Ақынын ардақтаған ауыл

«Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы». Ұлы Абайдың осы бір ауыз сөзі өлеңнің құдіретіне дәл анықтама беріп тұрғандай. Ендеше, оның киесі қонған жанды жұртының құрметтеуі өте орынды. Шоқпартоғай ауылдық мәдениет үйінде өткен «Ауылым – бесігімді тербеткен ел» атты әдемі кеш – соның айғағы. Өңірге танымал ақын Айбек Қалмағанбетовпен болған кездесуге аудан қаламгерлері, ізгі жақындары, достары, ауыл әкімі Ерболат Елеусінов, барша жырсүйер қауым қатысты.

Поэзиялық жүздесудің басы Айбек Кенесарыұлының өмірі мен шығармашылық жолына шолу жасаумен басталды. Ақын 1967 жылғы қаңтардың 28-жұлдызында Шоқпартоғай ауылында дүниеге келген. Жыр әлеміне кештеу келген ақынның «Бақыт мекені», «Кең Жылой», «Әкеме ескерткіш», «Досыма хат», «Аппақ әлем», «Сағынсаң мені» атты жыр жинақтары жарық көрді.

Қаламгермен жыр айдынында қатар жүзген арқалы ақын Бүркіт Базарбаев, журналист Қаржаубай Сұлтанғалиевтер жүрекжарды жылы лебізімен кеш бағдарламасын жалғап әкетті. Ақын жайлы мағыналы әңгімеден кейін Аманғазы Сәліштің қазақтың қоңыр домбырасымен күмбірлеткен «Жұмыр қылыш» күйі көпшіліктің көңіл көкжиегін бір кеңейтіп тастады.

Иә, ақын Айбек Қалмағанбетов поэзия әлеміне кештеу келген. Ол өз сөзінде:

-Мектеп қабырғасынан бастап өнерге жақын болып, домбырамен ән айтуды жаным сүйді. Институт қабырғасында жүрсем де, өлеңді тастамадым. Өлең жайшылықта тумайды. Өлең үлкен бір тебіреністен, толғаныстан туады. Өлең маған өзі келді, - деді.

Өмір жолында «Зоотехник», «Жер асты кенін барлау», «Экономика және басқару» мамандықтарын қатар иеленген ақын шығармашылықтан алыстап кете алмай, қаламын жанына серік еткен. Өз өлеңдерінде жастарды туған жерді сүюге, анаға деген, Отанға деген махаббатты ардақтауға шақырады.

Кештің бел ортасында ақын шығармашылығымен сусындап, қара өлеңнің қадірін білетін бірнеше оқушы Айбек Қалмағанбетовтің сиясы кеппеген жаңа өлеңдерін мәнерлеп оқып, қалың көрерменнің ықыласына бөленді. Көңілі көтерілген ақын жүргізушінің қойған әр сұрағына өлеңмен жауап беріп, ең алғашқы жазған өлеңдерін еске түсіріп, шабытты шақтарын, жадында қалған қызықты сұхбаттарымен бөлісті. Отты жырларымен өлең әлеміндегі өзіндік дара жолын қалыптастырған ақынның ең алғашқы жыр жинағы – «Бақыт мекені» болып жарық көрді.

Әсерлі кештің соңында ақын шығармашылығын құрмет тұтқан ауылдағы құрдастары ақынға тұлпар мінгізді.

Иә, ақынын ардақтаған ауыл осындай болса керек. Бүгінде жүрегінен жарып шыққан өрелі өлеңдері қаншама жүректерді толғандырды. Өзінен бұрын өлеңінің биікке шығып, қанатын кеңге жайғанын қалап тұратын ақын үшін өз туындыларының оқырман көңілінен шығуы аса маңызды. Бұл ретте қара сөздің қадірін білетін елі барда ақын шығармашылығы мәңгі өлмек емес.

Д.Ізбасарқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT