Өткен ғасырдың сексенінші жылдарында Совет Одағы басшылығы әбден қартайған, әлжуаз шалдардан тұратын. Олар қоғам өміріне оң өзгеріс, тосын жаңалық алып келуге қауқарсыз болды. Мемлекеттік деңгейдегі барлық сала толыққанды тоқырауға ұшырады. Бұл жағдай күйрек көңіл иелерін сана дағдарысына алып келді. Оның басты көрінісі жауапкершіліктің жоқтығы еді. «Әй, Көксері...» Бірақ қалам қайраткерлері арманның ақжал арғымағын қаңтарып қоя алмады. Соныға соқпақ, түнекке сәуле жүгірткен көзі ашық, сөзі анық екпінді толқын ретінде уақыттың қабағына қарап қалмады. Дегенмен мезгіл дерті оларды да орағытып өтпеді. Әсіресе, арақ деген сездірмей сілейтетін удың сойқаны талай даусыз дарындардың тағдырын талқандап тынды. Осы кезде «Ембі» («Кең Жылой») аудандық газетіне әдеби қызметкер болып келген едім. Бота тірсек, бозбала күндегі арманыма алқына жеткенімді ашып айтуым керек. Алғашқы күндері сол кездегі «Лениншіл жас» газетінің үтіріне дейін оқып үйренген үлгілі шәкірттік үмітімнің аптаға жетпей тасқа түскен пиаладай күлпаршасы шыққанын да жасыра алмаймын. Шеңберден шығуға, шектен алуға болмайды екен. Тек қана өндірістік тақырыпқа өндірте қалам сілтейтін Қаржау Оразбаев қана өзі қазық қаққан айлақта орайын келтіре ойқастайтын. Басқалары өз деңгейіндегі дарын иелері қаламдарын қаңтарып қоймаса да, ақиқатын айту керек, мұратына үйлеспейтін, мақсатына сәйкеспейтін іске көшіп, аптасына үш рет жарыққа шығатын газет бетін толтыруды үйреніпті. Дегенмен, ұжым ұйымшыл болатын. Біз бір бөлмеде бөлім меңгерушісі Қонаш Қалдыоразұлы, фототілші Бисенбай Бигелдиев үшеуіміз отырамыз. Қарсыда алпысты алқымдаса да паңдық пен парасаттың салмағын тең артқан Жәрдем Тайыпов, Қаржау Оразбаев пен қозы қарнын қолымен демеп қойып, тұңғиық қара судай тұнық көздерімен сүзіле қарайтын Қуаныш Ержанов орналасқан құбақан құжыра. Аяқ бассаң едені сыңсып қоя беретін ескі кеңсе бұрын мұнай мекемесінің еншісінде болыпты. Көрші бөлме бізден гөрі көңілдірек. Адам аяғы арылмайды. Себебі, редакциядан жалақы алып, аптасына екі рет хабар тарататын радиоторап редакторы Қуаныш ағамның танысы көп. Тіпті, ол іссапарға шықса да біз секілді әлдекімге ілеспейді, аудандағы жалғыз іргелі автобазаның атышулы «көк қасқасын» мініп барады. Мен секілді бозөкпелер оған қызыға қараймыз, әрине, қызғана қарайтындар да бар. Сиыр сәскеде уәделесіп қойғандай бәріміз түгел көтеріле кеңсе алдында шылым шегуге шығамыз. Жұмысшыларды жабдықтау бөлімі қоймашысынан жалынып жүріп, атан түйе қалағандай сатып алған қызыл құйрықты ернімізге қыстырамыз. - Көксері, - Қуаныш ағам маған ерекше елжірей қарап қалыпты. - Бізде кәсіподаққа мүшелікке қабылдайтын ереже бар. Сен содан өтуге асықпай жүрсің-ау, - деді әңгімесінің соңғы буынына екпін салып. Мен түкке түсінбедім. Сөйтсем, қызметке кіріскенімді ұжымдастарыма жуып жіберуім керек екен. Түсқайта қалтамның түбін қақшып, дүкенге жүгірдім. Сырт көзге байқатпай екі бөтелке орыс арағын алып келіп, Бисенбайдың фотосурет шығаратын, басқа адам да, бастық та бас сұғуға болмайтын қараңғы бөлмесіне тығып қойдым. Кешкісін аузы ашық ағайын боп, маған ақ баталарын беріп, қызара бөртіп тарастық. Қуаныш ағам ашулану дегенді білмейтін ақ еден адам болып шықты. Ауыр денесіне қарамай жеңіл қозғалады. Ұшы бұйраланып тұратын қою қара шашын шалқасынан бір сілкіп тастап, балпаң басып асықпай келе жатады. – Әй, Көксері,-дейді көзі түскенде. - Өлең жазып жүрсің бе? Бұл газеттің жұмысы сені жеп қоятын шығар. Мені күтіп тұрған болашақ тағдырыма қынжылыс білдіргендей, қинала басын шайқайды. Ол әмбебап тілші еді. Тақырып таңдамайтын, бап талғамайтын, отыра қалса жапырып жазып тастайтын. Бұл кезде сапа екінші орында тұратын. Алдымен жоспар... Сол Совет Одағының да түбіне жеткен жоспар... Қуаныш ағам басшымен де, қосшымен де қатарындай еркін сөйлесетін. Адам жатырқамайтын, негізі жүзі де жылы жан. Бірде мекеме жетекшісі Мұңал Далбаев Әзірбайжанның Ақдәм қаласына демалысқа баратын болып, кезектен тыс жиналыс өткізді. Өзі жоқта атқарылуға тиісті жұмыстардың нобайымен таныстырып, орынбасары Сапарбек Сәрсенов пен жауапты хатшы Болат Дәулетовке негізгі ауыртпалықты артып, бәрімізге қарап:
- Ал, қандай бұйымтайларыңыз бар? Қандай базарлық ала келейін?-деді.
Сонда Қуаныш ағам жұлып алғандай:
- Маған бір кәністір «Ақдәм» шарабын ала келіңізші,- дегені.
Шыбынның ұшқаны естілетін тыныштық орнады. Редактор да дәл осындайды күтпесе керек, сәл абдырап қалды. Көпті көрген аққаптал ғой:
- Орындауға тырысамын, - деді баяу ғана. Араға ай салып демалысқа кеткен басшымыз аман-есен ауылға оралды. Тағы да бас қостық. Орта көрген, одақтық Орталық комитет хатшысымен шай ішкен Мұңал Далбаев қарауындағы қызметкерлерін жарылқап тастады. Маған әдемі қалам бұйырды. Сол кезде дүние дегенің қасқалдақтың қанындай қат болатын. Бір мезгілде терезеге қарап, жабырқап отырған Қуанышқа көзі түсіп:
- Сенің тапсырмаңды орындауға мүмкіндік болмады, бірақ «Ақдәм» шарабының қалай дайындалатынын айтып берейін, түсқайта кіріп шығарсың,- деді.
Кейін бір үзілісте Қуаныш ағамыз бастығының «Ақдәм» туралы әпсанасын бізге әдемілеп жеткізді. Содан сол шарапты ауызға алмай кеттік. Ақырғы сапар Тоқырау жылдары, дегенмен, әлі де сөз қадірін бағалайтын халық үшін тілшілердің беделі зор болатын. Ал, газетке сын мақала жарық көрсе сол мекемеде бомба жарылды деп есептеңіз. Басшылары да, қосшылары да абыройына нұқсан келгендей айналадан қысылып-қымтырылып бітеді. Міндетті түрде олқылықтың орнын толтыру бағытындағы жұмыстар туралы жауап хат жазады. Ол жарияланады. Бәріміз де бұл қызметке өлең жазу арқылы келгенбіз. Қуаныш ағамыздың «Ақ жауын жауған айлар» атты топтамасын оқығанмын. Қазір толықтай жадымда жоқ. Ала жаздай аспаннан тамшы тамбай дертті жандай саржамбас болып жатқан сартал даланың кенезесі кеуіп, кеберсіген ерні ылғал аңсап қана қоймай, кірлеп кеткен тәнін жуатын, жанын тазартатын жауын аңсауы сол кездегі қоғамдық құрылыстағы келеңсіздікке де келетін еді. Зәуде дәруіштің құжырасындай мәдениет үйінің құбақан бөлмесінде жиналып барып, жыр кештерін өткіземіз. Қуаныш ағамыз міндетті түрде «Ақ жауынын» оқиды. Содан соң жан досы, бел құрдасы әнші, сазгер Амангелді Орақов екеуінің құшақтасып, орталыққа қарай кетіп бара жатқанын көресің. Ол отызды орталағанда қалайда бір шатырхат қажеттігін сезіп, жоғары оқу орнына құжат тапсырып, қабылданды. Қоңылтақсып жүрген көңілі көтеріліп, жазуды да үдетіп, төңірегіне тұңғиық жанарын төңкеріп, мейірлене қарайтын болған. Мен Қуаныш ағаммен тонның ішкі бауырындай жақын араласа алмадым. Ол менен тура он жас үлкен болатын, әңгіме онда емес, ортақ тақырып жоқ еді. Желтоқсан айының соңғы онкүндігінде ол оқуға жүретінін мәлімдеді. Өзі атқарып жүрген қызмет аптасына екі рет радиохабарын тарату міндетін маған жүктеуге мүдделі екенін білдірді. Түске дейін Қазақстан компартиясы аудандық комитетінің үгіт және насихат бөлімінің меңгерушісі Өтеп Құмарғалиевтың алдынан өттік. Үтірге дейін тексеретін қазымыр кісі еді. Менің иығымды жаба құлаған шашым ұнамай, ескерту алдым. Екі қатарлы еңселі ғимарат алдында шылым шегіп тұрып: - Қуаныш аға, неге орныңызға мені таңдадыңыз? – дедім.
Ол маған баяу бұрылды.
- Мүмкін, осы қызмет саған бұйырып тұрған шығар, - деді де көзін бұрып әкетті.
Бұл біздің соңғы тіл қатысуымыз еді. ... Түн ортасында әлдекім есік қақты. Бөлім меңгерушісі Қонаш Қалдыоразұлы абыржулы күйде табалдырықтан аттады. Аяқта байпақ, үстінде тон, баста тымақ, әлдеқайда жол тартып бара жатқандай. Аптығын басып, көңілін демдеп алды да: - Қуаныш ағаң қайтыс болды. Болатжолдың бойынан сүйегі табылыпты. Кеңсеге жиналып, үйіне кіріп шығамыз, - деді. Аңтарылып қалыппын. Үш күндей бұрын қолын алып, қоштасқанмын. «Неге?», «қалай?» қат-қабат сауал санамды тілгілеп жатыр. «Мүмкін, осы қызмет саған бұйырып тұрған шығар»,- деген соңғы сөзі жадымда жаңғыратындай.
Барымды үстіме жапсырып, Қонашқа ердім. Ұжымдастар түгел жиналыпты. Өзімізше мәшура өткіздік. Сүйекті алып келуге Мақат кентіне мен баратын болдым. Бас тарта алмадым. ... Оны ақырғы сапарға аттандыруға ауданның атқамінерлері түгел қатысты. Алдыңғы қатарда бірінші хатшы Беркін Ізтілеуов, екінші хатшы Мира Петровна Завершинская, үшінші хатшы Болат Ниязғалиев, аудандық атқару комитетінің төрайымы Милләт Сабырова өз орынбасарларымен, күрделі жұмыс атқаратын іргелі кәсіпорын жетекшілері келе жатты. Қатардағы қарапайым тілшіге деген осындай құрметтің одан кейін куәсі болмаппын. Бұл, алдымен, адамға деген құрмет еді. Ол тоқыраудың құрбаны болатын. Мен онда Мәскеу олимпиадасы кезінде В.Высоцкийдің оқыстан өмірден озып, оны ақырғы сапарға аттандырарда көшедегі адам ағысынан жол қозғалысы тоқтап, осы көріністі қызмет бөлмесінің терезесінен қарап тұрған қалалық Жазушылар Одағының басшысы, белгілі қаламгер Юрий Трифоновтың «Енді В.Высоцкийден кейін өлудің өзі қиындап кетті»,-дегенін қаламгерлер арасында қанатты сөзге айналған лепесін білмейтін едім.
Қуаныш Ержанов – аудандық деңгейдегі қатардағы қарапайым баспасөз қызметкерінің де ақырғы сапары маған солай әсер еткен. Ұзақ уақыт ұмыта алмай жүрдім. Мен сол Мақат сапарынан ауырып келдім. Алғашқы айларда ұйықтай алмай жүрдім. Түс көріп, бастырылып жатамын. Әлдебір көмескі елестердің арасынан Қуаныш ағамды көремін. Кейін бәрі қалыпқа келді. Ешкімнің бетіне жел болып тимеген жібек мінез жігіт екен ғой. «Әй, Көксері»,- дейтін көңілі соққанда. Тауыңды шақпайтын, тауаныңды қайтармайтын. Өзі үшін өлең жазды, ұрпағы үшін өмір сүрді. Бірақ, мәресіне жете алмады. Арманда кеткен айбоз ғой. Үнемі ақ жауын аңсайтын жүрегі бейуақытта соғысын тоқтатты. Оқыс оқиға, тосын жағдай. Жазмыш! Өмірден озғанда ол отыз алты жаста екен. Мен үлкен кісі көретін едім. 1982 жылдың алғашқы айы еді. Пейіште нұры шалқығай жайсаң жан, жақсы азаматтың!
Бүркіт Базарбаев,
ақын, ардагер журналист
Құлсары қаласы