Ақынын ардақтайтын ауыл

Ақынын ардақтайтын ауыл
Фото: автордыкі

Қол бұлғар арман сұлу алыс қырдан,

Әлеумет, өздеріңе таныс тұлғам.

Кеудемде қызу барда шабыт беріп,

Замана қатарыммен жарыстырған.

Пәк өлең, айналайын тұнық өлең,

Сенімен биіктеймін, іріленем.

Аңсаған арман әнін ғашықтардай,

Мен сенің қадіріңді біліп өлем!-деген ақынның шырайлы шумақтарымен «Жалындап өткен жас ғұмыр» атты еске алу кешін ашқан №17 мектептің қазақ тілі пәні мұғалімі Дәулет Мәдиев жиналғандарды басқосудың мән-мағынасымен молынан хабардар етті.

-Ақкиізтоғай топырағынан қанат қаққан, туғанына 70 жыл толып отырған Аман Жәңкеев есімі оқырмандарға жақсы мәлім. Ол Қазақ Мемлекеттік университетін тәмамдаған соң Жылыойдың қоғамдық-бұқаралық жұмыстарына белсене араласты. Селолық кеңес төрағасы, аудандық саяси-ағарту кабинеті меңгерушісі секілді басқа да қызметтерді абыройлы атқарды. Қай қиырда жүрсе де өлеңге деген құштар көңілін суытқан жоқ. Қысқа ғұмыр сүрсе де соңына сыр тұнған сындарлы дүниелерді қалдырды.

Іс-шараға аталған мектептің ұстаздары мен шәкірттері белсенділікпен қатысты. Ақынның «Жүрек үні», «Көңіл-күй», «Арман», «Балалық», «Өлең құсым», «Қол бұлғар», «Жақсылардың ізімен» деген жырларын оқыған М.Тимурұлы, Г.Құсайын, С.Серікқызы, А.Мүтайыр, А.Есмұратова, Н.Амандық, А.Жұпқалиға қошеметпен қол соғылды. Ә.Қалиев, С.Жаңай, А.Алмасқызы орындаған күй-термелер домбыраның сүйемелдеуімен өте сәтті шықты.

-Мен Аманның шығармашылық жолымен етене таныспын. Оның совхозаралық айтыстарға қатысып, ағыл-тегіл ақтарылғанын да талай көрдім. Екі жыр кітабын өшпейтін мұра ретінде ұғынамын. Нағашылы-жиенді байланысымыз әзіл-қалжыңға емес, көбіне әдебиет жөніндегі ой-пікірлермен сабақтасатын. Аманның біраз өлеңдерін жатқа айтамын, -деді мал дәрігері С.Биманова.

Бұдан кейінгі сөзді жалғастырған ауыл әкімі Нұржарық Сауытов ақынның көзін көріп және атқарған істеріне куә болғанын, өмірден өткен белгілі тұлғаларды ұлығылаудың жас ұрпаққа берер ұлағатын тебірене айтты. Сонымен қатар ұстаз Н.Мизамбайұлы арнау өлеңімен жұрт назарын аударса, ҚР Құрметті журналисі, Жылыой, Мақат аудандарының Құрметті Азаматы Әбдіхалық Сисенбердиев селолық округ әкімі аппаратына, мектеп ұжымына ризашылығын білдірді. №9 кітапхана меңгерушісі К.Кенжебекова ақын кітаптарына шолу жасады, бейнебаян көрсетілді.

Иә, ақынын ардақтай білетін майкөмгендіктер Аманның жырларын тебірене оқып, ақиығын осылайша сағынышпен еске алды.

М.ҚОЖАҒҰЛОВА, Майкөмген ауылы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT