Менің Аманқос Ершуовпен алғаш кездесуім 1960 жылы болатын. Алғаш оқу жылы басталған кез еді. Сол жылдары А.А.Жданов атындағы пансионда жатып оқитынмын. Сабақ басталғасын біздің 10 класқа оқу үшін Аманқос келді. Онда пансионнан орын болмаған соң, Ақош деген туысының үйінде жатып оқуына тура келді.
Бұл Аманқос Назарұлының алғашқы өлеңдері аудандық «Ембі» («Кең Жылой») газетіне шыға бастаған кезі болатын. Содан аздап хабардар едік. Біз алғаш көріскеннен жақсы танысып, жақындасып кеттік. Ол кезде мектептің директоры облысқа, ауданға белгілі ақын Жанаш Нұрмұханов. Ағай бізге қазақ әдебиетінен де дәріс берді. Осы кісінің арқасы болуы керек, Нұрдәулет Ақназаров, Аманқос Жариев, Боранбай Жанетовтер да ептеп өлең жаза бастады. Оныншы класты аяқтауға жақын қалғанда бәрімізді аудандық комсомол ұйымы мектепті бітіргеннен кейін совхозға барып екі жылға үндеу көтеруге шақырып, үгіттеді. Балалар бірауыздан келісім берді. Ішінде тек мен ғана мұнайшы отбасынан шыққасын қарсылық білдіріп едім. Менен басқасының барлығы ауылдың балалары еді, амалсыз келісуге тура келді. Үндеу көтеріліп, ол «Лениншіл жас» газетіне шықты. Сол үндеумен қоса Аманқос Ершуовтың «Аттестатпен тау бұзам» деген өлеңі бірге жарық көрді. Міне, сол 1960 жылдан бері Аманқос кластасымның қаншама том-том жинақтары жарық көріп, аты республикаға танылып, арқалы ақын атанды.
Ақ бұлттар, ала бұлттар, қара бұлттар,
Қарасаң аспанда да алалық бар.
Біреуде жас та болса даналық бар,
Біреуде қарт та болса, шалалық бар,-деген алғашқы жазған өлеңінің өзі Аманқостың ұшқыр ойының жемісі деп білемін.
Біз жеті ұл, жеті қыз бірге оқып, алтын ұямыздан қанаттанған едік. Мектеп бітіру кешінде Жанаш ағайдың айтқан сөзі әлі есімде: «Бұл балалардың көбі Ұлы отан соғысы кезінде дүниеге келгендер еді. Аттарынан белгілі: Аманқос, Амандық, Аманғали, Амангелді, Жеңіс боп келеді» дегені. Расында да солай еді.
Аманқостың әкесі бар кезінде бірге барып, қонақ болып, үйінен дәм де татқанмын. Аманқос та біздің ауылда әлденеше рет болды. Оқтай зулап уақыт та өте шықты. Бірақ, тірлікте Аманқоспен арамыз ажыраған емес. Менің 60-70-ке толған мерейтойымда Шамсия екеуміздің қасымызға құда бала-құдаша болып Аманқос пен Алтын отырды. Менің тұңғыш шыққан «Сезім бұлағы» кітабыма алғысөзді Аманқостың өзі жазды. Мен Аманқос арқылы әдебиет зерттеуші ғалым Қабиболла Сыдиықов пен ақиық ақын Меңдекеш Сатыбалдиевпен таныстым.
Міне, енді қаламдас, қимас дос Аманқос пен Алтынның дүниеден өтіп, ақынның 80 жасқа толғанын артындағы ұрпақтары, ел-жұрты айрықша атап өтті. Меніңше, Аманқос Ершуовты мәңгі есте қалдыру үшін ескерткіш орнатып, көшеге атын берсе де, артықтық етпейді. Әрине, ол – келер күннің еншісіндегі мәселе.
Амандық САСАЕВ, ақын, ардагер-мұнайшы