Ақынның айшықты сәті

Көкейінде көктеген әр сөзін терең оймен ұштастырып, жалпақ әлемді жыр-дариясымен әлдилеген белгілі ақын, бірнеше кітаптың авторы, ҚР Журналистер одағының мүшесі, «Кең Жылой» газетінің бас редакторы Ербол Қошақановпен болған жүздесу оқырмандар көңіліне жақсы әсер сыйлады.

Ербол Бисекенұлы биыл еңселі 50 жасқа толды. Бұл есте қаларлық датаға орай ұйымдастырылған «Қаламгер-руханият шырақшысы» атты кездесу кешінде жас ұрпақтың әдебиет пен өнерге деген құмар-құштарлығы одан әрі өрістеп, кітап, газет-журналды, өлең-жырды оқуға ынта-ықыласы үдей түскенін көріп, жанымыз жадырады. Оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Айгүл Амантайқызының ақынның өмірі, шығармашылығы мен жетістіктері туралы дерек-дәйегін ұйып тыңдаған көпшіліктің одан әрі ду қол шапалақтауы жыр аңсаған жүректерді толқыта түсті.

Кеш барысында №20 мектеп оқушылары Төлеміс Гүлім, Елтай Медина, Айлин Ерсайынқызы, Үмбет Сағадат, Әлібек Ақылбекұлы, Сая Сәндібай Е.Қошақановтың «Көкөністер айтысы» шығармасынан көрініс ұсынып, №9 мектеп оқушылары Нұрлан Данияр, Шоқан Арыстанбеков, Ерболат Інжу, Құндыз Жігерқызы, Раяна Ақылбекқызы,Тұрлан Жаңыл, Төреғали Аяулым, Диана Қамидолла, Атырау Ақтілек, Бохай Жеткізген «Нұрлы сәт», «Көктем келді», «Ата мен ана», «Өтірік өлең», «Туған жер», «Тұрғызба», «Тілшілік тіршілік», «Туған жерім – төрім менің» туындыларын мәнерлеп оқыды. Бұдан әрі ортаға шыққан №2 лицей шәкірттері Мағжан Жолдас, Берекет Базарбай, Орысбай Ибрахим, Аманқос Нұрдәулет, Сағын Оразалы, Мақсат Ибрахим, Расул Абдурахимұлы, Дамир Нұрланұлы, Мұхаммед Нұрбайұлы да оқырмандарға өнердегі талпынысын паш етті. Ал, осы лицейдің 8-сынып оқушысы Арыстан Саламатов ақын ағасына арнаған өлеңін оқып берді. №5 мектеп оқушылары Ержан Қолғанат «Еркесылқым» күйін, Айзере Садыққызы «Мерекем», Қазақ соқырлар қоғамының мүшесі Мансұр Ысқақов «Жылыойға сәлем», «Ағаларым» әндерін шалқыта орындады.

Кеш үстінде ақын Ербол Қошақанов өзінің туған жер туралы жырларын тебірене оқыды. «Өміріңізде таңғажайып сәттер болды ма?», «Қазақ ақындарынан кімге еліктейсіз, кімді оқисыз?», «Өзіңіздің бойыңыздағы қай қасиетті жақсы көресіз?», «Сіздің жолыңызды қуған балаларыңыз бар ма?», «Үш жұртыңыз туралы айтып берсеңіз» деген секілді оқырмандар сауалдарына жауап берді. Сөз арасында ақын-журналист ретінде балалар мен жасөспірімдерді газет-журнал мен кітапты көп оқуға, әсіресе классик ақын-жазушылардың шығармашылығын зерттеп, еңбектерінен рухани қуат алуға шақырды.

Іс-шараға қатысқан Е.Жанаев, Б.Базарбаев, С.Садықов, Қ.Қалдыоразов, М.Әминұлы, Ә.Сисенбердиев және басқа да қаламгерлер кеш қонағына ізгі тілегін арнады. Ақынның анасы Алмажай Ерғалиева, іні-келін, қыздары кітапхана ұжымына, барша тілеулес жандарға ақ ниетін білдірді. Кітапхана басшысы Балзия Кенжебекова Е.Қошақановқа ақжарма алғысын айтып, сый-сияпатын ұсынды.

Мазмұнды басқосу аудандық орталық және балалар кітапханалары мамандарының күшімен атқарылды. Өңірдін әдеби-мәдени өмірінде өзгеге ұқсамайтын өзіндік өрнегімен ерте танылған ақынның тыныс-толғанысын әсте қаперінен қағыс қалдырмаған қалың жұрттың қаламгерге деген қолдау-қошеметін көріп, зор ризашылықпен тарқастық.

Әбдіхалық Жаңкейұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT