өтті. Оған ҚР Мәдениет саласының үздігі Тамара Жұмалиева, Маңғыстау облыстық қолөнер шеберлері одағының президенті Әуес Сағынаева, қолөнер шеберлері Шархат Төлемісова, Медина Орынбасарқызы, Роза Әлиева мен Астанадан келген "Абысын-ажын" байқауының негізін қалаушы Айнұр Жүгінісовалар қазылық етті.

Дода нәтижесінде жылыойлық шеберге ұлттық өнер жанашыры Сәуле Халелқызының тағайындаған арнайы жүлдесі бұйырды. Қатысушыларға қонақжай Ақтау халқының жергілікті халқы сый-сияпат ұсынып, сайыс соңы қазақтың қарапайым тойына ұласты. Үлкендер шашу шашып, шебер жандар қошемет астында қалды. Бірі қатысушы анасына шетелге жолдама сыйласа, бірі ақшалай шашуын берді. Ал сайыстың алғашқы орындары маңғаз маңғыстаулықтардың қанжығасында қалды. Байқау жөнінде Ақтау қаласына Қызылордадан арнайы келген қатысушы Гүлнәр Анапияеваның да пікірін білдік. Ол ұйымдастырушылардың қуана қарсы алғанын жеткізіп:

-Бәрі керемет өтті. Маңғыстаулықтар жақсы күтіп алды. Келгеніме өкінбеймін. Өзім кішкентай кезімнен осы өнермен айналысатын едім. Талай жүлде алып та жүрмін. Оның бірі – жақында өткен Өскемен қаласындағы алаша тоқушылардың байқауы. Жалпы мамандығым мұғалім ғой. Бірақ ұлттық өнерге деген махаббаттың да сөнгенін қаламаймын. Ауылымызда өзімнің шәкірттерім де бар. Үйренемін деген жан болса білгеніммен бөлісуге әрқашан дайынмын,-дейді өз сөзінде. Конкурс соңында екі ай бойы өрмек тоқып, қорытынды іс-шараға, яғни Маңғыстауға жиналған шеберлер ашық теңізде шоу өткізді. Олар өз туындыларын кемеге жайып, Каспий теңізі үстінде ән салып видео-түсірілім жасады. Ұйымдастырушылардың сөзінше, бұл дәстүр жалғасын тауып, 22 маусым күні республикалық «Шархаттың шашақтары» атты байқауымен толыға түсетін болады.

Диана ІЗБАСАРҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT