Атыраудан ақжолтай хабар жетті. Дәстүрлі әншілердің облыстық байқауында жылыойлықтар топ жарып, ару Ақ Жайықтың көгінде әуелеген әсем әндерін самғатты. Ауданымызға танымал әнші Нұргүл Жұмағалиева бірінші орынды қанжығасына байласа, Әсет Дүйсембайұлы мен Айбек Қабыланбеков Алғыс хатпен марапатталды.
Иә, өткен аптада Н.Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясының ұйымдастыруымен алғаш рет Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғарифолла Құрманғалиевтің 115 жылдығына арналған "Алаштан ән оздырған..." атты облыстық байқау өткен еді. Ғарифолла Құрманғалиев - Мұхиттың шәкірттері Шынтас пен Шайқыдан дәріс алған елге еңбегі сіңген қайраткер, әнші (тенор). Ол Е. Брусиловскийдің «Ер Тарғын», «Айман-Шолпан», «Қыз Жібек», Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара», А. Жұбанов пен Л. Хамидидің «Абай» операларында күрделі партиялар мен рөлдерді ойнады.
Тұңғыш рет ұйымдастырылған облыстық байқауда 13 әнші бақ сынады. Гүлмайдан Сүндетова, Эльза Қарабалина, Манарбек Дәулетов, Ақкенже Шаужанова, Жасұлан Базарбаев сынды Атырау жұртшылығына аты таныс музыка саласының майталмандары қара қылды қақ жарып, қазылық етті. Екі кезеңнен тұрған сайысқа 45 жасқа дейінгі әншілер қатысты. Алғашқы кезеңде үміткерлер үш әнді орындаса, екінші айналымда қос дәстүрлі шығарманы нақышына келтіре жеткізді.
Қазылардың шешіміне сәйкес бас жүлдені индерлік Самал Өмірзақова алса, Тоқсанбай Құлтумиев атындағы Құлсары балалар саз мектебінің мұғалімі Нұргүл Жұмағалиева I орынды жеңіп алды. Жерлесіміз бірінші кезеңде Мұхит Мерәліұлының «Ақ иіс», Ғ.Құрманғалиевтің «Әнші дауысы», Е.Мағазовтың «Қазақ жігіттері» шығармаларын шырқаса, екінші айналымда Мұхит Мерәліұлының «Жантелімі» мен халық әні «Желкілдекті» жүрекке жеткізе білді. Жеңістен кейінгі әсерімен бөліскен Нұргүл Серікқызы:
- Жарыс өте жоғары деңгейде өтті. Кілең «сен тұр, мен атайын» деген жүйріктер. Көптен бері конкурсқа қатыспап едім. Соңғы рет 2019 жылы сынға түстім. Дегенмен, асығым алшысынан түсіп, олжалы қайттым. Барлық ұйымдастырушыларға шексіз алғысымды айтамын,-деді өз сөзінде.
Нұргүл Жұмағалиева – бала кезінен дәстүрлі ән мен домбыраға жаны жақын өскен жан. Бұрынғы бала арманы бүгінгі жеңісіне әкелді десек те артық айтқандық болмас. Жылыой жері қашанда ақын мен әншіге толы. Оның ішінде дәстүрлі әншілердің бағасы биік. Бұрынғылардың ізгі жолын жалғаған Нұргүл Серікқызы бұл байрақты бәсекеде өзінің мықтылығын дәлелдеп, көрермен қауымның ыстық ықыласына бөленді. Барлық жерлестерімізді марапатымен құттықтап, алдағы уақытта да Жылыойдың намысын абыроймен қорғай беруіне тілектеспіз.
Е.АЛТАЙҰЛЫ